Өндірістік жарақаттарды қайтсек азайтамыз?
Өңірде ағымдағы жылдың тоғыз айында орын алған өндірістік жарақаттар, соның ішінде адам өліміне әкеліп соқтырған жағдайлар көрсеткіші артып кеткен.
Соған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев облыстың жұмыс берушілерімен өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын төмендету жайын талқылаған онлайн-кеңес өткізді.
Онда қатысушылар еңбекті қорғау тиімділігін арттыру бойынша пікір, тәжірибе және ұсыныстарымен алмасты.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұлов кәсіби тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйесін енгізу үшін еліміздің 2,6 мыңнан астам ірі кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізгенін айтты. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысының үлесіне осы кәсіпорындардың оннан бір бөлігі – 251 кәсіпорын тиесілі.
Бұдан басқа, өңірде жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жай-күйін тексеру және олар бойынша іс-шаралар кешенін одан әрі жүргізу үшін 346 өндірістік нысан аттестатталған, бұл – басқа облыстар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Төлеген Оспанқұлов айтқандай, ағымдағы жылдың 9 айында еліміздің кәсіпорындарында 1023 адам зардап шеккен, бұл 943 адам зардап шеккен 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5%-ға жоғары. Ал жұмыс орнында жазатайым оқиғалар кезінде қаза тапқандар саны 144 адамды құрап, өткен жылға қарағанда 29,7%-ға артып кеткен (111 адам).
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында зардап шеккендердің саны 137-ден 135 адамға дейін азайған, алайда адам өлімімен аяқталған зардап шеккендердің саны 2,7 есеге артып, 19 адамды құрап отыр.
Жиында облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов өндірістік жарақат алу себептеріне талдау жасап, мұндай жағдайларды зерттейтін сараптама кеңестерін құру маңыздылығына тоқталды.
– Біз 313 тексеру жүргізу барысында 1200 бұзушылықты анықтап, тиісті ұйғарымдар жіберіп, айыппұлдар салдық. Жақында Президент өндірістерге халықтық бақылауды енгізу жайын тағы да айтқан болатын. Бұл мәселемен тұрақты айналысудамыз, – деді ол.
Ал «Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Темірбек Қасымжановтың айтуынша, өңірде еңбекті қорғау және қауіпсіздік бойынша 1945 техникалық инспектор бар. Олар тексеру барысында 20 мыңнан аса бұзушылықты анықтап, кемшіліктерді түпкілікті жойған.
Жиын барысында облыстағы «Казцинк», «Машзавод», «Фирма Азия», «Востокцветмет» және «К-Дорстрой» АҚ филиалы секілді ірі кәсіпорындар өкілдерінің де есебі тыңдалды.
Бұл ретте Төлеген Оспанқұлов қауіпсіз еңбек жағдайларына жұмыс берушілер ғана емес, сондай-ақ қызметкерлер де немқұрайды қарайтынын баса айтты.
– Жыл соңына дейін 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасын орындау бойынша жұмысты күшейту, жұмыста жазатайым оқиғалар орын алған әрбір кәсіпорында еңбек жағдайларын жақсарту және өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу және бекіту қажет деп санаймын. Сондай-ақ өндірістік кәсіпорындарда кәсіптік қауіп-қатерді бағалауды тұрақты өткізіп, оны азайту бойынша шаралар қабылдау қажет, – деді кеңесті қорытындылаған Ербол Нұрғалиев.
Сондай-ақ ол «Халықтық бақылау» жобасын және «Vizion Zero» халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының тұжырымдамасын енгізуді ұсынды.
Дәурен Аллабергенұлы