Қоғам

Нан қадірі

«Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» демекші, сонау соғыс жылдарындағы жеген қара нанның дәмі естен кетпейді. Сонда апам айтушы еді, «Үш уақыт талқанмен шай ішсең, құдайға тәубе де…», – деп.

Жол шетінде нан жатты. Өткен-кеткен адамдардың ешбірі оған назар аударатын емес. Тіпті сол жерде жатқан консервінің қалбыры мен бір-екі бос шөлмек сияқты жарты бөлке нанның қалуы оларды селт еткізбейтіндей.

Бір кезде балдағына сүйенген қарт кісі өте беріп кілт тоқтады. Басын шайқап, әлдекімдерге налыған кейіппен күбірлей сөйлеген қалпы нанды аялай ұстап ұзай берді. Осы көрініс менің көз алдымнан кетпей қойды. Содан бері қазіргі жастардың нан қадіріне жете бермейтіні туралы, күні кеше балалардың тамағы тоқ, алаңсыз өмір сүруі үшін талай боздақ қан төксе, бүгінде әрбір түйір дәннің қаншама бейнет, тер төгу арқылы келетіні туралы көп ойлаймын. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы адамдыққа, елдікке нан тістеп ант еткенінен хабарымыз бар. Мұның өзі халқымыздың қашаннан нанды қастерлейтінін білдірсе керек. Ал бүгіндері кей адамдар сол нанның қадірін ұмыта бастаған сияқты. Олардың қонақ дастарханындағы тағам молдығы, алуан түрлілігі көз тұндырады. Ертегіде айтатындай, құс сүтінен өзгенің бәрі болады, арақ-шараптың, магазин сөресінде кездеспейтін заттардың көпшілігі соншалық, кейде тіпті нанға орын тимей де қалады. «Арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен» дей отыра, «Ас атасы – нан», нанды қадірлейік ағайын!

Совет Салиев, Зайсан ауданының Құрметті азаматы

Осы айдарда

Back to top button