Құнанбайдың ескерткішін он айда тұрғызыпты
Ол жалақысы көп қызметті тастап, туған жеріне оралған. Оның әр жұмысы баға жетпес туындыға лайық. Ол – Шығыста ұмыт болған өнерді қайта түлеткен маман. Нұрбол Қалиев – ұлыларды жаңғыртқан сақа мүсінші. Иә, оның есімі көпке беймәлім. Әйтсе де Абай ауданындағы Құнанбай Өскенбайұлының, Жарма өңіріндегі Мұхтар Әуезовтің және Аягөздегі Ақтамберді жырауға арналған ескерткіштің авторы – дәл осы шебер. Абыройға бөленген жанмен сұхбат құрып, мүсін өнерінің бүгінгі беталысына қанықтық.
Бұл өнер оған қаннан дарыған
Мұның барлығы негізсіз емес. Осы бір-екі жылда ол кенжелеп қалған мүсін өнерін қайта тірілткендей. Әсіресе оның соңғы жұмысы дүйім жұрттың таңдайын қақтырды. Маусымның аяғында Қалбатауда домбыраға арналып, ескерткіш орнатылған еді. Емен ағаштың ортасын жарып шыққан ұлттық аспаптың мүсінін Нұрбол Қалиев қысқа уақытта дайындаған. Бұл көрініспен ол «Мәңгілік ел» философиясын жеткізуді мақсат тұтса керек. Оның өнерге деген құштарлығы бала кезден басталған. Мәселен, 5-ші сыныптан кейін Алматыдағы көркемсурет мектебін тәмамдайды. Сол сияқты білімін жалғастыру үшін 1997 жылы республикалық көркемсурет колледжіне түскен. Ал бар қарым-қабілеті 2000 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында шыңдалыпты. Мұнда ол «Кескіндеме және мүсін» мамандығының қыр-сырына қаныққан.
– Апам айтушы еді: «Нағашыларың секілді әнші болатын шығарсың»,- деп. Өйткені, Болатқызы деген туысымыз әйгілі Жәнібек Кәрменовпен бірге оқыған өнер адамы еді. Содан атам қоймай, үйге түрлі музыкалық аспаптар әкелетін. «Осы немерем өнерге жақын болады» деген ойменен. Қызық болғанда, үйге біреу ермексаз алып келді. Кім тастап кеткені есімде жоқ. Сол кезден бастап ермексаздан басқа өзіме ермек көрмедім. Әкемнің інісі Еркін қолөнерге жақын болатын. Ол кісі торсық, қалқан және қару-жарақтың өзге де түрлерін жасайтын. Соған қарап, батырдың бейнесін, сондай-ақ қазақ болған соң жылқының мүсінін келтіруді ерекше ұнаттым, – деп бастады әңгімесін Нұрбол.
Ұлыларды жаңғыртқан
Ал бозбала шағында белгілі мүсінші Павел Шороховқа шәкірт атаныпты. Кәнігі майтмалманның қол астында жүріп, білмегенін үйреніп, білгенін толықтырып отырған. Шығыстағы ағайынға Нұрболдың есімі әйгілі шешен – Құнанбай қажының мүсіні арқылы танылды десек қателеспейміз. Өткен жылы Қарауылда қойылған дала данышпанының ескерткіші ұлт мерейін асырғаны рас. Сахара Демосфеніне баланған Құнанбайдың еңселі ескерткіші балқаш мысынан құйылды. Биіктігі 7 метр, салмағы 12 тоннаны құрайтын монументалды жұмысты ол 10 айдың көлемінде әзірлеген. Осы сәттен бастап көптің көңілі семейлік мүсіншіге ауған екен. Оның себебі де түсінікті. Дарынды шебер әр шығармасына аса ыждаһаттылықпен кірісетін көрінеді. Сондықтан да болар, жас мүсіншінің ескерткіштеріне деген сұраныс жоғары. Былтыр Жарма ауданында кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовке арналған семейліктің тағы бір еңбегі оның беделін тіптен асқақтатты. Алты метр биіктікке бой көтерген бұл жұмысқа асылдың сынығы Мұрат Әуезовтің өзі сүйсінген-ді.
