Құнанбай қажы қалай тасада қалып қойды?

Семей қаласының Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде ҚР Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның Орталық сараптама кеңесінің көшпелі мәжілісі өтті. Көшпелі мәжілісте «Рухани» жаңғыру» бағдарламасының облыста, оның ішінде жоғары оқу орындарында орындалу барысы талқыланды.

Алғашқы боп сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы облыста кешенді түрде қолға алынғандығын, тарихи-мәдени жерлерге экспедициялық түрлі бағыттағы шаралардың жүргізілгендігінен хабардар етті.
Мәжілісті ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Орталық сараптама кеңесінің сарапшысы Дихан Қамзабекұлы жүргізіп отырды. Алқалы жиынға э.ғ.к., профессор Ерлан Арын, ҚР Инвестициялар және даму министрі қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Берік Уәлиұлы, профессор Аманжол Әлтай, Семейдегі Шәкәрім университетінің ректоры, профессор Мейір Ескендіров, Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректорының м.а. Сәуле Рахметуллина, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлкеттік университеті тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Ирина Ровнякова және тағы басқалары қатысты.
Сараптама тобы құрамында келіп сөз алған доцент Серікзат Дүйсенғазы, ғалым Ерлан Сайлаубайлар Алаштану мәселесін жоғары деңгейге көтеру қажеттігі туралы нақты ұсыныстар мен пікір білдірді. Сондай-ақ, мемлекеттік Елтаңба авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібеков Астанадағы Тұңғыш Президент музейінің барлық қалаларда бөлімдері ашылуы қажеттігін, оның ішінде Семейде де ашылып жатса, барлық керек-жарақты жеткізудің мүмкіндігі бар екендігін айтып өтті.
Жиында белгілі болғандай Астанадан ат арылтып келген сарапшылар рсепубликалық және халықаралық деңгейдегі жобаларды қалыптастырудың қажеттігіне баса назар аударуды қолға алмақ. Астанадан «Абай» институтын ашу және «Абай» журналын жоғары деңгейде шығару көзделген.
Профессор Дихан Қамзабекұлы өз сөзінде «Алтай-Тарбағатай» кітапханасы бойынша Ақтамберді жырау, Дулат Бабатайұлы және тағы басқа да көптеген шығармалардан тұратын кітаптар шығару қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, «Алаш автономиясы және өңірден шыққан тарихи тұлғалар» бойынша жобаларға айрықша назар аудару керек, деді ол.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының Шығыс Қазақстандағы өңірлік жобалау офисінің жетекшісі Мәдениет Ахметова туризмді дамыту, киелі жерлерді аббаттандыру, Ақсуаттағы Ырғызбай баба кесенесіне тарихи маңыз беру туралы тамаша сөз қозғады. Сол сияқты археологиялық зерттеулер жүргізу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі ережелерін оқу үдерісіне енгізу, студенттік бастамаларға қолдау беру мәселелері да талқыланды.
Жарыс сөзге шыққандардың бірі профессор Арап Еспенбетов Абайды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізі етіп алған дұрыс, десек те осы уақытқа дейін әкесі Құнанбайдың еңбегі дұрыс бағаланбай, назардан тыс қалып отырғандығына сын-пікір білдірді.
-Халықаралық дәрежеде Абай брендке айналуы керек дейсіздер бұл өте дұрыс, бірақ, Абай бар да, оның әкесі Құнанбайдың бар екендігін түсіндіру қиын боп тұр бұл заманда,-деді Арап Сіләмұлы,- Қазақстанның киелі жерінің жағрафиясы дегенге Құнанбайдың мекені, қорымы кірмей қалуы деген не сұмдық?! Бұны кім ұсынбаған сіздерге, қалалық әкімдік пе, облыстық па, неге назардан тыс қалып отыр. Осыны назарға алсаңыздар.
-Біз Семейде жүріп Алаш тақырыбына нақты жұмыс істейміз,-деді қаладағы «Алаштану» орталығының жетекшісі, ғалым Тұрдықұл Шаңбай,- баяғыда біреулер Шәкәрімнің тойында Семейге он көпір саламыз, өйтеміз-бүйтеміз деп айта берген еді, іс жүрмейді, көп сөз. Ойлап қарасам, айта беретіндер көп, десек те, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай, «Тарбағатай» деген атлас дайындағанымызды көрсетіп, нақты ісіміз жайлы сіздерді хабардар еткім келеді. «Алтай-түркі бесігі» дейміз, «Хан Алтай» деген энциклопедия дайындадық. «Мағжан» кітабы алты тілде жарық көрмекші. 1500 беттік «Семей» энциклопедиясы жарық көрмек. Міне, осының барлығын ешкімнен қаражат сұрамастан өз бетімізше шығарып жатырмыз.
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Мейір Ескендіров «Рухани интеллект» деген ұғымды ғылымға кірігізуді ұсынды. Ғалым жобалар халыққа жақын болуы керек деп санайды. Университет ғалымдары Мұхаңның шығарып кеткен «Таң» журналын қайта шығарған. Биыл Шәкәрімнің 160 жылдығына орай ауқымды шаралар күтіп тұр. Ғалымдар «Үш анық» трактатын қайта дайындап жатыр. Сондай-ақ, рухани, ғылыми жаңалықтарды әлем халықтарына жеткізіп отыру үшін Польшада, Қытайда орталық ашу да жоспарланып отырған көрінеді.
Көшпелі мәжіліс соңында «Іскер азамат-ел тірегі» кіші бағдарламасының белсенділігін арттыру жөнінде ұсыныстар қабылданды. Мәжіліс аясында Л. Гумилев атындағы ЕҰУ және өңірдегі бес университеттің ректорлары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық Меморандумына қол қойды. Сондай-ақ, ҚР Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның Орталық сараптама кеңесінің атынан профессор Дихан Қамзабекұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын облыста жүзеге асырудағы атқарып жатқан жұмыстарына орай облыс әкімі Даниал Ахметовке арнайы алғыс хат табыс етті.
Раушан Нұғманбекова
Семей.