«Назарбаев» қалай дүниеге келді?

Аты айтып тұрғандай, бұл айдармен әртүрлі жағдайда, әр кезеңде таспаға түсірілген, қоғамның назарын аударған бірегей фотосуреттерді жариялап, оған қатысты қысқаша ақпарат ұсынатын боламыз. Жобаның тұсауын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың фотосуретімен кесуді жөн көрдік.
Бұл тарихи фотоны Армения президентінің жеке фотографы Давид Акопян былтыр Сочиде өткен ТМД елдері көшбасшыларының Саммитінде түсірген-ді. Ғаламторды шарлап, әлеуметтік желіде қызу талқыланған ғажайып туындының қалай дүниеге келгені туралы автордың өзі Қазақстанға келген сапарында айтып берген.
– Жалпы мен фотоға түсіргенде ең әуелі кадрдың фонына, жарыққа мән беремін. Бастапқыда дәл осылай өз елімнің президентін түсірмек болдым. Елу шақты фотограф лауазымды тұлғалардың есіктен кіруін тапжылмай күтіп тұрғанбыз. Осы сәтте төбеден түскен сәуле мен айналадағы көлеңкені сәтті пайдалану қажеттігін ойладым. Сөйттім де ортаға қарай ығысып, өз президентімнің жарық түскен жерден өтуін күттім. Алайда ең бірінші болып Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кіріп келе жатты. Мен дереу фотоаппараттың түймесін басып қалдым. Сол сәтте шамамен 10-15-тей кадр түсіріп үлгердім. Бірақ бұл фотосурет көпшілікті қызықтыратын ғажап туындыға айналады деп ойламаған едім. Нұрсұлтан Назарбаевтың көзқарасындағы сенімділік пен әр қадамын нық басқан жүрісі кадрдың шығуына әсер еткені анық. Оның өткір жанары, ақсақалға тән байыпты, ең басытысы өзіне деген сенімділік фотосуретте айқын көрініп тұр. Меніңше, кадр керемет шықты! – деп ағынан жарылды Давид Акопян.
Аталған фотосуретке автор «Назарбаев» деген атау беріпті.
Қуан Сейіт