Қоғам

Нардың жүгін арқалаған азамат

Нардың  жүгін арқалаған азамат

Риддер қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Оралбек Білімбаевты бірер сағат күтуге тура келді. Таңертең ерте қаланың төртінші ауданында кісі өлімі болып, оқиға орнына шұғыл аттанып кетіпті. Біз бұған таңғала қойған жоқпыз. Себебі, Риддер қаласында криминогенді ахуал ауыр, күніне адамдарды тонау, бұзақылық жасау, қарақшылық, басқа да қылмыс жиі орын алады.
Әлі есімде 2000 жылдың басында Риддер қаласына сол кездегі еліміздің Ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков келіп, қылмыс жиі орын алатын қалада оперативті жиын өткізіп, қаланың төртінші ауданындағы әр үйде консьержерлік қызметті орнатуды, қылмыстың алдын алу мақсатында арнайы штаб ұйымдастыруды жүзеге асырған. Бұдан кейін қалада қылмыс сәл болса да азайған еді.
Оралбек Нағымбекұлымен бұрыннан таныспыз. Күршім ауданының тумасы, қарапайым отбасында дүниеге келген ағайынды бес жігіт – Ермек, Еренбек, Оралбек, Жанарбек, Асылбек елге сыйлы азаматтар болып өсті. Ұлдармен қатар отбасындағы үш қыз Гүлбану, Нұрбану, Күлімхан да бүгінде бір-бір отбасының ұйтқысына айналған жандар.
1990 жылдың 14-маусымында Шығыстың төрт-бес ауданында (Зайсан зілзаласы) қатты табиғат апаты орын алып, жүздеген тұрғын үй, әлеуметтік ғимараттар қирады. Сол кезде Күршім аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған Ермек Білімбаевпен жиі кездесіп жүрдік. Ауданның Құйған, Қалғұтты, Боран ауылдарын бірге аралаған кезде жарғақ құлағы жастыққа тимеген азамат тұрғындарға қолғабыс жасады, қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етті. Еліміздің бірнеше қалаларына барып, жұмысшыларды алып келгеніне куәміз. Кейін ол облыс әкімінің көмекшісі, басқа да қызметтерді абыроймен атқарды. Амал бар ма, іскер, тәжірибелі құрдасымыз кемел шағында кенеттен қайтыс болды. Ал Ермектің інісі Жанарбектің қызмет жолы көз алдымызда. Ол бұл күндері жол жөндейтін мекемеге жетекшілік етеді. Жаны жомарт азамат тапқан табысының бір бөлігін қайырымдылық шараларына жұмсайды, мәдени шараларға демеушілік жасайды. Осы жайларды ой елегінен өткізіп отырғанда, кабинетіне Оралбек Нағымбекұлы келіп кірді.
– Қылмыс деңгейі 10 мың тұрғынға шаққанда өткен жылы 234-тен 181-ге дейін азайды. Алаяқтық және тонау сияқты қылмыс азайды, ал қарақшылық 50 пайызға төмендеді. Қалада есірткіні тұтынушылармен, заңсыз сауда жасағандармен қатаң күрес жүргізілуде. Жыл басынан бері есірткі сатудың 17 оқиғасы тіркелген, бұл қылмыстың барлығы да ашылды, – деп бастады әңгімесін полиция полковнигі.
Оралбек Білімбаев Риддер қалалық ішкі істер бөлімін 2013 жылдың тамызынан бері басқарып келеді. Азаматтық борышын атқарған, екі жоғары білімі бар ол бұрын құқық қорғау саласының күзет қызметінде, мемлекеттік меншікті талан-таражға салушылармен күрес бөлімінде, қаржы және банк саласындағы тәртіп бұзушылармен күрес бөлімінде, экономикалық қылмысқа қарсы күрес, салық полициясында қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Сондықтан болар, білікті басшы өз саласының қыр-сырын жетік беледі. Сонау одақтың әлсірей бастаған кезінде социалистік меншікті талан-таражға салушылармен күрес бөлімінің аға оперативті инспекторы Өскемен қорғасын-мырыш комбинатынан ұрланған 5 миллиард Ресей рублін тонаушыларды Мәскеуден құрықтағанын көпшілік біле бермес. Қаржы саласының қыр-сырын жетік меңгерген білікті маман бұдан кейін де ірі кәсіпорындарда жасалған көптеген қылмысты ашуда кәсіби біліктілік танытты. Облыстық қаржы полициясында жауапты қызмет атқарған кезінде, Риддер және Глубокое қалаларындағы қаржы полициясын басқарған кезде Оралбек Нағымбекұлы мемлекеттің байлығына қол салушылардың жолын кесіп, ондаған миллион теңгенің бюджетке оралуына қол жеткізген еді.
– Тыныштық қызметінде жүрген соң талай оқиғаны бастан кешеміз, – дейді Оралбек Нағымбекұлы. – Өткен аптада мынадай оқиға орын алды. Таңертең ерте кезекшілік қызметіне қаланың бір көшесінде өліп жатқан әйелдің мәйіті жатыр деген хабар келіп түсті. Жедел жетіп бардық. Тамырын басып көріп едім, келіншек (Иванова) тірі екен, қанның көп кетуінен қатты әлсіреп қалған, тез арада жедел жәрдемді шақырдық. Соңынан білдік, И. деген азаматпен бірге арақ ішкен, соңынан ол басынан таспен ұрып, өлтірмекші болған. Оперативті топ құрып, қылмыскерді жедел құрықтадық.
