Қоғам

Нарұл Заманбек жүйріктер қатарынан көрінді

 Нарұл Заманбек жүйріктер қатарынан көрінді

Кеше маусымның 17-сінде басталған жасөспірімдер арасындағы республикалық «Қазақстан үміті» велокөпкүндігі өз мәресіне жетті.
8 күн бойы Өскемен іргесіндегі тас жолдармен 100 шақырымға дейінгі қашықтыққа жүйіткіген велошабандоздар жарыстың соңғы нүктесі – Ертіс жағасындағы амфитеатрға келіп ентіге тоқтады. «Қуатты аймақтар – Қуатты Қазақстан» тақырыбында өткен халықаралық велобәйгеге біздің жас спортшылармен қатар, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жүйріктері, сондай-ақ, Өзбекстан мен Ресейдің де үміткерлері қатысқанын, аталмыш жарыс біздің аймақта осымен екінші мәрте өткізілгенін тағы бір мәрте естеріңізге сала кетейік.
7 кезең бойынша жарысқа түскен спортшылардың арасынан кіл мықтылар анықталды. Жалпы командалық есепте біздің жерлестеріміз жүлделі 3-ші орынға табан тіреді. Екінш орын Солтүстік Қазақстан облысына бұйырды. Ал жүлделі бірінші орынды Жамбыл облысының жас велошабандоздары жеңіп алды.
Ал жекелей сында жерлесіміз Нарұл Заманбек үшінші орынды қанжығасына байлады. Ол жарыстың үшінші кезеңінде үшінші болып келсе, бесінші кезеңінде ешкімге есе бермей, қарсыластарынан оқ бойы озық келіп, алтыннан алқа тағынды. Жекелей сындағы екінші орынды Жамбыл облысының үкілі үміті Дінмұхаммед Ұлысбаев жеңіп алды. Төрт кезеңнің жүлдегері атанған ол соңғысында алтыннан алқа тағынды. Жекелей сындағы бірінші орын иегері болып павлодарлық Никита Соколов танылды. Никита мен Дінмұхаметтің арасындағы уақыт айырмашылығы бар-жоғы жарты минуттай ғана.
Жалпы Шығыс Қазақстан немесе Өскемен қаласының жасөспірімдер арасындағы велосипедшілер командасы бұрын мұндай республикалық байқаулардан жарқырап көріне бермейтін. Бұл жолы 17 жастағы Нарұл Заманбек өз командасын жүлделі орынға дейін жеткізіп қана қоймай, екі кезеңнің алтын және қола жүлдегері атанып, жеке сында 3-ші орынға табан тіреді. Бұл – үлкен жетістік.

 Нарұл Заманбек жүйріктер қатарынан көрінді

-Велоспортпен 6 жыл көлемінде айналысып келемін. Бала кезімде хоккеймен айналысқанмын, кейін менің спортым осы велоспорт екенін түсіндім. Қазір Алматы қаласында дарынды спортшы балаларға арналған мектеп-интернатта оқып жатырмын. Өзімнің туған жерімде, өз командам үшін барымды салдым. Арманым және алға қойған мақсатым – олимпиада чемпионы болу,-дейді өскемендік Нарұл Заманбек.
Енді тамыз айында Өскеменде тағы бір үлкен велобәйге – «Қазақстан оқушысы – 2015» жарысы өтеді. Барлық жеңімпаздар осы сынға қатысып бақ сынайтын болады. Ол жердегі іріктеуден өткендер 2 айдан соң АҚШ-та өтетін жасөспірімдер арасындағы әлемдік дүбірлі додаға жіберіледі.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button