Қоғам

Наурызкөгім, келдің бе?

Наурызкөгім, келдің бе?

Наурызкөк – наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана осы құсты шығыс елі күтіп жүреді. Оны қазақ наурызкөк, наурызек немесе көкқұс деп те атайды. Кей жерлерде оны жылқышы құс дейді және «бақыт құсы» қатарына қосады.
Құсты бірінші көрген адам оны жақсылыққа балап, жем шашады. Наурызкөкті алғаш көргендер «Наурызкөгім келдің бе?» немесе «Наурызек, қайтып келдің бе, анаңның көзі жазылды ма?» деп сұрайды екен. Аңыз бойынша, мұндағы Наурызектің анасы — Жер-Ана. Яғни, Жер-Анаға көктем келді ме, табиғат жаңарды ма деген мағына береді екен.
Ғаламтор беттерінде бұл құс туралы ақпарат өте аз. Жеп-жеңіл ұшқалақтап тұратын кішкентай құс — Наурызкөктің құйрығы ұзын, түсі көкшіл. Наным бойынша, наурызкөк келгеннен кейін күннің қатуы сынып, айтарлықтай боран, суық болмайды. Әлемде бұл құстың 60 түрі бар көрінеді. Ол ұясын көбіне шөп арасына салады екен.
Наурызекті бала кезден көрдім, қолымнан жем шаштым деген жандар аз емес. Алайда ол құстың нақты суретін еш жерден таба алмадық. Ғаламтор бетіндегі суретін көрген бір әріптесіміз «мен білетін наурызек осы, Алакөлге дем алуға барғанда сол жақтан да көрдім» деген соң, сол суретті жерлесіміз, белгілі орнитолог ғалым, Шығысты қойып, бүкіл Қазақстанда мекендейтін құстардың әрқайсының түсін түстеп беретін Виктор Щербаковқа көрсеткен едік.
– Бұл кәдімгі үлкен ақсағал ғой, – деді Виктор Васильевич салған жерден. – Ақсағалдар тұқымына жатады, Еуразияда кең тараған, әр халықта атауы әртүрлі болуы мүмкін. Сырт келбеті өте әдемі, кеудесі сары, қара жолақтары бар. Ұрғашыларында жолақтар жалпағырақ болып келеді. Бұл құстар өзен жағасына да, тоғай арасына да, елді мекендерде де ұя сала береді. Бір сөзбен айтқанда, адамдарға жақын мекендейді.
Ғалымның айтуынша, ақсағалдар қыс мерзімінде жем табу үшін басқа жаққа қоныс аударулары мүмкін, алайда оларды жылы жаққа ұшып кететін көктем құстары деуге келмейді. Негізінен құрт-құмырсқалармен қоректенетіндіктен, олардың алма бақтары, жалпы орман-тоғай үшін пайдасы зор. Олар өте пысық, белсенді болғандықтан, бір жарық күнде жейтін азықтарының көлемі өз салмақтарына парапар. Суық түсер алдында құстардың асқазандарының еті қалыңдайды, ол оларға қыста қатты тамақтарды жеуге мүмкіндік береді екен. Сол себепті ақсағалдар қыста нан қиқымдарын, тіпті шикі етті де жей алады. Оларды Алтайда етшілдер (мясничники) деп те атапты ертеректе. Көктемде сойылған малдың терісін жайып қойғанда, олар еттің қалдығын шоқып жеп, тазалап тастайды. Сәуір айында ұя сала бастайды, олар өте көп жұмыртқа басады екен. Өйткені қыс мерзімінде тоқсан пайызына дейін құрып кетеді. Негізінен суықтан емес, азықтың жоқтығынан. Виктор Васильевич бұл құстың салған әндері өте әдемі екенін айтады және өте ұшқалақ, жеңіл құс дейді.
Белгілі ғалым наурызкөк деген ғылыми құс атауының жоқтығын айтады. Бұл халық арасында қалыптасқан атау болуы әбден ықтимал. «Көк» деген жалғауына қарап, мүмкін көкқұс шығар деген өз болжамымен де бөлісті. Латынша атауы – Myophonus caeruleus Scop. Көкқұсты өз көзімен көрген, қолымен ұстап та көріпті, түсі шынымен де сұрғылт көк боп келеді. Торғай тұқымдастарға жататын қанаттының көлемі көгершіндей ғана шағын. Ұясын Тянь-Шань тауының бөктерінен, таулы өзен жағалауларынан кездестіріпті. Көкқұс Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және ерекше қорғалады.
Жоғарыда наурызекті халқымыздың бақыт құсының қатарына жатқызатынын да айттық қой. «Бақыт құсы» (мейлі наурызек болмасын) жайлы аңыз да, ұғым да бар. Тасы көкке өрмелеп, жолы болған жандарды «басына бақыт құсы қонған» деседі. Жаңа шаңырақ көтерген жастарға «бақыт құстарың» құтты болсын!» деп ақжарма тілек айтып жатамыз. Алайда бір өкініштісі – адам баласы кейде өз бақыт құсын танымай, өмір бойы іздеумен өтеді екен. Сол сияқты есігіміздің алдында ұшып жүрген наурызкөгімізді танымай жүрген жоқпыз ба?!

Әзірлеген – Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button