Денсаулық сақтау

“Науқас біздің бақылауымызда” (видео)

(Шартты сурет)

Әлеуметтік желіде Зайсан ауданының тұрғыны Қалелхан Ыбырайханұлының видеосы тарап жүр. Онда жігіт ағасы санавиация қызметі бұған дейін үш жасар Гүлбаршын мен алты жастағы Нұртілеу атты балаларды алып кетіп, Тілеуберді деген азаматты тасымалдауға болмайды деп тастап кеткенін айтады.

Сөзіне сенсек, жергілікті дәрігерлер зардап шеккен азаматты енді тасымалдауға жарайды депті. Қалелхан Ыбырайханұлы соған қарамастан тікұшақ келмей жатқанын айтып, көмек сұрайды. Біз осы видеоны облыстық санавиация қызметінің басшысы Рафаил Халитовке жіберген едік. Ол кісіден мынадай жауап алдық.

– Бұл оқиға менің қарауымда. Әкімдіктен де, басқалардан да осы видео келіп жатыр. Журналистер арасынан тікелей өзіме хабарласқан өзіңіз ғана болғандықтан, жай-жапсарды баяндайын. Зайсан ауданында орын алған жол апатынан үш адам зардап шеккен. Екі бала мен бір ересек адам. Ер адам ауыр ми-бас жарақатын алған. Алғашқы күні бірінші отаны зайсандық мамандар зардап шегушіге өз күштерімен жасады. Екінші рет біздің нейрохируг жасады, ол оқиға орнына біздің қатысуымыз жеткізілген. Ертеңінде біздің бригада санавиациямен жеттік, екі балақайды облыс орталығына алып кеттік, ал жігіттің жағдайы өте ауыр болғандықтан, тасымалдауға келмеді. Қазір ауа райының қолайсыздығынан ол жерге әуе қатынасымен бару мүмкін емес. Бірақ науқас білікті мамандардың көмегінсіз қалған жоқ, біздің дәрігерлер оның жағдайына үнемі мониторинг жасап, телефон арқылы кеңестерін беріп отырды. Бүгін таңертең біздің нейрохирург пен реаниматолог маман Зайсанға автокөлікпен аттанды. Реаниматолог пациенттің жағдайын сол жерде қарап, тасымалдауға болатын-болмайтынын бағамдайды. Бірақ біздің бақылауымыз бойынша, оның жағдайы әлі де өте нашар. Автокөлікпен де, тікұшақпен де жеткізу мүмкін емес. Оның үстіне әуе қатынасына рұхсат та берілмей тұр. Дегенмен науқастың жағдайы біздің мамандардың бақылауында. Қолдан келген мүмкіндіктің барлығын пайдаланамыз, – деді Рафаил Халитов.

Шағымданушы азамат видеода жол апатының жолдардың дер кезінде дұрыс жөнделмегендігінен орын алғанын айтып қалды. Бұл енді басқа зерттеудің тақырыбы бола алады.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button