Денсаулық сақтау

Науқастың өмірін сақтап қалды

Қатерлі ісік ауруының статистикасына сүйенсек, асқазан ісігі таралуы жағынан өңірде бесінші орында тұр. Асқазанның ойық жарасы бар көптеген  науқас ауруға мән бермей, жүре береді. Алайда осындай немқұрайлықтың соңы үлкен қатерге әкеліп соғатынына төмендегі жағдай дәлел. Облыстық онкологиялық орталықтың дәрігерлері  науқастың асқазанындағы ісікті алып тастап, өмірін сақтап қалды. Онкологтардың айтуынша, ісіктің диаметрі шамамен 40 сантиметр,  ал салмағы үш килограмнан асады.

Пациенттің сөзіне сенсек, қатерлі ісіктің ешқандай белгісі білінбеген. Ер адам аудандық ауруханаға асқазанында ауырсыну мен қан кету басталғанда ғана жүгінген.  Жергілікті онкологтар алдын ала қойған асқазан рагы деген диагнозды облыстағы әріптестері де растап, дереу ота жасауға шешім қабылдайды.

– Операция күрделі болды әрі бірнеше сағатқа созылды. Асқазандағы ісікті сылып алып тастадық. Алайда қасындағы басқа органдарға да  жайылып кеткендіктен, оларға резекция жасауға тура келді. Ота аса күрделі және басқа органдарды қамтығандықтан, пациентке қайта қалпына келуге көп уақыт қажет. Одан кейін науқасқа қатерлі ісікке қарсы  кешенді ем-дом қабылдау керек, – деді облыстық онкология және хирургия орталығы онкохирургия бөлімшесінің  меңгерушісі Әділбек Баймұсанов. Онколог бұл командалық жұмыс болғанын атап өтті.

Онколог дәрігер Әділбек Баймұсанов асқазан рагының белгілері мүлде байқалмайтынын, қатерлі ісік анықталғанда аздап қана білінуі мүмкін екенін ескертеді. Пациенттердің  80%-ы  дертті алғашқы сатысында сезбейді. Мұндай «тыныштық кезеңі» бірнеше айдан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін.

– Асқазанның қатерлі ісігінің алдын алу мақсатында пациенттер асқазанның ойық жарасы немесе асқазанның шырышты қабығының атрофиясы рак жасушаларының өсіп-өнуіне қолайлы орта екенін естен шығармауы керек.  Асқазанындағы ауырсынуға үйреніп кеткен науқастар дерттің қатерлі ісікке айналып кеткенін білмей де қалады.  Өзінің денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікті ұмытпай, ойық жарасы бар азаматтар амбулаторлық деңгейде врач-гастроэнтерологтың қатаң бақылауында болуға тиіс, – деп толықтырды онколог-дәрігер.

Айна Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button