ТОП

Нариман Қайырбеков, жас ғалым:– БІЗ БӘРІН КЕШ БАСТАЙМЫЗ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің химия мамандығының 4-курс студенті, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінің «Үздік студенті-2021» Нариман Қайырбековпен сұхбат құрған едік. Жас ғалымның жаңалығын жұртшылыққа ұсынуды жөн көрдік.

– Бала күнгі арманыңыз ғалым болу ма еді?

– Әрбір баланың кішкентай кезінде арманы көп болады ғой. Қызыққан дүниеңнің барлығын армандайсың, соған қол жеткізгің келеді. Сол сияқты менің де арманым жиі-жиі ауысып тұратын. Ауылдағы көптеген баланың ортақ арманы президент болу еді ғой. Мен де сол қатарда президент, мұғалім, ұшқыш болғым келетін. Ал ғалым болу туралы бала кезімде ойламаппын. Алайда конструктор құрастырып, логикалық ойындар ойнауға құмар едім. Ғалымдыққа сол кезден іштей бейім болсам керек-ті. Ес біле келе білікті ғалым болып, еліме пайда тигізуді армандай бастадым.

– Ғылымға қызығушылығыңыз қашан оянды?

– Мен әуелгіде орыс тілді бала болып өстім. Оның өзіндік себебі де бар. Біз тұрған Алтай қаласында қазақ балабақша болмады. Мені үйдегілер орыс мектебінен оқытпақшы болды. Бірақ мен өзім қазақ болғандықтан қазақ мектебінен оқимын деп алған беттен қайтпадым. Бұл енді ең дұрыс қадамдарымның бірі болғаны үшін қазіргі таңда қуанамын. Осылайша, Алтай қаласының №9 қазақ орта мектебінен білім алдым. Ғылымға деген қызығушылық мектептен басталды. Жаратылыстану бағытындағы сабақтар қатты ұнайтын еді. Ғаламның ғажайыптарын, табиғаттың  тылсым сырын тануға қызығатынмын. Кейін келе химия пәнін қызыға оқыдым. Оған әкемнің химия пәнінің мұғалімі болғандығы да әсер еткен болу керек. Мысалы, көз алдымдағы кішкентай бөлшек заттың одан да кішкентай бөлшектен тұратынын, оның өзіндік заңдылықтарын естігенде тіптен қызыға түстім. Өзім бала кезімнен сұрақ қойғыш едім. Кейін сол бір балалық әдетім осындай қызығушылыққа алып келген сияқты.

 – Осылайша, оқушы кезіңізден ғылымға бет бұрдыңыз?

– Солай деуге де болады. Өйткені мен оқушы кезімде жаратылыстану ғылымдары бойынша олимпиадаларға көп қатыстым. Сол олимпиадалардың бірі Жамбыл атындағы обылстық гимназияда өтті. Сол жолы бұл мектеп маған ұнап қалды да, кейін 10-сынып оқитын жылы осы мектепке ауысып келдім. Дәл осы жерде «тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» болды. Бұл мектептің өзіндік ұстанымы мен тәртібі, оқудағы өзгеше бағыты бар екен. Жоғарғы сынып оқушылары келесі сыныпқа көшу үшін мемлекеттік емтихан тапсырып, ғылыми жоба әзірлеу керектігі бекітілген. Өзім химия пәнін жақсы көретіндіктен, мен осы пәннен ғылыми жоба қорғауға кірістім. Бетбұрыс осылай басталды.

Полиэтилен материалдарының баламасын жасау

– Қандай тақырыпта ғылыми жоба қорғадыңыз?

– Менің жобамның тақырыбы «Табиғи полимер негізінде биологиялық ыдырайтын композицилық материалдар әзірлеу» болды. Осы жобаны облыстық деңгейде жақсы қорғап, бірінші орын алдым. Одан кейін Мәскеуде өткен халықаралық ғылыми жобалар сайысында екінші орын иегері атандым. Осылайша, химия пәніне деген қызығушылығым тіптен арта түсті.

– Бұл жобаны жалғасты зерттедіңіз бе? Бізге әкелер пайдасы қандай?

