Назарбаев зияткерлік мектебі Марқакөлге «көшіп» келді

Назарбаев зияткерлік мектебі Шалғайдағы Марқакөл ауылында ел мен жұртты елеңдетіп, өңірді ерекше бір дүбірге бөлеген айтулы мереке өтті. Бұл Өскемен қаласындағы Назарбев зияткерлік мектебі ұйымдастырған «Қолдайық ауыл мектебін!» атты әлеуметтік акция болатын.
Осы науқанды өткізіп, оның барысында Марқакөл ауылындағы №1 орта мектепке әдістемелік көмек көрсетуді жоспарлағанұжымның құрамында 21 мұғалім, төрт оқушы бар-тын. Осы сапарда ұстаздар білгендерін бөлісіп, ауыл мектебін алға жетелеуді мұрат тұтып, ал дарынды жеткіншектер өздерінің өнерлерін ортаға салуды межелеген екен.
Бұл тың әрі қызықты шараға қатысу үшін Марқа өңіріндегі 17 орта және негізгі орта мектептің директорлары, олардың орынбасарлары мен пән мұғалімдері әдейілеп ат сабылтып жетті. Сондай-ақ аудандық білім бөлімі осы келелі жиынға шағын жинақты мектептер бойынша әдіскер Ләззат Қамзина бастаған құрамында бастауыш сыныптар бойынша әдіскер С.Бұлжанова, алғашқы әскери дайындық бойынша әдіскер Н.Жанбосынов, бас маман Б.Қапасов бар жауапты делегацияны аттандырған болатын. Жиналысты ашқан №1 Марқакөл орта мектебінің директоры Лаура Кемешова қонақтарды таныстыра келе, алғашқы сөзді Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры К.Райысоваға берді.
– Біз жеңіл жол іздесек, жақын жердегі Ұлан ауданының бір мектебіне барып, шаруаны шаршамай-ақ бітіре салған болар едік, – деп бастады сөзін Күлфарида Бабағұмарқызы. – Біз өйтпедік, паром жүрмей қалғандықтан, Көкпекті, Зайсан аудандары арқылы айналма жолмен 640 шақырымды артқа тастап, шаршап-шалдықсақ та бөгелмей, өздеріңізді әдейі іздеп келдік. Бұл – сіздерге көрсеткен құрметіміз, себебі сіздер қиян шетте жолдың қиындығы мен өңірдегі толғақты мәселелердің көптігіне қарамастан туған жерден табан аудармай, ата мекенді тоздырмай, қарапайым да қажырлы тірлік кешіп, туған өлкенің түтінін түзу шығарып отырсыздар. Енді сіздер біздің мақтаулы мектебіміздің бір бөлшегі осында деп есептеңіздер. Мектебімізде сіздерден тәлім алған, тәрбие көрген көптеген балалар оқиды, соларға қарап отырып, біз өздеріңіздей талапты да дарынды ұстаздардың барына, олардың жас буынға тиянақты білім беріп жатқанына қуанамыз. Сол үшін өздеріңізге бас иеміз!
Биыл Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының құрылғанына 10 жыл толады. Ал біздің Өскемендегі мектебіміздің ашылғанына сегіз жыл болды. Мен осы білім ордасы ашылғаннан бері басшылық жасап келемін. Оқушыларымыз орасан табыстарға, жетістіктерге қол жеткізуде. Бір мысал айтайын, осы жылғы сәуір айында әлемдегі ең көне, деңгейі ең биік жоғары оқу орындарының бірі Ұлыбританиядағы Кембридж университетінде Назарбаев зияткерлік мектебінің күндері өтті. Сонда ол жердегі профессорлар біздің оқушыларымыздың білімдерін бірауыздан мойындап, оларға берілетін аттестаттардың халықаралық деңгейдегі құжат болатынын баса айтумен болды. Бұл бағаның мектептерімізге жоғары бедел әпергенін атап айтқан жөн. Бізде қазіргі кезде 630 оқушы білім алуда, ал оларға білім беріп жатқан 120 мұғалімнің барлығы дерлік – ауылдан шыққан, ауыл мектептерінде дәріс берген ұстаздар.

38 принтер мен кітаптар тарту етті
Осыдан соң К.Райысова жанындағы ұстаздармен таныстырып, соңынан олармен бірге келген талапты шәкірттер ән айтып, би билеп, күй шертіп дегендей жұртты тамашаға кенелтті. Бұдан кейін өскемендік директор өздерінің шалғайдағы Марқакөл мектебіне ала келген сый-сияпаттарын тарту етті. Марқакөл мектебіне алдымен Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ойлап тапқан жоғары деңгейлі 3D принтері табыс етілді. Бұдан соң мектеп кітапханасына «Book crossing» (қыдырмашы кітап) акциясы барысында оқушылар мен мұғалімдер жазған, сондай-ақ осы іргелі ұйымның қызметкерлері жинаған мол кітап қоры сыйға тартылды. Ал мектеп жанында оранжерея жасау үшін қажетті өскемендік мектепте өсірілген бөлме гүлдері салынған 100 құтының марқакөлдіктерді шынайы қуанышқа бөлегені рас. Бұдан басқа, фетрден жасалған аумағы 2×3 метрлік «Оқу. Іздену. Талаптану» деген жазуы бар тәрбие жұмысы туралы мағлұматтарға арналған жұмсақ стенд табысталып, соңынан ауыл ұландарына таптырмайтын бес футбол, бес волейбол, бес баскетбол добы тарту етілді.
Осыдан соң сөз алған білім бөлімінің әдіскері Л.Қамзина аудан көлеміндегі білім ошақтарының жай-күйіне шолу жасап, осындағы ағарту саласының жағдайымен егжей-тегжейлі таныстырып өтті. Сөзінің соңында ол жердің шалғайлығына қарамастан ат басын шеткері ауылға арнайы келіп тіреген қонақтарға шын жүректен шыққан алғысын жолдады.
Осы шаралардың барлығы өз ретін тапқаннан кейін, әдейілеп келген пән мұғалімдері сыныптарға бөлініп, шеберлік сағаттарын өткізуге кірісті. Бұл сағаттарда кең қамтылған бағдарлама бойынша ауыл мектебі оқушыларының білімдерін саралап, олардың білім жетістіктерін критериалды бағалауға баса мән берілген еді. Мұның өзі қалалық ұстаздар мен жергілікті шәкірттердің емен-жарқын пікірлесіп, көңілдегі көп ойды бүкпестен ортаға сала отырып, пән мәселелерін бүге-шігесіне дейін талқылаған аса бір әсерлі кездесу болғаны шындық.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы