Қоғам

Науқастарды тегін тасымалдайды

«Өмір болған соң, түрлі жағдайлар болады. Осыдан 10 жыл бұрын қызым жол апатына түсіп, қоларбаға таңылып қалды. Сол кезде жалғыз баламның аяғынан тік тұрып кетуі үшін бар дүниемді сатып, шетелден дәрігерлерді шақырттым. Олар екі мәрте ота жасады».

Бойжеткеннің тағдыры ары қарай не болғаны туралы сәл кейінірек, әзірге Өскемендегі жүріп-тұруы қиын осындай жандарға қол ұшын беріп жүрген «Асар автоеріктілер» әлеуметтік жобасының жұмысы туралы аз-кем баяндайық деп едік.

Өткен жылы облыс орталығында «Асаравтоеріктілер» ұйымы құрылды. Бұл қала әкімі Жақсылық Омардың бастамасымен қолға алынды. Мұндағы басты мақсат –  Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, көпбалалы аналарға, жалғызбасты зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға көмек көрсету.

– Өткен жылы «Асар» автоволонтерлер ұйымы мүмкіндігі шектеулі 49 адамды қала ішінде тегін тасымалдады. Ал ағымдағы жыл басынан бері 35 адамға көмек көрсетуде. Бұл қызметке жүгінетіндердің дені аурухана мен дәріханаға апарып келуді өтінеді. Өйткені олардың өз бетінше жүріп-тұруы қиын. Жалпы, мұндай жұмыс формасы басқа қалаларда енгізілген. Біз де сол тәжірибені қолдануымыз керек. Инватаксидің күшімен барлық мұқтаж жанға көмектесу мүмкін емес. Сондықтан жеке автокөлігі бар қала тұрғындарын осы жобаға қатысуға шақырамын, – деді Өскемендегі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің басшысы Кәмшат Баубекова.

Автоволонтерлердің қызметіне жүгіну үшін инстаграм әлеуметтік желісіндегі «Ukaasar» парақшасына жазылу керек. Автоеріктілердің қатарына қосылуға ниет білдірушілер болса, 8-747-911-00-11нөмірі арқылы өтінім қалдыра алады. Бұл туралы осы жобаның менеджері, бірінші топтағы мүгедек Анна Мазаева мәлім етті.

  • Тағдырдың жазуы шығар, бәлкім?! Кім білсін! Осыдан 17 жыл бұрын аяқ астынан жол-көлік апатына түстім. Соның салдарынан мойын омыртқама зақым келді. Содан бері қоларбаға таңылып, шарасыз күйге түстім. Алайда мен мойымадым. Өйткені қиындықтың бәрі өткінші. Ең бастысы, адамның ерік-жігері мен төзімі мықты болуы керек, – деді Анна Мазаева.

Иә, біздің кейіпкеріміз қиындыққа мойымай, өмірден өз жолын таба білді. Бүгінде ол жүріп-тұруы қиын жандарға қол ұшын беру үшін аянбай еңбек етуде. «Қайырымды, мейірімді болайық. Ертең бізді не күтіп тұрғанын білмейміз ғой» деді ол әрі қарай әңгімесін сабақтап. Өз басынан өткен соң айтады да. Әйтсе де, біз әңгімеге тартқан «Асар автоеріктілер» ұйымының менеджері Анна өзгелердің тағдырына бейжай қарамайтынын аңғартты. Сондай тағдырлар кімге болса да ой салар деген ниетпен бір парасын ұсынып отырмыз.

Ұяламын дейді

–  Бірақ отадан еш нәтиже шықпады. Менің қанша өмірім қалды дейсіз?!. Қоларбаға таңылып отырған қызымның ертеңін ойласам, жүрегім қарс айырылады, – деп Ольга Кутявина әңгіме тиегін ағыта бастағаны сол еді, «Асар»волонтерлер ұйымының мүшелері де келіп қалды.

Үйдің іші тап-тұйнақтай екен. Есіктен кірген бетте бізді үй иесі Ольга Кутявина күтіп алды. Алайда ол үйін суретке түсірмеуді өтінді. Өйткені Ольга көптен бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген үйі үшін, қанша ағартсаң да ылғалдан көгеріп кете беретін қабырға үшін… Қоларбаға таңылған қызына бұдан артық жағдай жасай алмай отырғаны үшін… ұяламын дейді.

– Қызымның жүріп-тұруы қиын. Сондықтан оны бір сағаттан артық жалғыз қалдырып кете алмаймын. Өйткені балам өз бетімен жуынып-шайына алмайды. Әйтеуір, бағымызға орай күн сайын әлеуметтік қызметкерлер келіп тұрады. Сол себептен бізге қабақ шытпай, қызмет көрсететін мекеме қызметкерлері мен автоеріктілердің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі адамды күн сайын орнынан тұрғызу, тамақтандыру, киіндіру оңай шаруа емес. Бұрын қызымды ауруханаға апарып келу үшін екі күннің бірінде такси шақыратын едік. Оған ай сайын кемінде 20 мың теңге жұмсайтынбыз. Ал қазір осы автоволонтерлердің көмегімен тегін барып қайтамыз. Асарлықтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деп көзіне жас алды Ольга Кутявина.