– Иә, жалғасты зерттеп келемін. Қазіргі таңда С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертханасында лаборант болып қызмет атқарып келемін. Бұл жобаны ауқымды түрде қолға алар болсақ, қоршаған орта үшін берер пайдасы зор. Түпкі мақсат – полиэтилен материалдарының баламасын жасау. Полиэтилен материалдары жүздеген жылдар бойы жойылмайтыны бізге белгілі. Ол табиғатқа орасан зиян әкеледі. Біз оның баламасын жасай алсақ, табиғатқа зор пайда әкелер едік. Сонымен қатар «Smart Materials» тобымен бірге соя өсімдігінің жақсы өсіп шығуына оңтайлы жағдай жасау бағытында жұмыс істеп келеміз. Өнімнің шығымын молайту үшін оптималды жағдайлар жасау керек, мұның бірден-бір шешімі – ол тұқымды алдын ала өңдеу. Температураның күрт өзгеруінен немесе басқа да  сыртқы факторларға байланысты егістіктің шығымы  төмендейді. Жалпы, соя тамақ өнеркәсібінде ғана емес, сонымен қатар техникалық мақсаттарда – сабын, бояу, тоқыма, химия және басқа салаларда кеңінен қолданылады. Одан пластик, клеенка, линолеум, жағармай және басқа да көптеген тауарлар дайындауға болады.

– Тағы басқа қандай ғылыми жобаларыңыз бар?

– Келесі бір ғылыми жобам Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының тапсырысы аясында – отын элементтерін әзірлеу бойынша орындалуда. Тұрақты берілетін белсенді заттардан электрохимиялық процестер нәтижесінде отын элементінде электр қозғаушы күш пайда болады. Белсенді зат ретінде сутегі қолданылады. Жалпы, құрылғыдағы негізі электрохимиялық процестердің жүретін бөлігі катод, анод, арнайы мембранадан тұрады. Анод пен катод  өткізгіш болып табылады, ал полимерлі мембрана анодтан бөлінген протонды катодта өткізу кызметін аткарады. Бұл процесс арқылы айналымда ток пайда болады. Осы сутек отын элементін көбінесе жылу және ток көзі ретінде қолданады. Құрылғының ПӘК шамамен 60%-ға тең. Аталмыш құрылғының артықшылығы – ол қоршаған ортаға еш зиянын тигізбейді.

– Бұл енді жай зерттеу процесі. Нақты нәтижеге қол жеткізер күн жақын ба?

 – Екі жоба бойынша да жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Оның пайдасын алдағы уақытта көретін боламыз. Нақты әрі соңғы нәтижені айтатын болсам, ғылыми жұмысымыз, еңбегіміз «ұрлыққа» ілініп кетуі мүмкін. Сондықтан соңғы нәтижені жоба іске асқан кезде көретін боласыздар.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстанда ғылымға қолдау бар ма?

– Қазақстандық ғылымға қолдау аз да болса бар. Бізде магистратура, докторантурада оқитындарға қолдау бар да, бакалаврда оқитындарға қолдау аз. Негізі, біз бәрін кеш бастаймыз. Жалпы, ғылымға қолдауды мектептен бастау керек деп ойлаймын. Өйткені мектептен қызығушылығы болмаған адам магистратураға, докторантураға түсіп алып ғалым болып кете алмайды. Қолдау мектептен басталса деп ойлаймын. Өйткені мектептен ғылымға қызықпаған бала магистратураға немесе докторантураға түсіп ғалым болып, ғылым қуып кете алмайды. Сондықтан қолдауды ерте мектептен бастап, ғылымға ерте қызықтыру керек. Егер мен мектеп кезінен қолдау көрсем, бұдан да жақсы нәтижеге жеткен болар ма едім, кім біледі?! Десе де біз кейде бар дүниені білмей жатамыз. Мысалы, көптеген жас ғылымға аз да болсын қаржылық қолдау, грант бар екенін біле бермейді. Шындығында, ізденбейді. Бәлкім, жолы қиын болуы да мүмкін. Егер көптеген жобаға қатысып, ғылымға деген қызығушылығы бар жастардың қатары артса, бәсеке пайда болып, ғылым дамитын еді. Бізде санаулы ғана адамдар нақты ғылымға қызығушылық танытатындықтан бәсекелестік жоқ. Сан болса, бәсекелестік арқылы сапа жоғарылайтын еді. Ішкі бәскелестік дамымай, біз әлемдік ғылымның көшіне ілесе алмаймыз.