– Мүсін – бейнелеу өнерінің күрделі түрі. Қазір оның деңгейі қатты түсіп кеткен. Бұрындары мүсін үгіт-насихаттың рухани қаруы болатын. Онымен адамның жігерін оятқан. Мысалы, Ленинді алып қарайық. Ол өмірде бойы аласа адам болған. Бірақ оның ескерткішін жасағанда, алып тұлғалы етіп көрсеткен. Мүсіннің сан түрі бар. Түйіндей келгенде, барлығы мүсіншінің кәсіби деңгейіне байланысты. Ол спортшы секілді түгел күш-қайратын жұмсағанда ғана мүсіннің көркем бейнесі шығады, – деп атап өтті өнер иесі.
Абай – шығармашылығының шыңы
Бұдан басқа Нұрбол Қалиевтің қолынан Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Болат Тұрлыхановтың, сонымен қатар әйгілі жырау, батыр Ақтамбердінің ескерткіш бюсттері шыққанын айта кеткен ләзім. Білікті бапкердің мүсіні Қалба өңіріне қойылса, түкті жүректі бабаға арналған бюст Аягөздің ажарына айналған. Бұл жауынгер жыраудың соңғы бейнесі емес. Қазіргі күнде оның тағы бір мүсіні қолға алыныпты. Анықталғандай, оны Абай ауданына елімізге белгілі спортшы орнатпақ ниетте. Сол секілді Шығыстың Микеланджелосы (Микеланджело Буонарроти- Еуропадғы қайта өрлеу дәуірінің көрнекті мүсіншісі) Зайсан ауданына Баймұрат батырдың еңселі ескерткішін дайындау үстінде. Оның биіктігі астындағы тұлпарын қоса алғанда 10 метрді құрамақ. Ал өнер иесінің шығармашылығындағы шыңырау шың Абайдың монументалды мүсіні болғалы тұр. Ол Абай ауданының 90 жылдығына орай тарту етіледі. Ұлы ойшылдың көркем туындысы қоладан жасалуда. Осы ретте Н. Қалиевпен бірге алты адам еңбек ететінін атап өткен абзал. Солардың бірі Мұхат Жанұзақовты әңгімеге тартқан едік.
– Бұл салада жүргеніме 15 жыл толды. Расымен де, мүсін жасау – оңай шаруа емес. Мұнда шыдамдылық қажет. Тиянақтылықты талап етеді. Композициялық жұмыстар қиын келеді. Әсіресе, аттың үстіндегі мүсінді айтуға болады. Мүсінші қандай тапсырма береді біз соны орындаймыз. Негізгі ауыртпалық Нұрболдың өзіне жүктеледі. Денсаулыққа зиян материалмен жұмыс істеуге тура келеді. Әр материалмен жұмыс істеуде өзіндік ерекшелігі бар. Мынау жеңіл, анау қиын деуге келмейді, – дейді Мұхат Жанұзақов.
Алтайға түрік қағандарының мүсінін орнатуды көздейді
Шығыс Қазақстан – иісі түркі жұртының алтын бесігі іспетті. Осы өр Алтайдың төріне өнер саңлағы түркі қағандарына арнап композициялық монументті салуды көздеп отыр. Дәлірек айтсақ Күлтегінге ансамбльдік кешенді орнату – талантты мүсіншінің тағы бір асыл мұраты.
– Семей қаласына Қабанбай батырдың ескерткішін қойғым келеді. Халық «Абайдан асқан ақын жоқ! Қабанбайдан асқан батыр жоқ!» – деп бекер айтпайды ғой. Сондықтан Дарабозға лайық мүсін тұрғызылса екен деймін. Құсмилия Нұрқасым ағамыз алдында бір жоба жөнінде сөз қозғап еді. Ол Күлтегіннің ескерткішіне қатысты. Оған көп ойлану керек. Бүкіл өнер мен мәдениеттің ошағы – Алтай десек күмәнсіз. Сол себепті неге облыс орталығына ұлы қағандарға арнап сәулеттік кешен тұрғызбасқа?! Түпкілікті маған тапсырса екен деп айтпаймын. Десе де, соған өз үлесімді қосқым келеді. Бірақ байқау арқылы қатыссам, қуанышты болар едім. Ал байқауда мықтылар ғана таңдалады деген сенімдемін, – деп қорытындылады өз пікірін Н.Қалиев.
Қазақстан бойынша кейіпкеріміздің 15 ескерткіші бой көтеріпті. Ал Шығыста олардың саны жетеу. Десе де, бұл көрсеткіш әлі еселенетіні шүбәсіз.
Жақсылық Мұратқали
Семей.