СұхбатТОП

–Наурызда алаңға ІТ киіз үй құрсам деймін

Кәсіпкер нәрінбек Хабиұлы

Бүгінгі таңда шағын бизнестің тізгінін қолға алып, тіршіліктің тетігін тауып жүргендердің қатары аз болса да бар. Солардың бірі – «Өрнек Өскемен» шеберханасы арқылы жалпақ жұрттың жеті атасын түгендеп, шежіресін тарқатып жүрген жас кәсіпкер,  IT маманы Нәрінбек Хабиұлы. Бір емес, бірнеше шағын бизнестің кілтін тапқан кәсіпкермен сұхбаттасып, ұлттық нақышта жасап жатқан бұйымдарын көріп қайттық.

– Сіздің «Өрнек Өскемен» шеберханаңыздан шыққан шежірені біраз шаңырақтың төрінен көріп қалдық?

– Жалпы біздің жұрт текті ұрпақ тәрбиелеуді мақсат ететіні байырғы баба ғұрыптан белгілі. Халық арасында «жеті атасын білмеген жетесіз» деген сынды ой саларлық мақал-мәтелдер де баршылық. Сондай-ақ соңғы кезде ұлттық құндылыққа көбірек мән беретін болды. Сондықтан да біз экономикалық та, рухани да пайда әкелетін кәсіптің көзін қарастырдық. Осы мақсатта «Өрнек Өскемен» шеберханасын ашып жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жерде жеті ата шежіресінен өзге де дүниелер жасаймыз. Мысалға, қазақы нақышта киім ілгіш, қыздардың косметика салатын қорабы деген сияқты. Төрде ілулі тұратын Құран кітаптың сыртқы қорабын да сәндеп ағаштан жасап қойдық. Тапсырысқа қарай жасай береміз.

– Шағын кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалардың пайдасын көре алдыңыздар ма?

– Әрине, өткен 2021 жылы 5 миллион теңгенің грантын ұтып алдық. Ол жерде мен киіз үй жасап сатуды негізгі жоспарға алдым. Жобамда үш үлкен станок сатып алуды көрсеттім. Сол жерде маған олар: – Бұл бизнесің жаздың үш айында ғана жүреді, басқа уақытта пайда жоқ ғой? – деп қарсылық білдірді. Мен оларға осы үш станок арқылы он бизнес жасайтынымды айттым және дәлелдеп көрсеттім. Сіз жоғарыда сөз еткен «Өрнек Өскемен» соның біреуі ғана. Киіз үйді үлкен цехта жасап жатырмыз. Ал тағы бір жерде темір қақпалар жасап жатырмыз. Оларға да ою-өрнек салып ұлттық нақышта жасаймыз. Жалпы станоктарымыз бір күн де тоқтап тұрмайды. Болмағанда орындық, мангал, тағы да басқа тұрмысқа қажетті дүниелерді жасап сатуға шығарамыз.

IT киіз үйді алаңға тіксек дейміз

– Қазіргі таңда киіз үйдің қаншалықты қажеті бар деп ойлайсыз?

– Қажетіңе жарата білсең, пайдасыз дүние болмайды. Шығыс Қазақстан облысының табиғаты туризмге сұранып тұрған өлке ғой. Неге қазақтың киіз үйін туризмді дамытуға пайдаланбасқа. Әрине, қойшының қосындай қылып емес, заманауи талапқа сай жабдықтап, ыңғайлы етіп жасап жатырмыз. Шығыстың табиғаты ылғалды болғандықтан ағаш киіз үйдің уық, кереге, шаңырағы тез майысып кетеді. Сондықтан да біз металдан жасауды қолға алдық. Екі адам құрастыра алатындай оңай әрі жеңіл етіп жасадық. Ал сыртқы жабдығын бұрынғыдай шүберек пен киізден арнайы шеберлерге тіктіреміз. Ішкі жабдығын сәнді етіп жасап, әртүрлі жарық шамдар арқылы әрлемекпіз.

– IT киіз үй дейсіз ғой?

