COVID-19 

 Індетпен күресте алдыңғы шепте жүр

Еліміз пандемиямен бетпе-бет келген алғашқы күндерден бастап Семей медициналық университетінің жетекші мамандары қауіпті вируспен күреске барлық білімі мен тәжірибесін жұмсады. Аймақтағы ең ірі көпсалалы клиника – университет госпиталінің қолда бар ресурстары толықтай пайдаланылды.

Бүгінде «Семей медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының университет госпиталі аймақтағы ең ірі медициналық мекеменің бірі саналады. Мұнда ересектер мен балаларға амбулаториялық-емханалық көмек шеңберінде сәулелік диагностика мен зертханалық зерттеулердің, сондай-ақ консультациялық-диагностикалық қызметтердің барлық түрі көрсетіледі. Атап айтқанда, аурухана мамандары халыққа акушерлік және гинекология, жұқпалы аурулар, кардиология, ревматология, гастроэнтерология, нефрология, пульмонология, эндокринология,  аллергология мен иммунология сияқты басқа да салаларда консультациялық-диагностикалық көмек беруге дайын. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде тұрғындарға стационарлық емдеу-алдын алу және аурудан кейінгі оңалту бағыттарында қажетті көмектің барлығы көрсетіледі. Жалпы, биылғы пандемия кезінде «СМУ» КеАҚ ауруханасы мүмкіндіктерінің зор екенін тағы бір мәрте дәлелдей алды. Медициналық мекеме коронавируспен күреске айтарлықтай үлесін қосты.

Университет ауруханасының дәрігер-эпидемиологы Балжан Олжаева бұл жұмыстың қалай жүргізілгенін жақсы біледі.

– Коронавирустық инфекция бүкіл қоғам үшін ауыр соққы болғаны сөзсіз. Сол себепті, бізге еліміздегі өзге медициналық мекемелері сияқты бас көтермей еңбек етуге тура келді. Негізі, Мемлекет басшысының ел көлемінде төтенше жағдай режимін енгізу туралы Жарлығы жариялана салысымен, ауруханамызда облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар негізінде Covid-19 белгілері бар науқастарға арналған қосымша реанимация төсектері әзірленіп қойған-ды. Пандемияның алғашқы күндерінен-ақ мекемеде төрт қабылдау және сұрыптау сүзгісі, сондай-ақ екі провизорлық бөлім жұмыс істей бастады. Соған қарамастан, университет госпиталі уақытша стационар мәртебесіне ие болмағанын ескеру қажет, – дейді Балжан Олжаева.

Оның айтуынша, университет ауруханасында көрсетілетін медициналық көмектің ерекшеліктерін ескере отырып, пандемиямен күресу бойынша қабылданған шаралар шеңберінде орталықтың патологоанатомиялық корпусында «лас» деген шартты атауға ие болған екі аймақ ұйымдастырылыпты. Сонымен қатар, аурухана тыныс алу аппараттарымен, дәрі-дәрмектермен, медициналық және медициналық емес заттармен, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген екен.

Пандемияның ең ушыққан кезінде барлық медициналық мекеме күш-жігерін жаңа вируспен күреске жұмылдырған-ды. Күндізгі стационар жұмысы уақытша тоқтатылып, ересектер мен балалар ауруханасының барлық бөлімшелеріне Covid-19 ауруын жұқтырған науқастарды жатқызу жоспарланыпты. Ал пациенттерді емдеуге тікелей қатыспаған қызметкерлер түгелдей қашықтан жұмыс істеу әдісіне көшірілген.

– Осындай жағдайда күзге дейін жұмыс істеуімізге тура келді. Ал қыркүйектен бастап біз барлық карантиндік шараларды сақтай отырып, қалыпты жұмыс кестесіне қайта оралдық. Сонымен қатар әр аптаның дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері ауруханамыз жедел коронарлық синдром бойынша шұғыл медициналық мекемеге айналады. Сол сияқты, әр айда сегіз тәулік бойы біздегі шұғыл хирургиялық көмек бөлімшесі мен балалар травматологиялық орталығы үздіксіз жұмыс істейді. Яғни, жедел жәрдем арқылы осындай аурулармен түскен науқастардың барлығы бізге жіберіледі. Сонымен бірге, жедел медициналық жәрдем стансасының базасында провизорлық аурухана құрыла салысымен, біз оның барлық міндетін өз мойнымызға алдық. Осы ретте, әсіресе, кардиологиялық бөлімше мамандарына артылған жүк ауыр болып тұрғанын айту керек, – деп мәлім етті Балжан Олжаева.