Рас, мүмкіндігі шектеулі адамға ерекше күтім керек. Сол себептен олар өзге жандардың көмегіне  зәру. «Тағы бір жолы науқас әйел хабарласты. Өскемендегі Космическая, 3/1 мекенжайында тұрады екен. Айтуынша, күн санап сүйектерінен жан кетіп бара жатыр екен. Өйткені ағзадағы лимфа айналысы бұзылған. Соның салдарынан қан іркіліп тұрып қалады. Лимфалық тамырлардың қызметі нашарлағандықтан, аяғы күн санап ісініп барады. Ол жаны қысылғанда: «Осы жасқа келгенде бейнет тартқызып қоятындай не жаздым» деп айқайлайды екен. Қазір ол өз бетінше дүкенге де барып келе алмайды. Аяғы бастырмайды. Күні бойы өзін-өзі алдарқату үшін кітап оқып, теледидар тамашалайтын көрінеді. Білмейтіні жоқ. Сондай білімді келіншек.Бізге жазушылардың шығармалары туралы тамсанып отырып айтты. Осындай талантты әйелдің жарығы біртіндеп сөніп бара жатыр. Жанындағы жолдасына да обал. Екеуі отбасылық жатақханадағы бір бөлмеде қысылып, өмір сүріп жатыр. Күн сайын ауру әйелінің зарын есту, қиналғанын көру жұбайын да мүжіп, қажытқаны көрініп тұр. Алғашында не істерімізді білмей, абдырап қалдық. Күйеуі бізден әйелін аптасына екі рет ауруханаға апарып тұруымызды өтінді. Сөйтсек, бұл оңай шаруа емес екен. Өйткені Татьяна Лебедова өздігінен орнынан тұра алмайды. Сондықтан оны ауруханаға апару үшін екі адамның көмегі қажет» – деді Анна Мазаева.

Біз үшін үлкен бақыт

«Бір жолы телефоныма егде әйел хабарласты. «Көзім көрмейді. Бірінші топтағы мүгедекпін. Жанымдағы әлеуметтік қызметкердің көмегімен сіздерге хабарласып тұрмын. Мені демалыс күндерібір рет қала сыртына шығарып келе аласыздар ма? Өтініш» деді де тұтқаны тастай салды. «Ол қала сыртында не істейді?» деген сұрақ қалды көкейімде. Ертеңінде біздің ұйымның мүшесін айтқан мекенжайға жібергем. Ол жылап келді. Мына кісіге кезектен тыс көмектесіп тұрайықшы, жағдайы нашар екен дейді. Жалғыз тұрады. Бала кезінен бастап зағип екен. Жағдайы мәз емес. Апта сайын қала сыртына шығып, табиғат аясында серуендегенді ұнатады екен. Айналасындағы сұлулықты көзбен көре алмаса да, жүрегімен сезінетін көрінеді. Ал оған қарайласатын әлеуметтік қызметкер күніне төрт сағат қана жұмыс істейді. Сондықтан ол Елена Игорьевнаны қала сыртына апарып келе алмайды. Уақыт тапшы. Өйткені ол күн сайын екі науқас адамға көңіл бөлуі керек. Сол себептен амалы таусылған Елена Игорьевна бізге хабарласыпты. Неше күннен бері тысқа шықпаған соң ақыры асарлықтардан көмек сұрауға мәжбүр болыпты. Біреулер: «Емін тауып, дертін жазбаған соң, мұндайдан не пайда?» деуі мүмкін. Шын мәнісінде науқас адамның бір түн болса да алаңсыз ұйықтағаны біз үшін үлкен бақыт», – деді Анна Мазаева.

Сөз арасында «Асар автоеріктілер» жобасының жетекшісі мүмкіндігі шектеулі жандарды тегін тасымалдайтындардың дені науқас бала бағып отырғандарын айтты. Сондықтан болар, олар мұндай жандардың нендей күй кешіп жүргендерін түсінеді. Жан жүректерімен түйсінеді.

– Әзірше, біз мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана көмек көрсетеміз. Ал болашақта әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға да қол ұшын беру ойда бар, – деді Анна Мазаева.

Бүгінде «Асардың» құрамында 23 автоволонтер бар. Солардың бірі – Ирина Ляховская.

– Өзге адамға қуаныш сыйлаудан артық бақыт жоқ шығар, сірә?! Сол себептен бос уақытымда қамкөңіл жандарға көңіл бөліп, жылы сөзімді арнауға тырысамын, – деді Ирина Ляховская.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button