– Ғалымға деген құрмет, ғылымға деген ізденіс аз дейсіз ғой?

– Бізде кері ұғым көп. Қазақстанда ғылыммен қайда барасың, қандай жетістікке жетпексің деген сиқяты. Сенім жоқ. Сенім ұялату қажет. Алдымен ғылымға деген сенім мен көзқарасты дұрыстап алмай, біз жаңалық ашып, жетістікке жете алмаймыз. Ғалымдардың мәртебесін қоғамдық ортада көтеру қажет. Сонда ғана балалар ғылымға қызықпақ. Дәл осындай ақпараттық қолдаудың өзі ауадай қажет. Бұл сұхбатты ертең бір оқушы оқып, ғылымға қызығушылық танытса, соның өзі үлкен нәтиже болмақ.

– Қазір Үндістанда іс-тәжірибеден өтіп жатырсыз. Сол елмен салыстырғанда Қазақстандағы ғылыми-техникалық база қалай екен?

– Біздің көргеніміз университеттің ғылыми базасы мен технологиясы ғой. Университет тарапынан қолдау бар. Салыстырмалы түрде бізде ғылыми-техниалық база жаман емес. Талпыныс аз. Ізденіс аз. Абай атамыз «сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан» дейді. Қалана алмай жүрміз. Ғылым жолы ауыр жол. Табанды еңбекті, төзімді, сабырды, ізденісті талап етеді. Ғылымда мақсат пен арман ғана алға жетелейді.

– Үндістанда қандай ғылыми жоба негізінде жұмыс істеп жатырсыз?

– Академик Шахмардан Есеновтің ғылыми-білім беру қоры ұйымдастырған «Әлем зертханаларында ғылыми тағылымдамадан өту-2022» байқауында грант иегері атанған болатынмын. Қазіргі таңда Үндістанда Керала штатының Махатма Ганди университетінде  Халықаралық нанотехнология орталығында үш айлық жазғы ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өтудемін. Тағылымдама барысында янтарь қышқылының туындыларымен күміс, мыс және бордың комплекстерінің түзілу процестерін зерттеу аясында жұмыс жүргізіліп жатыр. Соңғы уақытта d-элементтерінің дикарбоксилат комплекстерін синтездеу және физико-химиясын зерттеу бойынша іргелі зерттеулер көптеп қолға алына бастады. Бұл осы материалдардың кеңінен қолданысқа ие болуына байланысты болып табылады. Өндірісте газдарды сақтау, оптикалық құрылғыларда, сондай-ақ катализаторлар ретінде, агроөнеркәсіпте тыңайтқыштар ретінде кеңінен қолданысқа ие. Металл карбоксилаттарына негізделген органометалдық қаңқалар тек құрылымдық әртүрлілігімен ғана емес, сонымен қатар биологиялық белсенділігімен, ДНҚ-ны байланыстыру сияқты, химиялық нуклеаза, ісікке қарсы, антибактериалдық және зең ауруына қарсы қасиетке ие болуымен қызықтырады.

Қазіргі уақытта бактерицидтік қасиеттері бар композиттер жасау үшін негіз ретінде кеңінен қолданылуда. Янтарь қышқылы және янтарь қышқылы негізіндегі комплекстер, сукцинаттар биостимуляторлық қасиетке тән. Осыған орай комплекстерін табиғи полимер негізіндегі биоыдырайтын материалдың құрамдас бөлігі ретінде пайдалануға қызығушылық арта түсті. Аталмыш материалды агроөнеркәсіпте тұқымды егіс алды өңдеу үшін пайдалануға кеңінен жол ашады.

– Алға қойған мақсат қандай?

– Ең басты мақсатым – ел ғылымына үлес қосу. Осы жобаларым ел игілігіне жараса деген арман бар. Мақсатым – ғылымға үлес қосу, арманым – нобель алу. Арман алға жетелейтініне сенемін.

– Ғылыми жаңалығыңыз көп болсын. Рақмет!

Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы

 

Осы айдарда

Back to top button