Қоғам

Наурыз жыры

Әз Наурыз, төріме иіліп кір!

Тізбек-тізбек тырнаның әні ұшып,

Сіз деп, біз деп сыйласып сауын ішіп.

Иісінен уланып гүл көктемнің,

Сүйісінен жел кетті жаңылысып.

Ақ көрпесін шешеді қара суым,

Бақ кетпесін деседі бар асылым.

Көз моншағы мөлдіреп, жыламсырап,

Қара жартас, қара тау, қара шыңым.

Ару айдың ұрлап сүйіп аз далабын,

Алтыбақан – жұлдызы боз даланың.

Кемпірқосақ ойнатып қыздың жүзі,

Жасын жыры төгілді боз баланың.

Қотанынан қой қоздап біз қуанып,

Отарынан қара қос жылжып ағып.

Желебесін түйеге мың идіріп,

Желібасын биеге тұндыралық.

Мейіріңе көктемнен құйылып нұр,

Пейіліңе ақ бата үйіліп бір.

Шаңырағым өзіңе сүйініп тұр,

Әз Наурыз, төріме иіліп кір!

Бағжан Елсінбекқызы

 

 

Көктемді күту

Көктем келсе алапқа гүлін алып,

Жақсылыққа балайтын мұны халық.

Анам, шіркін, сақтайтын балама деп

Ең дəмдісін аузынан жырып алып.

Əкем-дағы күтетін Данатайын.

Жан ғой ол жаны ізгі, қарапайым.

Інім де күтіп жүр ме жан əпкесін

Көңіліне жасырып «алақайын»?!

Біздің ауыл сондай-тын. Тыңда, құрбым!

Иісі аңқып тұратын мұнда қырдың.

Ол жақтағы тұлымды намысшылдау,

Ибасы бар кез келген сырғалының.

Бұл қала ма? Жалықтым, бұл қаладан.

(Тағдырымнан тəуліктер жұлмалаған.)

Болар-болмас тірлікке құр алданып,

Ғұмырым Күн бетінде сырғанаған.

Ауылда ма? Ауылда Наурыз келген,

Жылай-жылай қоштасқан қар-мұз Жермен.

Бүлдіршіндер сатпақтар кешіп жүр ғой,

Тəтті-тəтті ғұмырды дəл біз көрген.

Қала. Ымырт. Үйірілсе жаныма мұң,

Бағзы сурет – ауылды сағынамын…

Ұшып барып үстінен түсіп қалсам,

Арылам ғой бəрінен… арыламын!

Дана Исағұлқызы

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button