Университеттік госпитальді қайта жарақтандырумен қатар, қызметкерлерге пандемия кезіндегі эпидемиология, диагностика, клиника және персоналдың қауіпсіздік шараларына қатысты дәрістер оқылды. Стационарлық бөлімшелердің барлық қызметкеріне эпидемияға қарсы іс-шаралар кезінде I-II типті қорғаныш костюмдері мен жеке қорғаныш құралдарын кию және шешудің алгоритмі үйретіліп, тиісті нұсқаулықтар берілді.

– Біз университеттің барлық кафедрасымен тығыз байланыстамыз, каскадтық принцип бойынша кадрларды үздіксіз дайындау мәселесіне ерекше мән берудеміз. Бұл – өте маңызды жайт, себебі аталған вирус туралы мәліметтер үнемі өзгеріп, жаңарып отырады. Коронавирустық инфекцияның алдын алуда және оны емдеуде тың алгоритмдер мен соны тәсілдер пайда болуда. Осының арқасында госпитальде Covid-19-дың белгілері бар науқастарға арналған маршрут жасалып, енгізілді, – деп атап өтті эпидемиолог маман. – Барлық бөлімшемізде Covid-19 індетіне шалдығуы мүмкін науқастарды ПТР нәтижесі шыққанға дейін эпидемияға қарсы режимді сақтай отырып оқшаулауға бағытталған жұмыстар жүргізілуде, арнайы төсек-орындар дайындалған. Егер де науқаста Covid-19 диагнозы расталса, ол жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылады. Ең бастысы, жедел медициналық көмекке мұқтаж жандарды университет ауруханасына қабылдау кезінде барлық эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады. Науқастарды қабылдау оқшауланған бөлмеде жеке қорғаныс құралдарын қолдана отырып жүргізіледі. Пациенттің Covid-19 індетіне шалдыққаны анықталса, медициналық көмек көрсетуге қатысқан қызметкерлер үй карантинінде оқшауланады. Егер тест нәтижесі оң болса, қызметкер жұмыстан уақытша шеттетіліп, емделуге жіберіледі. Ал тест нәтижесі теріс болған жағдайда, қызметкер өзінің міндеттерін орындауды жалғастыра береді, тек 14 күн дәрігердің бақылауында болады.

Осыған орай, бүгінге дейін университет госпиталінің көптеген қызметкері тікелей «қызыл» аймақтарда жұмыс істеп үлгергенін атап өткен орынды.

– Рас, әріптестеріміздің бірталайы «қызыл» аймақтарда жұмыс істеді және қазіргі уақытта да жұмыс істеуде. Бірақ жоғарыдан қызметкерлерді жұқпалы аурулар ауруханаларына жіберу туралы ешқандай бұйрық келген жоқ, бұл әр маманның жеке бастамасы екенін атап өткім келеді, – дейді Балжан Олжаева. – Өкінішке қарай, вируспен күресте бізде де орны толмас шығындар болды. Қатерлі індетпен күресте гастроэнтеролог Нұргүл Баркибаева, жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, ангиохирург, кардиохирург Бекжан Буланов сияқты әріптестерімізден айрылып қалдық. Бұл бәріміз үшін, денсаулық сақтау жүйесі үшін ауыр соққы болғаны сөзсіз. Соған қарамастан, әріптестеріміз вируспен күресуден тайынған емес, бұл іске бар күш-жігері мен қарым-қабілетін сарп етуде.

Айта кетейік, артынша марқұм Нұргүл Баркибаева мен Бекжан Буланов коронавирустық инфекциямен күреске қосқан үлестері үшін мемлекеттік наградалармен марапатталыпты. Сол сияқты, университет ауруханасының өзге де қызметкерлерінің еңбегі еленген-ді.

Бір қуантарлығы, соңғы бірнеше күнде университет ауруханасында коронавирустық инфекцияны жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелмепті. Университет госпиталінің дәрігер-эпидемиологы Балжан Олжаева мұны жақсылыққа балап отыр.

Флора Левина

Семей.

Осы айдарда

Back to top button