–Иә, заман талабына сай жабдықталған IT киіз үй деуге болады. Көшпенді бабамыздан қалған киіз үйдің танымы мен тарихы тереңде екенін білесіз. Киіз үйдің әр жабдығының беретін терең мазмұны мен мәні бар. Шаңырақтың күн пішінді болуы, керегенің тор көз, жел көз, азат көз деп бөлінуінің де өзіндік сырлары бар. Осындай дүниелердің барлығын заманауи шырақтар арқылы мазмұнын ашып көрсетеміз. Мұндай киіз үйдің біреуін жасап болып қалдық. Алдағы уақытта арнайы таныстырылымы болады. Егер әкімдік рұқсат берсе, орталық алаңға IT киіз үйді наурыздың басында құрып қойсақ деп отырмыз. Жаңа жылда шырша бір ай тұрады ғой, наурызда неге қазақтың киіз үйі бір ай алаңда тұрмасқа. Дәл осындай киіз үйді қаладағы және ауылдағы әр қазақ неге үйінің қасына тігіп қойып, шаңыраққа қарап шалқайып жатпасқа?! Қазірдің өзінде 7-8 киіз үйдің тапсырысын қабылдадық. Алдағы уақытта да сұраныс болатыны анық.

– Бұдан өзге қандай шаруамен айналысасыз?

– Мен өз басым интернет пен IT технологияның тетігін, пайдасын көріп келе жатқан адаммын. Бұл бағытта білімім, диплом, сертификаттарым бар. Компьютер жөндеумен және камера орнатып, интернет желісін тартумен айналысамын. Біраз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан NAIZACOM.KZ атты сайтымыз және компаниямыз бар. Рейтинг бойынша Қазақстанда ең жоғары орындағы сайт. Алдағы уақытта іздеу тетіктері мен ілмектерін Google және Яндекс бағдарламаларымен байланыстырып жатырмыз. Ол үшін Мәскеудегі IT-программист мамандармен келісімшарт жасап қойдық. Бұл ісіміз жүзеге асса, сайтымыздың мүмкіндігі тіптен арта түспек. Камера қою, интернет орнату, компьютер жөндеуге қатысты тапсырыстарды осы сайт арқылы қабылдап отырмыз.

Марғұлан Сейсембайға 2 миллион теңге төледім

– Бизнеске қалай бет бұрдыңыз?

– Мен университетте оқып жүріп қосымша жұмыс істедім. Соның арқасында оқу бітіре салып, өзім оқыған С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне жұмысқа орналастым. Сол оқу орнының бүкіл интернет жүйесін 5-6 жігіт жасап шықтық. Кейін мектепте жұмыс істедім. Қосымша компьютер жөндеумен айналыстым. Осылайша, тәжірибе жинап, нақты практикадан өттім. Кейін үйреніп-білгенімді, мүмкіндігімді бизнеске айналдыру керектігін түсіндім.

–  Түсіндіңіз де, бірден бизнес бастап кеттіңіз бе?

– Жоқ, алғашында камера орнату, компьютер жөндеу сияқты шағын кәсібімді бір офис жалға алып бастадым. Табысым күнделікті күн көрісімнен әрі аспады. Ең бастысы, бос уақыт көп, еркіндік бар дегендей. Алайда кең көлемді айналымға келтіре алмадым. Содан бір күні бизнес тренерлерден сабақ алуды жөн көрдім. Сөйтіп, Қуаныш Шонбай деген тренерге 500 мыңнан аса қаржы төлеп, бір айлық курсына қатыстым. Алайда 15 күннің ішінде өзіме керегін алып үлгердім. Одан ары оқудың керегі жоқ боп қалды. Өйткені мен өз кәсібіме қажетті дүниені өмірлік тәжірибеде көріп тастаған едім. Одан кейін атақты кәсіпкер Марғұлан Сейсембайға 2 миллион теңге төлеп, бір айлық курсына қатысуға бардым. Оны да 15 күнде аяқтадым. Екеуінің де келген күннің ертеңінде бірден нәтижесін көрдім. Марғұлан Сейсембай жапонның «Кайдзен» экономикалық теориясы негізінде білім берді. Осылайша, уақытты үнемдеп, сапаға көшуді үйретті. Бұрын жұмыс істеу барысында ретсіздіктің кесірінен қаншама уақыт өлтіріп жүргенімді түсіндім. Қазір жұмыс істеуге қолайлылықты бірінші орынға қоятын болдым. Нәтижесінде сапалы жұмыс, табысты бизнеске көштік.

