Қоғам

«Нағыз отбасында тәрбиелендім» дейді

«Нағыз отбасында тәрбиелендім» дейді


Руслан Жүнісов. Мәжіліс депутаты Айткүл Смакова Балалар ауылына келгенде, «мен 33 түрлі торт пісіремін, сіз қанша түрін пісіре аласыз?» деп, депутатты шалқасынан түсіре жаздаған бір кездегі бала Руслан – осы. Қазір жас жігіт досымен бірігіп Назарбаев университетінде «Дaily cup» кофейнясын ашып алыпты. Аумағы бар болғаны алты шаршы метр шағын аралшық студенттердің ең жиі бас сұғатын орнына айналған.

Русланның бойындағы еңбекқорлыққа, талпынысқа қарадай сүйсінесің. Қай мамандықты қаламасын, оның қыр-сырын толық меңгеріп алады. Алғашқы мамандығы – паркет және шыны жұмыстарының столяр-мастері, колледжді қызыл дипломға аяқтап, бірден 5-разрядты шебер болып шыққан, барлығы 6 разряды бар. Колледжді бітіргенде, оған сонда қалып жұмыс істеуге ұсыныс түседі.

-Мен бас тарттым. Өйткені оқып жүргенде, даяшы болып қосымша табыс тауып жүрдім. Сонда мен бір айда оқытушымыздан әлдеқайда көп алатынмын. Мәселе ақшада емес, еңбегіңнің бағалануында, – дейді Руслан.

Колледждің үшінші курсында бір мезгілде қосымша аспаз-кондитер мамандығын меңгеруді ұйғарады. Оны да ойдағыдай тәмамдап, 4-разрядты кондитер болып шығады, кондитердің шеберлігі 7 разрядпен өлшенеді екен.

Еркіндікті, өз еркімен шешім қабылдауды ұнататын Руслан екінші курстан кейін-ақ жасөспірімдер үйінде тұрудан бас тартып, пәтер жалдап, бөлек тұруға рұқсат алады.

-Осылайша, оқуымды ойдағыдай аяқтап, жұмыс істеп, қалыпты тіршілік басталды. Екі жерде жұмыс ауыстырып, үшіншісіне кірдім. Шыны керек, өмірімнің ешқандай өзгеріссіз, алдын ала жазылып қойғандай сценариймен өрбіп келе жатқанына көңілім толмады. Бір серпілісті қажет еттім. Содан ойламаған жерден бір келеңсіздікке тап болдым да ( бұл жайға кейінірек ораламыз. Авт.), Астанаға бір-ақ тарттым, – деп есіне алады кейіпкерім.

Баристадан менеджерге дейін

Астана Русланды жабырқай қарсы алды. Қос шамаданымен перронда тұрған кезі әлі көз алдында. Қайда барарын, кіммен ақылдасарын білмейді. Ішер асы, жатар орны жоқ. Бар сенгені – қалтасындағы екі ай бойы жинаған ақшалай қоры. Бірлі-жарым көзкөрген таныстарына телефон шалғанымен, олардың көмегі «пәтер тапсыратындар болса, айтамыз» дегеннен аспады.

Екі ай бойы бозбала жат қалада таңертеңнен кешке дейін жұмыс іздейді. Ақыры еті тірі жігіт табандылығының арқасында «Ханшатыр» сауда орталығында австриялық желілік кофе бренді ашқан кофейняға бариста (кофе дайындайтын адам) болып қабылданады. Қағілез жастың бір жыл өтер-өтпестен осы брендтің тағы бір жердегі нүктесіне менеджер болып тағайындалғанына ешқайсыңыз таң ғалмайтын шығарсыз. Біраз жылдан кейін ол нүкте жабылып қалғанда, еңбекқор Русланнан айырылғысы келмеген қожайын оны басқа бір нүктесіне менеджер етіп бекітпекші болады. Бірақ өзі үшін отбасы, кішкентай баласы бар бұрынғы менеджерді жұмыстан босатпақшы екенін естігенде, Руслан бас тартады. Тәжірибесі мол жігітке ойындағыдай жұмысты табу енді қиын емес еді…

Сегіз балалар үйін ауыстырған

Руслан – Өскемен қаласының іргесіндегі Ақмер ауылында орналасқан Балалар ауылының 2007 жылғы түлегі. Ол өзінің шыққан жерін ешкімнен жасырмайды. Бізге де қаз-қалпында әңгімелеп берді.

-Үйден қалай қашып шыққанымыз жадымда жатталып қалыпты. Бар болғаны екі жаста едім, ұмытып қалуым керек қой, бірақ бәрі кешегідей көз алдымда. Ішіп алған әкем сегіз жастағы әпкем Юляны соққының астына алды. Юля мені және қарындасым Фаинаны көтеріп, Алешаны жетектеп, ебін тауып, үйден қашып шықтық. Үйіміз Новаторлар көшесі жағында болған. Көшеде бізді полиция қызметкерлері тоқтатып, мән-жайды білген соң, барлығымызды қабылдағышқа апарды. Сол жерден ағайынды төртеуімізді жан-жақтағы балалар үйіне жіберді. Мен кейін жеке ісімнен оқып-білдім, алты жасымда Риддердегі интернатқа түскенше, сегіз балалар үйін ауыстырыппын. Алешаның қайда екені әлі күнге белгісіз. Юля мен Фаинаны сал ауруына шалдыққан балалар интернатына жіберіпті. Шындығында, екеуінде де бұл аурудың нышаны да жоқ. Алты жастан он жасқа дейін Риддерде тәрбиелендім. Шешемнің шашы қара болғаны ғана есімде қалыпты, қайда екенін білмеймін. Құжат бойынша есімі – Наталья. Ол әкеммен бірге ішкілікке салынған-ды. Кезінде Ресейдің «Жди меня» бағдарламасы арқылы шешем мен Алеша екеуіне іздеу де салдым. Қазақстан бойынша да іздедім. Көші-қон полициясына да жүгіндім. Әзірге ешқандай дерек жоқ. Егер бір кездесуге тағдыр жазса, шешеме бір ғана сұрағым бар: Неге? Неге бізді, шиеттей төрт баласын іздемеген? Ал әкемді бір рет көрдім. Ол мені Балалар ауылына іздеп келді. Түрмеден шыққан беті сияқты. Сөзіміз жараспады. Мен, он жастағы бала, одан талап еттім: егер түрмеге түссең, мені қайтып іздеме. Содан бері он жеті жыл өтті…Өлі-тірісін де білмеймін.