– Бірде взвод командирі Сымбат Қарағұлов екеуіміз түнгі 3-те қаланы аралап шықпақшы болып, тұйық көшенің бірінде келе жатыр едік, 4-ші ауданға келгенімізде, ескі «Жигули» көлігі алдымыздан ойқастап өте шықты. Бізді көргені сол еді, жылдамдығын үдетті. Қуып жетіп тоқтатып едік, аузынан арақтың иісі мүңк ете қалды. Тексергенімізде ешқайда жұмыс істемейтін, екі көлік ұрлаған адам болып шықты. Соңынан ол әділ жазасын алды, – дейді полиция полковнигі.
Оралбек Нағымбекұлы үшін жұмыс күні таңғы алтыдан басталады. Тұра салып, гимнастика жасайды, турникке тартылады. Кезінде спортпен шұғылданған шымыр жігіт қарамағындағы қызметкерлердің де дене тәрбиесімен шұғылдануына, саптық қатарда жинақы, табельдік қаруды шебер пайдалануын назарда ұстап отырады. Штаттағы 209 қызметкер бос уақыттарында шағын футбол, баскетбол, волейбол ойнап, түрлі жарыстарға белсене қатысады. Ол ол ма, іскер басшы ұжымда темірдей тәртіп орнатты, себепсіз жұмысқа кешігіп келу мүлдем тоқтады.
– Алғаш осы қызметке тағайындалған күні кабинетте бөлім басшылары мен орынбасарларымды жинап, кеңес өткізіп отыр едім, жылдамдығы өте қатты бір көлік мекеме алдынан зу етіп өте шықты», – деп еске алады полиция басшысы Оралбек Нағымбекұлы. – Бұл бассыздыққа шыдай алмай, қалалық ішкі істер бөлімі мекемесі алдында жылдамдықты арттырып, полицияны сыйламаған көлік иесін тез тауып алып, көлігін айып тұрағына қойып, өзіне шара қолдануды МАИ бөлімінің бастығына тапсырдым. Ол 40 минутта тапсырманы орындады. Бірде қызметке келгенде, кезекші орнында болмай шықты. Оған да қатаң шара қолдануға тура келді.
– Жақында Мемлекет басшысының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Ақтөбе қаласында орын алған оқиғаға баға беріліп, елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің іс-шаралары белгіленгенінен көпшілік хабардар шығар, – деп әңгімесін жалғастырды Оралбек Нағымбекұлы. – Бұл жиында ерекше атап өтерлік жайт, Президент полиция қызметкерлерімен халықтың қарым-қатынасы заңнама арқылы айқын регламенттелуі тиістігіне назар аударды. «Полицейлерге шабуыл жасау, құрметтемеушілік фактілерінің барлығына құқық қорғау жүйесі тарапынан қатаң құқықтық баға берілуге тиіс. Қажет болған жағдайда заңдарға өзгерістер енгізілгені жөн. Форма киген адам мемлекеттің айрықша қорғауында болуы керек, қызметтік міндетін орындау барысында оның өміріне қол сұғылмаушылықтың қамтамасыз етілуіне кепілдік берілуі керек. Бұл ретте полиция өкілінің өзі де соған сай болуы қажет» деген сөздер ел тыныштығы мен тұрақтылығын қорғауда қырағы күзетте тұрған полиция қызметкерлерінің жауапкершілікті бұрынғыдан да арттырып, халықтың осы сала қызметкерлеріне деген құрметін арттыруды, оларға жан-жақты көмек көрсетуді аңғартады.
Ішкі істер бөлімін басқаруға келген кезде бұрындары трест мекемесі болған төрт қабатты ғимараттың тозығы жетіп, жарты ғасыр жөндеу көрмеген мекеменің берекесі кетіп қалған екен. Жаңа басшы мекемені қоршап, гүл еккізді, акті залына күрделі жөндеу жүргіздірді. Мұның барлығы бюджеттікі емес, жалақыны үнемдеуден пайда болған қаржы. Жылдың аяғына дейін 31 миллион теңгеге оперативті басқару орталығы салынып, қала көшелерінде 17 камера орнатылмақ. Демек, қылмыстың тез ашылуына, көшелерде жол тәртібін өрескел бұзған көлік иелерінің жолын кесуге мүмкіндік тумақ.
Оралбек Нағымбекұлы өзі жайында аз айтып, қызметтес әріптестерінің қырағы күзеттегі жұмысына жоғары баға берді.
– Қызметі аса қауіпті, күндіз-түні тыным таппайтын, қала тұрғындарының алаңсыз демалуын басты міндеті санайтын полиция қызметкерлеріне деген құрмет артып келеді, – дейді ол. Себебі, өнеркәсібі өркендеген, 60 мыңға тарта тұрғыны бар Риддерде қылмыстың барлық түрі азайған. Құқық қорғау саласында жүргізіліп жатқан реформалар, материалдық-техникалық базаның жақсаруы, қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыруға үнемі назар аударып отыруы табыс кепілі болса керек.
Ал бұған нардың жүгін арқалаған, 30 жылдан астам құқық қорғау саласында абыроймен қызмет етіп келе жатқан, қызметін адал орындағаны және кәсіби шеберлік танытқаны үшін Ішкі істер министрлігі және облыстық ішкі істер департаметі басшылығының грамоталарымен, Алғыс хатымен марапатталған полиция полковнигі, Риддер қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Оралбек Білімбаевтың қосқан үлесі мол екеніне ешкім шек келтірмес.

Оңдасын Елубай
Риддер.

Осы айдарда

Back to top button