– Сол «кайдзен» жүйесінде жұмыс істеп, сапалы өнім шығара алатын қызметкерлеріңіз бар ма?

– Бар. Қазірдің өзінде 5-6 жұмысшы әжептәуір айлық алып жұмыс істеп отыр. Алдағы уақытта жұмысшылардың санын көбейтпекпіз. Білмегенін үйретеміз, білем деген жастар болса IT саласы бойынша білім беруге дайынбыз. Қазір қаламыздағы екі жоғары оқу орнымен келісімшарт жасап, іс-тәжірибеге студенттер қабылдамақпыз. Кейбір мекемелер сияқты қағазына таңба басып беріп жібере салу үшін емес, нақты үйрету үшін келісім жасадық. Былтыр 4-5 студент келіп үйреніп қайтты. Қазір хабарласып жұмысқа келсек деп жүр. Қағаз жүзінде емес, нақты пркатикалық тұрғыдан маман даярлауға үлес қоссақ деген мақсат бар. Технология тетігін білетін қазақ жастарының саны артса, еліміздің өркендеуіне, экономикалық дамуына үлес қосар еді.

– Мемлекеттен алу ғана емес, беру де басты мақсат дейсіз ғой?

– Әрине! Болмағанда өз білгенімізді жастарға үйретсек артық болмас еді. Былтыр біраз оқушыға IT саласы бойынша білім беріп көрдік. Әжептәуір білім алып қайтты. Биыл облыстық білім басқармасына IT саласы бойынша білім беру, үйрету туралы жоба жасап енгіздік. Егер жобамызды олар түсініп, қабылдаса білек сыбана кіріскелі отырмыз. Үйрететін маман бар. Ол қазіргі жаһандық заманда білім алып жатқан жастарымызға үлкен көмек болар еді. Қолмен ұстап, көзбен көрсететін мүмкіндік бар. Қазір өмір сүрудің тетігі интернетке түгелдей байланып жатқаны айтпаса да түсінікті. Міне, сондықтан осы бағытта жастарымызға қолдау көрсетсек деген мақсат. Жаңалық ашып тастамаса да, ашылған жаңалықпен жұмыс істей білу үшін де бізге қазір білім керек.

–   Рухани қайырымдылық дейсіз ғой?

– Әркім шамасы келгенінше ұлтқа қызмет етеді. Менің мақсатым – білгенімді үйрету. Ал әлеуметтік көмек те көрсетіп жүрміз. Мысалы, онлайн сабақ басталған тұста талай көпбалалы, жоқ-жітік отбасылардың балаларына тегін компьютер тараттық. Бірде қаланың шетіндегі бір үйге жаяулап компьютер алып бардым. Төрт ұлы бар екен. Отбасы жұпыны. Содан маған кетерде үлкені 20 мың теңге берді. Көздеріне қарасам үйренгісі келіп тұрған-ақ балалар. Содан таксиге мың теңге алып, қалғанын қайтарып бердім де, «компьютерді мықты меңгерсеңдер тағы да көмек болады» деп кеттім. Осылайша, өзім жаяу жүрсем де болайын деген балаларға сенім жүктеп, талпыныс бергім келді.

– «Ат аунаған жерде, түк қалар» дейді. Сіздегі бизнестің қоры әкенің дәулеті емес пе?

– Әкеден байлық емес, білім қалды. Жасырары жоқ әкеміз білімі де, байлығы да болған адам. Өз заманында мың қой айдаған, озат малшы болды. Кейін өзі кеткен соң «мал бір жұттық» дегендей түгелдей жұтта қырылып қалды. Әкем Хаби Моңғолияның Ұлы Құрылтайының депутаты, қыр шаруашылығы министрінің озық қызметкері болған. Жалпы атақ пен абыройы жоғары адам еді. Әкеміз бізге байлықты емес, тәрбие мен білімді мұра қылып кетті. Сол тәрбие мен білімді іске жаратып, шамам келгенше табыс тауып жүрмін.

– Сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button