Руханият

Шәкерім атамның суретін ең алғаш көрген мен едім

Шәкерім атамның суретін ең алғаш көрген мен едім

Асылдың сынығы, текті әулеттің соңғы сарқыты, Құнанбайдың ұрпағы, хакім Абайдың тетелес інісі – Ысқақтың баласы Кәкітайдың ұлы – Әрхам атамыздың қызы – Мінәш (Мінәуәра) Ысқақова. Ата-бабасының тарихын түгендеп жүретін шежіре – апамызды сырттай ертеден білетінмін. Бірақ тоқсаныншы жылдардың басында ғана Мінәш апаймен емен-жарқын жүздесіп, етене араласып кеткен едім.
Телевидениенің тапсырмасымен Шәкерім бабамыз жайында циклді хабар түсірмек болып, Мінәш апамның үйіне келдім. Қасиетті апамның қара шаңырағын алғаш аттағанымда-ақ, төрдегі демалыс бөлмесінде кеудесін керіп, нығыздалып отырған, бойын тік ұстайтын сол кезде сексеннің сеңгіріне шыға бастаған, жүзіне тәкаппарлық пен бекзаттық, парасат ұялаған апайдың жай адам емес екенін бірден ұғып, әңгімем жараспайды-ау, – деген күдіктің бойымды билегенін әлі де жасыра алмаймын. Сырт келбеті паң көрінетін асылдың тұяғы сөйлеп берсе, сөздің түбін түсіретін нағыз шешен жан екен, орамды, ұшқыр ойымен бабалары туралы бірден тереңнен тарқатып, Құнанбай әулетінің тарихын бастап кетті.

Мектеп ашқызып, зауыт салдырған

«Аты алты алашқа аңыз болған, аға сұлтан Құнанбайдың шөбересі Әрхамның – қыздан көзі тірі соңғы ұрпағы мен едім, – деп бастады әңгімесін апамыз. – Әкемді «Аға» деуші едім. Әкем Әрхам да 4 жасынан Абай атамның немересі саналып, хакімнің өнегелі өсиетін тыңдап, әнші, күйші, сүйек-өрнекші, өрімші, скрипкашы, ақындар, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат жүйріктері арасында өскен, олардың асыл қасиеттерін бойына сіңірген. Тоғызқұмалақ пен дойбының асқан шебері болды. Өзі Кәкітай әкесі сияқты ұзын бойлы, кең иықты, сом денелі, сымбатты, мейірімі мол, адамгершілігі зор, сауатты адам еді. Заманында туған ауылының қамқоршысы болды. Кеңес қызметінде жүрген інісі Даниял (Дәку ) ағаммен бірігіп, Мұхтар аға Әуезовтің ықпалымен кіндік қанымыз тамған жер, Бақанас – Байқошқар өзенінің бойынан жер алып, 60 үйлі кедейдің басын қосып, үкіметтен мол қаржы бөлгізіп, ауылға су тартқызған, диірмен, май зауытын, мектеп, кішігірім дәрігерлік орталық, түзу көшелер салғызған. Кедей балаларын оқытатын мектеп ашып, оқу-құралымен жабдықтады. Мамандығы жоқ, кедей қазақты отырықшы ел етіп, еңбекке баулыды, Дәку ағам мен әкем құрған Бақанас қалашығы бертінгі уақытқа дейін болыпты. Амал қанша, сол кездегі шолақ белсенділер «Құнанбайдың ұрпағы – ел билеп, байып жатыр» деп әкемнің үстінен арыз жазып, әкемді Семей түрмесіне бір түнде жапты. Бақанастың 60 үйлі артель мүшелері «Әрхамды қамасаңдар бізді де қамаңдар, мал-мүлік бәрімізге ортақ» – деп, түрме алдында жатып алған көрінеді. «Аққа құдай жақ» демекші, түрмеден босаған соң жер аударылып, Көкпекті ауданының «Үш көмей» деген жеріне жіберді. Міне, балам Құнанбай ұрпақтарының қудалануы осыдан басталған, бар бәле фамилиядан болған ғой, сол уақытта барлығы Құнанбаев болып жазылған, – дейді. Қарағым, осы әулеттің қайсысы болсын қуғынға көп түсті ғой. Әкемнің бастан өткендері тіптен қиын еді.
Әкемді бұл өңірге тұрақтатпаған соң, Мұхтар Әуезовтің ақылымен үй-жайын бала-шағасын көрмей, бір түнде Қатпа Қарамжанов деген сенімді адам арқылы Ташкент асқан. Арада бір жыл өткенде, Өзбекстанның «Қызыл партизан» колхозында әкесімен кездесіп, сонда алғаш мектеп табалдырығын аттайды, өзбек тілінде дәріс алады». Асыл апамыздың бұл өңірде де тіршілігі жайсыз болып, Алматыдағы наркомпоста жұмыс істейтін Даниял ағасының қолында оқыған.
– Ол уақытта Даниял үйінде алаш ардақтылары жиі бас қосатын, Міржақып Дулатовты, Алаш Қозыбағаровты, Мұхтар Әуезовтің әңгімелерін тыңдап өстім, – дейді. Тағдыр мұны да көп көріпті 1936 жылы арқа сүйер ағасы Даниял бір түнде «халық жауы» болып кете барады. Өз әкесі Әрхам да тағдыр тәлкегімен жылға жуық хабарсыз кетеді. «Басқа түскен баспақшыл». 1937 жылғы дүрбелеңде бас сауғалап Павлодар облысындағы Спартак ауылындағы Кәкітайдың бәйбішесі Бибі әжесінің қолында тұрады, сол жердегі орта мектепті үздік бітіріп, соғыстың сұрапыл жылдарында «Жаңа ұйым» ауылында күндіз мұғалім болып, кешкісін соғыстағы жауынгерлерге киім тігіп, күн көреді. Ауыл мектебінің оқу-ісінің меңгерушісі қызметі бұғанасы қатпаған қаршадай қыздың еншісіне тиеді. Қызмет істей жүріп, педагогикалық институттың тіл-әдебиеті факультетін бітіріп, 1942 жылы ғана туған ауылы Абай еліне оралады. Әкесі Әрхам атамыз да елге аман оралып, өмірінің соңына дейін елде болған. Ұлы Мұхаңның «Абай» романының жазылуына көптеген мағлұмат берген дейді Мінәш апамыз. Мұхтар Әуезов «Абайдың інісі Әрхам, ақынжанды, нелер құнды, тарихи әңгімер айтады. Ол әңгімеші ғана емес, өзі де білгір зерттеуші», – деп жазған. Апамның әңгімесінің қызығымен отырып, бейнетаспаның біткенін де байқамаппыз.

