Экономика

Өндіріс қарқыны бәсеңдеген емес

Шығысқа жұмыс сапарымен келген еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге бірқатар өндірістік нысанда болып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысты. Облыстағы инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік даму бағдарламаларының жүзеге асырылу барысын тексерді.

Сондай жобаның бірі деп Өскемен – Талдықорған бағытындағы автомобиль жолының құрылысын айтуға болады. Облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге құрылыс барысын тексерген Үкімет басшысы мердігерлерге бұл бағыттағы жұмыстың қарқынын күшейтуге тапсырды. Айта кетейік, Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстары орталықтарының арасын жалғайтын жаңа жолдың ұзындығы 768 шақырымды құрамақ.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айуынша, бұл жол қайта жаңғыртудан немесе жөндеуден өтпеген, керісінше, ең заманауи технологиялар қолданыла отырып, мүлдем жаңа автомобиль магистралінің құрылысы жүргізіліпті.

Құрылысшылар аталмыш жолдағы қозғалысты осы жылдың соңына дейін ашуды жоспарлап отыр.  Сонымен қатар қазір Қалбатау – Майқапшағай тасжолы да жөнделу үстінде. Мамандар ұзындығы 415 шақырымды құрайтын трасса жыл соңына дейін пайдалауға берілетініне сендіруде.

Облысымызға сапары аясында ел Премьер-Министрі Асқар Мамин Аягөз ауданаралық ауруханасына да ат басын тіреп, медициналық нысанда атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көріп қайтты.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы Аягөз аудандық ауруханасы базасында алғашқы аудандық екінші деңгейлі инсульттық орталық ашылған болатын. Орталық жұмысын бастағалы бері науқастар арасындағы өлім жағдайы азайған. Мұнда келушілер жаңа құрылғылардың көмегімен емделеді. Дәрігерлердің жаңа буыны компьютерлік томографияның көмегімен инсульттың нақты себептерін анықтай алады. Бұдан бөлек, Аягөз ауруханасы базасында кардиологиялық орталық та құрылды. Бүгінде мұндағы дәрігерлер кардиологиялық патологиясы бар науқастарды емдеуді бастап кеткен. Осы ретте орталық Аягөз, сондай-ақ көршілес Үржар мен Жарма аудандарының жалпы саны 200 мыңға жуық тұрғынына арнайы медициналық көмек көрсететінін айтқан абзал.

Облысымызға сапарын Өскеменде жалғастырған Үкімет басшысы алдымен «Шығыс-Сүт» кәсіпорнына барды. Айта кетейік, аталмыш компания 20 жылдан астам уақыт бойы сүт және сүт өнімдерін өндірумен айналысып келеді. Бүгінде кәсіпорын 80 түрлі тауар өндіреді.

– Шығыс-Сүт» кәсіпорнына барған Үкімет басшысы облыстағы сүт өндірісін дамыту жобасын қолдады. Бұл ретте айта кетейін, шығысқазақстандық кәсіпорындардың өнімдері тек елімізге ғана танымал емес. Мәселен, «Шығыс-Сүт» компаниясы соңғы 10 жылда Ресейдегі барлық байқауларда топ жарып, бас жүлдені иеленіп келеді, – деп жазды облыс әкімі facebook-тегі парақшасында.

Бұдан соң Премьер-Министр Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежіндегі қосымша корпустың жұмысымен танысты. Мұнда спортшылар толыққанды жаттығудан өте алады. Жоғары деңгейдегі түрлі жарыстар өткізуге де мүмкіндік бар. Манеж барлық халықаралық стандартқа сай жабдықталғанын айтқан жөн.

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мәлім еткендей, Өскемендегі жеңіл атлетика манежіне бас сұққан Еуропадан келген жаттықтырушы-кеңесшілер мұндай нысанның бірде-бір аналогы жоқ екенін айтыпты.

Ел Премьер-Министрі Шығыс Қазақстандағы ең ірі электротехникалық жабдық өндіретін кәсіпорынның жұмысшыларымен де кездесті. Дәлірек айтсақ, Өскеменде орналасқан «Кэмонт» кәсіпорнындағы әңгіме мемлекеттік қолдау жайында өрбіді. Бүгінде компания заманауи сандық қосалқы станциялар мен басқа да жабдықтар шығарумен айналысады. Кәсіпорын Schneider Electric, Siemens, ABB сынды ірі серіктестіктермен жұмыс істейтінін айту керек. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қолдауымен отандық өнім шығаратын кәсіпорын ірі инвестициялық жобаларды қолға алып, импорттық құралдардың орнын алмастыруға көшкен.

Мемлекеттің көмегі кәсіпорынға тек республика аумағына ғана емес, ЕАЭО елдерінің нарықтарына шығуға да кепілдік беретін офф-тейк келісімшарттарды жасасуға аса қажет. Кәсіпорында өткен кездесу барысында «Кэмонт» басшылығы Премьер-Министрге компания ірі экспорттаушы болуға дайын екенін жеткізді.

Ал бекіре балығын өсіретін «Ost Fish» кәсіпорнында Асқар Маминге осы тұқымды балық уылдырығын өндірудің технологиялық үдерісі көрсетілді.

Айта кетейік, компания жыл сайынғы жобалық қуатын 45 тонна бекіре тұқымдас балық пен төрт тоннаға дейін қара уылдырық өндіруге бағыттап отыр.

– Пандемия кезінде бұл кәсіпорындардың барлығы өндіріс қарқынын төмендетпей, жұмыс орындарын сақтап қалды, – деп мәлім етті аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button