«Нағыз отбасында тәрбиелендім» дейді

Өмірге алған бақытты жолдама

– Төртінші сыныпта оқып жүргенде, Балалар ауылына он баланы іріктеп, бізді бір жылдай дайындады. Қандай тәртіппен іріктегендерін білмеймін. Бір білерім – бұл мен үшін өмірге алған бақытты жолдама болды, – деп жалғастырды Руслан. – Желтоқсан айында келдік. Айнала бойымыздан асатын омбы қар. Маңайда әлі құрылыс жүріп жатыр. Төрт баланы №3 коттеджге әкеліп, бір апаймен «мынау – аналарың Жанар» деп таныстырды. Үлкен қонақ бөлмеге кірсек, кең дастархан жайылып тұр. Үстінде толған дәмді тағам. Жанар анамыз өбектеп, жүгіріп жүр. «Жеңдер, сендер үшін пісірдім ғой» деп алдымызға жылы-жұмсақты итереді. Интернатта мұндайды көрмеген біз шұқып жеп, тартыншақтап отырмыз. …Ал жұп-жұмсақ төсек-орынды, мамық жастықты, жібектей майда жаймаларды айтсаңызшы?! Бейне бір анаңның аялы алақаны аймалап жатқандай сезінесің! Мен әлі күнге жаңа жаймаларды сатып алғанда, сол сәт еріксіз есіме оралады, бойымды дәл сондағыдай қуаныш, қорғаныш сезімі билейді. Бір үйдің баласындай, Жанар анамыздың мейірімін көріп өстік. Айгүл атты қарындасым болды, көркем гимнастикамен айналысуды ұнататын. Мен өзім оның шашын өріп, аяқ-қолдарын созғылап, жаттығуына көмектесетінмін. Валя қарындасымды да көп хабарласпай кетсе, іздеймін. Шынымды айтсам, бірге туған Юля мен Фаинаны дәл осылай сағынбаймын. Бөлек өскен соң, жат болып кетеді екенсің. Көп балалар сол жерде жүргенде, анасының, жалпы балалар ауылының қадірін түсіне бермейді. Мен де қазір шет жақта жүргенде, көп нәрсеге басқаша қараймын. Нағыз отбасында тәрбиеленгенімді енді ұқтым. Өскеменнен кетуіме маған жабылған жала себеп болды. Пәтерде тұрып жатқанда, иесі, сексеннен асқан кейуана «менің ақшамды ұрлады» деп пәле жапқаны. Ол кезде айына 150 мың теңге табыс тауып жүрген мен ол кісінің 20-30 мың зейнетақысын қайтем? Бірге тұрып жатқан қасымдағы жігіттер де маған қарсы куә болған ғой. Сонда маған сенген, қол ұшын берген жалғыз адам – Жанар анам еді. Ақша барда қасымда жүргендердің бірде-біреуі қарасын көрсетпеді. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Бір-екі ай есімді жиған соң, «кетем» деген шешімге келдім. Пойызға шығарып салуға Жанар анашым келді жүгіріп. Мен «келер» деп тосқан жоқ едім… «Мені ұлыммен суретке түсіріп жіберіңізші» деп біреуге айтып жатқанда, тамағыма өксік тығылды, көзімнен еріксіз жас парлады. Туған үйімнен жыраққа кетіп бара жатқанымды, ең жақын адамым, қамқоршым – Жанар анам екенін сол сәтте айқын сезіндім…

Анама шексіз мұхитты көрсеткім келеді

Руслан қазір торттың 150 түрін әзірлейді. Ең сүйіктісі – Жанар анасынан үйренген «муравейник» торты. «Мен тамақ істеп жатқанда, басыңды бір жаққа қисайтып алып, бар қимылымды бақылап тұрушы едің» деп есіне салады екен анасы Жанар. Бүгінде Русланға кафелерден аға менеджер болу туралы ұсыныстар көптеп түсуде. Студенттер арасынан «аралшықтарына» бас-көз бола алатын сенімді бір жастарды тауып, жұмыстың қыр-сырына баулып, соларға жүктеп, сырттай бақылап, өзі басқа жұмысқа ауысуды да ойластырып жүр. Ең бастысы, Жанар анасын теңізді қойып, мұхитқа апаруды армандайды.

«Нағыз отбасында тәрбиелендім» дейді

-Ол кісінің жұмысы қиын. Әр баланың көңілін табу деген оңай емес. Мен өзім-ақ кезінде талай жүйкесін тоздырған шығармын. Жылына екі рет саяхатқа шығамын, алғашқы демалысымды Үнді мұхитында өткізгенбін. Жанар анама «тезірек шетел құжатын әзірлеңізші» деп тапсырдым. Шетсіз-шексіз мұхитты көрсеткім келеді, – дейді Руслан.

ВРЕЗКА:

-Түсінесіз бе, Балалар ауылының артықшылығы неде? Жетім балаларға ананың шынайы мейірімін сезінуге, нағыз отбасының қандай болатынын түсінуге мүмкіндік береді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button