Індет жұқтырғандар азайып келеді
Облыс орталығында соңғы тәулікте коронавирус індетінің 55 ошағы анықталып, ковидті жұқтырғандармен байланыста болған 101 адам белгілі болды. Қазір өңірде барлығы 1847 індет ошағы бақылауға алынып, байланыста болған 4483 тұрғын оқшауланған, олардың барлығы дәрігерлердің назарында.
Брифингте осындай мәліметтер келтірген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ли оқшаулау орталығының оңды жұмысының, тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық сақтық шараларын сақтауының және азаматтық позицияларының нәтижесінде облыста індеттің азайғанын айтты. Өңірде COVID-19-дың репродуктивті көрсеткіші 0,92 пайыз, ал республикалық көрсеткіш – 0,98 пайыз. Спикердің сөзіне қарағанда, облыста пандемия басталғалы 17 234 науқас тіркелген. Олардың басым бөлігі Өскемен мен Семей қалаларының үлесінде болса, ең төменгі көрсеткіш Абай ауданында – 97 пациент, Үржар ауданында 117 науқас анықталған.
Брифингте Владимир Ли сонымен қатар медицина қызметкерлері тарапынан келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Бұған дейін Катонқарағай аудандық ауруханасының медбикесі әлеуметтік желіде пост жариялап, пандемия кезіндегі өздерінің қызметтеріне қатысты өзекті мәселелерді көтерген болатын.
– Маусым-шілде айларында вирусты пневмониямен ауырған медициналық қызметкерлердің өтемақыға тапсырған құжаттары неге тексерусіз қалды?
– Аймақтық комиссияға өтемақы төлеуге қатысты барлығы 747 құжат келіп түскен. Комиссия олардың 631-ін мақұлдап, медицина қызметкерлері тиесілі өтемақыларын алды. 116 құжатты аймақтық комиссия қабылдамаған, өйткені ол құжаттар не уақытында жіберілмеген не болмаса дұрыс рәсімделмеген. 2020 жылдың 20 қазанынан бастап Денсаулық сақтау министрі мен Әлеуметтік қорғау министрінің коронавирус дертімен күреске тартылған, індетті жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу туралы бірлескен бұйрығы өз күшін жойды, – деді Владимир Ли.
– Аурухана бухгалтерінің инфекциялық стационарда санитар болып жұмыс істеуі қаншалықты дұрыс? Тәжірибесі жоқ медбикелердің (ине сала алмайтын), созылмалы аурулары бар қызметкерлердің КВИ бөлімшесінде жұмыс істеуіне бола ма?
– Әрине, бухгалтер мен санитардың функционалды қызметтері әртүрлі. Қазір кейбір стационарлық бөлімшелерде осындай келеңсіздіктер орын алғаны бізге белгілі. Олардың барлығында қызметтік тексерулер жүргізіледі. Алдағы уақытта осындай жағдайлар орын алмас үшін «қызыл аймақтары» бар медицина ұйымдарына тұрақты негізде жұмыс істейтін арнайы комиссия құру тапсырылды. Бұл комиссия ковидпен жұмысқа жіберілетін қызметкерлердің біліктілігін тексереді. Медицина қызметкерлерінің барлық ем-шараларды істей алатындары туралы сертификаттары болуы керек. Созылмалы аурулары бар медицина қызметкерлерінен жазбаша келісім болуы шарт. Оларға инфекциялық стационарда жұмыс істеудің қатерлері ескертілуі тиіс. Шешімді қызметкердің өзі қабылдайды, – деп жауап берді Владимир Ли.
Айна Ескенқызы