Қоғам

Наурыз бар сән-салтанатымен тойланды

Наурыз бар сән-салтанатымен тойланды

Жылдың жаңарғанын сән-салтанатымен паш етіп, Наурыз мерекесі де өте шықты. Облыс орталығында Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлан-асыр той болып, аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ ұлық мерекені Республика алаңында жиналған халықпен бірге қарсы алды.
Биылғы Наурыз халықтың назары төл жаңа жылымызға түбегейлі ауа бастағанын аңғартты. Орталық алаңға халық ерекше көп жиналды. Ұлттық киімдегі адамдардың қарасы да жылдағыдан молырақ.
Ал облыстық басқармалар мен кәсіпорындар тіккен ақ шаңқан үйлердің арасын ән мен күй, балуандарға рух берген қиқу-ұрандар жалғап жатты. Алаңның қапталына жайғасқан ұлттық қолөнер көрмесі «ел іші – өнер кеніші\” екенін дәлелдеп тұрды. Олай дейтініміз, ағаштан айшық жасап, темірден түйін түйген шеберлер көз алдымызда небір туындыларды дүниеге әкеліп жатты. Арасында моторлы арамен «Нұрлы жол» бағдарламасының символикалық белгісін ойып шыққан шеберлер де болды. Бұл жерде алаботаның күлінен бұлғанған қол сабыннан бастап, қосақ домбыраға дейінгі заттарды тиімді бағаға сатып алуға мүмкіндік жасалыпты.

Наурыз бар сән-салтанатымен тойланды

– Қазақтың әр үйінде не сарыала қамшы, не қара домбыра тұруы керек. Төрімде қамшы ілулі тұрса да, домбыра артық етпес деп жүретінмін. Бүгін сәті түсіп, көрмеден 10 мың теңгеге домбыра сатып алдым, – дейді өзін Жұман деп таныстырған қала тұрғыны. Расымен де, домбыраның саудасы қызғаны сонша, шын шебердің қолынан шыққан шешен шанақтыларының бағасы 100 мың теңгеге дейін көтерілді.
Наурыздың айшықты шарасы ретінде танылып кеткен қой көтеру мен діңгекке өрмелеу сайысы да аса тартысты өтті. Бұрын қоңыр малды олжа етуге үміткерлердің көбі 50-60 реттен аса алмай жататын. Биыл 80-нен асыра көтергендердің саны көп болды. Қазақ күресіне аңсары ауғандар сағат бойы білім басқармасы тіккен киіз үйдің маңында болды. Жас балуандардың санымен бірге сапасы да артыпты. Осының бәрі Наурыз мерекесіне тыңғылықты дайындалып, оны ұлықтайтын буын өсіп келе жатқанын түйсіндірді.
Түрлі жарнамалық акциялар мен заманауи көліктер көрмесі де шараның көркін қыздырды. Балалар қауымы тегін таратылған шарларды аспанға ұшырып, мәре-сара. «7D» форматына негізделген «Шынайы өмірдегі виртуалды әлем» атты шағын саяхат та халықтың біразын өзіне тартты. Осылайша жадыраңқы көңіл күймен Қыдыр атадан бата алып тарқасқан жұрттың басы ақшам туа қайта орталық алаңда қосылып, мереке мега-отшашумен түйінделді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button