Шәкерім атамның суретін алғаш көрген мен едім

Әңгімеміз әу баста Шәкерім бабамыз жайында болатын. Таспамызды қайта жарақтап, атамыз жайындағы әлі естілмеген, бүгінде оқырман мен көрерменіміз толықтай қаныға қоймаған, көкейінде жүрген көмескі сырды енді ағытты. «Шәкерім атамды көзін көрмесем де, фотосуретін алғаш көрген мен едім. Шыңғыстау орта мектебінде қызмет жасап жүрген кезім-тін. Жаңылмасам, 1953 жыл болса керек, бір үлкен жиында ғылыми баяндама жасайтын болып, Абай атам аударған орыс ұлылары – Лермонтов, Пушкин, Крылов суреттерін үлкен ақ қағазға жапсырып, бүктемелі альбом жасап отыр едім, тілінің кемістігі бар, құлағы естімейтін Шәукен (Оразғали) деген туысқан ағамыз үйге кіріп келді. Абай атамды қоршай салынған орыстардың суретін көре сала: «Сенің миың жоқ, арам-арам, ұры, сені ату керек, түрмеге жабу керек, ұят, ұят» – деп, бетін тілгілеп маған ұрса жөнелді. Өңі сұрланып кетіпті. Шәукен ағамызды өзіміз еркін түсініп, өзіне де түсіндіре алатынбыз.

Шәкерім атамның суретін ең алғаш көрген мен едім
Мен жайлап, суреттердегі орыс ақындарының еңбектерін Абай атамыз аударғанын айтып бердім. Біраз ойланып отырды да, «Шаћарым, Шаћарым, бауыр, бауыр, мен тап, мен бар тап, Абай қасына қой, мен саған бере, бере», – деп әбігерлене бастады. Ол уақытта ондай ерлік маған қайдан келсін. Шәукен ағама Шәкерім атамның бауыры екеніңді білемін, жақсы көремін, бірақ онда сені де, мені де, түрмеге жабады, атады» – деп түсіндірдім де, суретті қайдан алғанын сұрадым. 1930 жылдары Шәукеннің бай әке-шешесін, жер аударып, түрмеге жабады. Сол кездерде Шәукеннен ешкім сезіктенбеген, өзі сақау, құлағы естімейді, ештеме бүлдіре қоймас – деп, түрмеге от жағушы, қора сыпырушы етіп қойыпты. Шәкерім атамыз атылған соң, бағасын білмейтін белсенділер, «отқа жақ» деп, үлкен қаппен көп қағазды Шәукеннің алдына төге салыпты. Арасынан Қажы атамның суретін байқап қалған Шәукен жұлып алып, қалтасына салып жіберіпті. Өзі «ап, ап» – деп, қалтама салдым – деп, түсіндіретін. Фото сапалы қағазға түсірілген, бір шетінде сәл бүктелген жері бар еді. Сыртында арабша жазуы болған. Соны Шәукен аға шамаданның астына салып, үстінен жұқа тақтаймен шегелеп, ұзақ жыл сақтаған. Әкеме фото жайында айтқанымда, «Шәукеннен сенімді жер жоқ, өзінде жатсын» деген. Шәукен ағамның да, ешкімге берер ниеті жоқ еді. Ахат келеді соған беремін деп отыратын.
1954-ші әлде, 1955 жыл ме екен анық есімде жоқ. Мұхтар аға (Әуезов) Алматыдағы жаңа үйіне кіргеннен кейін, Абай елінен – әкем Әрхамды, Исрайл Ақылбайұлын, Шәукенді арнайы шақырып, қонақ қылады. Сол жолы Шәукенді екі ай үйінде жатқызып, өзінің жазушы, әнші жолдастарына таныстырады. Сондай ортадағы отырыстың бірінде Ахат ағаны көрген Шәукен жеке алып шығып, суретті көрсетеді. Ахат ағам еңіреп жылап жіберіп, Шәукенді бетінен сүйе беріпті. Мойынындағы қарызынан құтылғандай, «Шәукенде ми төп, ми төп» – деп, масайрағанын көрдім. Ұлы атамыздың суреті қолымызға осылай түскен еді.

[center]«Арыстай атаң алақандай шамаданда сыйып жатыр»

1961 жылдың 6 тамызы болатын. Қасында Қабыш аға бар (Кәрімқұлдың Қабышы) Ахат ағам екеуі «Қажы атамыздың сүйегін қазып әкеле жатыр» – деген қуанышты хабар жетті. Қабыш аға мен Ахат ағам екеуі Бақанастағы құр құдыққа көмілген, қажы ата сүйегін екі күн асықпай қазып алып, шамаданға салып, сонау жүз шақырым жердегі Бақанастан салт атпен алып келді. Үйге кірсем, кеудесін керіп төрде отыр екен. Ахат аға қасына отыра бере: – «Қажы ата қайда жатыр?» – дедім, сонда Ахат аға: «Арыстай атаң алақандай шамаданда сыйып жатыр» – деп, комод үстінде тұрған шамаданды нұсқады. Қажы атамның мәйітін әкемнің үйіндегі төрге салды. Қажы атамның жаназасына халық көп жиналды. Қаралы жиын Жидебайға қарай жылжығанда, Ахат ағам, қанша қажырлы болса да дауысы шығып, көз жасына ерік берді. Бұл – Құнанбай әулетінің «өлгені тіріліп, өшкені жаңған» күн еді ғой, – деді апам.
Ел құрметіне бөленген Ахат аға 1968 жылы Абай ауылына көшіп келіп, біраз уақыт Шәукеннің үйінде тұрды. 1976 жылға дейін Жидебайдың басындағы – Абай атамның, мұражай үйінде қызмет жасап, Қажы атамыздың еңбектерін жинақтауға кірісті. 1976 жылдан Семейдегі Абай мұражайында отырып, Шәкерім атамның еңбектері (араб тіліндегі) қайта аударылып жазылды. Ел арасында Шәкерім атамның еңбектерін ауызша, қолжазба түрінде насихаттаумен болды. Ағамыз қайратты бірбеткей жан еді. Тек, жалғыз ұлы – Фузилидің жат жерде, өзінен бұрын қайтыс болған қайғысына төзе алмай, асыл аға өмірден озды».
Мінәш апамыз Абай ауылының абыз анасы атанды. 1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Абай еліне келгенде аналық ақ батасын беріп, ақбоз атқа қолтығынан демеп, мінгізген Мінәш Әрхамқызы еді. 45 жыл үздіксіз ұстаздық қызмет атқарып, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» болды, бірнеше ғылыми еңбектің авторы. Атадан қалған асыл мұраны мыңдаған ұрпағының көкірегіне құйып, болашағына жол ашты. Абай мұражайының ғылыми қорына, Құнанбай, Абай, Кәкітай, өзінің әкесі туралы құнды деректер берді, «Зағипа» поэмасын, жүздеген қолжазбаны тапсырды. Ендігісі зерделі зерттеушілердің үлесінде. Өмірі өлшемге сыймайтын, дара мінезді әрісі Айпара, Зере, Ұлжанның, берісі Текті, Бибі әжелердің сарқытындай, алаштың ардақты қызы биыл 90 жасқа келеді. Алыптан туған асылды қадірлей білсек болғаны.

Қадырбек Кәкімұлы

Осы айдарда

Back to top button