РУХАНИ ЖАҢҒЫРУТарихТәуелсіздік - 30

Наурызды жаңғыртқан Елбасы Жарлығы

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Тарихы тереңде жатқан Наурыз мерекесі қазақ жерінде әрқашан тойланған, алайда бір замандарда халқымыз оны жоғалтып алды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін төл мерекемізді біз қайтадан жаңғырттық. Бұл мереке әр уақытта халқымызда іргесі сөгілмеген бірліктің, еңселі ерліктің, ырыс пен бақ-берекенің мерекесі болып саналатын. Түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет…» – деген еді бір сөзінде.

Наурыз мейрамы – әлемдегі ең көне мерекелердің бірі. Орталық Азия халықтары оны бес мың жыл бойы тойлап келеді. Бабаларымыздан жеткен осы бір байырғы дәстүрді Тұңғыш Президент, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осыдан тұп-тура 30 жыл бұрын өзінің арнайы Жарлығымен елімізде қайта жандандырған еді.

1926 жылдан бастап Кеңес өкіметі ата-бабадан жалғасып келген Наурыз мерекесін тойлауға ескінің сарқыншағы, діни наным-сенімге негізделген деген желеумен қатаң түрде тыйым салған-ды. Десек те, Ұлыстың ұлы күні ел ішінде, әсіресе ауылдық жерлерде ескеріліп, жасырын болса да аталып келді. Тек араға 62 жыл салып, 1988 жылы біршама ұмытылып, жоғалып кете жаздаған мереке Кеңес одағындағы саяси жылымыққа орай жалпыхалықтық мейрам ретінде жаңғырып, оны тойлау дәстүрі қайта жалғаса бастайды.

Жалпы, Наурыз мейрамының халыққа қалай қайтып оралғанын ел әркез есінде ұстағаны жөн. Өйткені ол – ұлт тарихындағы жеңісті сәттердің жарқын белесі. Наурыздың ресми түрде қайта тойлана бастауына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі ерен десек, артық айтқандық болмас.

1988 жылы ақпан айында ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов Наурыз мерекесін қайта тірілтуді өтініп, арнайы хат әзірлеп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбиннің өзіне кіреді. Алайда оның ұсынысы қолдау таппайды. Бұдан соң М.Шаханов сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолығып, мән-жайды айтады.

– Өте дұрыс жасағансың, енді сенің ол хатыңды Колбин бюро мүшелеріне жіберуі тиіс. Көбісі көлеңкесінен үріккендер ғой, қолдай қояды деп ойламаймын. Дегенмен, өзім бар күшімді саламын. Ал сен Колбиннің соңынан қалма. Басқа жазушыларды да, өнер қайраткерлерін де қосып, бірлесіп қимылдаңдар. Мерекені нақ осы биылдан бастап жіберелік. Уақыт тым аз қалды. Колбин келісімін бере қалған жағдайда «Наурызға» қаржы бөлу мәселесі Министрлер кеңесіне келіп тіреледі ғой. Ол жағынан қам жеме. Батыл кірісе бер! – дейді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сөзі Мұхтар Шахановты ерекше қанаттандырады. Айтса айтқандай, 1988 жылдың 11 наурызы күні «Лениншіл жас» газетінде ақын-жазушылар Сырбай Мәуленов, Сафуан Шаймерденов, Сұлтанәлі Балғабаев, Смағұл Елубаев, Құрманғазы Қараманұлы, Серік Асылбеков, Ұлықбек Есдәулетовтің Мұхтар Шахановтың пікірін қуаттаған «Орынды ұсыныс» атты бірлескен хаты жарияланады. Жер-жерден қолдау білдіріп, хат жазған оқырмандар да көп болады.

Десек те, Наурыз мәселесі бюро мүшелерінің талқысына салынған жиында оны тойлауға Нұрсұлтан Назарбаев пен мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібековтен басқасы түгелдей қарсы шыққаның қайтерсіз…

Алайда сол кездегі Үкімет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың абырой-беделі әсер етіп, мысы басқан болар, Наурызды тойлау мәселесінде Колбиннің беті бері қарайды. Бірақ алғашқы Наурыз тойы кешігіп ұйымдастырылған. Өйткені Наурызға бірнеше-ақ күн қалған еді. Ақыры, 1988 жылы 30 наурыз күнi Алматыдағы Горький паркiнде Наурыз мейрамы тойланды. Мерекеге 100 мыңнан астам адам жиналды. Өшкенi жанып, өлгенi тiрiлгендей болған халық жиылмағанда қайтсін?! Атап өтерлігі, Орталық Азия халықтарының ішінде Наурызды тұңғыш қайта жаңғыртқан Қазақ елі болды.

Ал 1991 жылы 15 наурызда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «22 наурыз – көктемгі күн мен түннің теңесу күні халықтық мереке – Наурыз мейрамы болып жариялансын деп», – арнайы Жарлық шығарды. Осы Жарлықтан соң мемлекеттік мәртебеге ие болған Наурыз мерекесі бүкіл ел болып тойланды. Халықтың қуанышында шек болмады. Елбасына алғыстарын да айтып жатты. Міне, содан бері 30 жыл дүбірлі мерекемізді қарсы алып келеміз. Наурыз қоғамдағы береке мен бірлік, тұрақтылық пен келісім секілді құндылықтардың нығаюына өз септігін тигізуде.

ЮНЕСКО 2009 жылы Наурыз мейрамын «адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы» тізіміне енгізсе, 2010 жылы Біріккен ұлттар ұйымының 64-ші қарарына сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық наурыз мерекесі күні» болып бекітілді. Осы жылдан бастап Наурыз елімізде үш күнге созылған ерекше мейрам ретінде атап өтілетін болды.

Әзірлеген – Ержан Әбіш

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button