ҚоғамТОП

Нәресте сүйгісі келетіндерге үміт сыйлайды

Бір «шикі өкпені» бауырына басып, ата-ана атануды армандап жүргендерге «Аңсаған сәби» бағдарламасының шапағаты тиіп жатыр. Бағдарлама 2021 жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша басталған болатын. Жоба жұмыс істеген үш жылда өңірде (алғашқы екі жылда қазіргі Абай облысын қосқанда) 1265 квота бөлініп, 462 сәби дүниеге келді. Үш жылда 11 егіз, үш үшем өмір есігін ашты

«Аңсаған сәби» бағдарламасына кімдер қатыса алады? Оның алгоритмі қалай? Оған дайындық қалай жүргізіледі? Мақаламызда біз осы сауалдарға жауап іздедік.

Статистикаға сүйенсек, елімізде отбасылардың шамамен 16%-ы бала сүйе алмайды екен. Алайда облыстағы экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасының үйлестірушісі, репродуктолог Надира Слямханқызы бала көтере алмайтын ерлі-зайыптылардың саны статистикалық деректерде көрсетілгеннен де көп екенін айтады.

Бұрын көп жағдайда бала көтермеу себебі әйелдердің денсаулығына байланысты болса, қазір еркектер арасында белсіздік белең алып барады. Осы орайда отбасылық-демографиялық мәселелерді шешу үшін көмекші репродуктивті технологияларды қолданудың рөлі артты.

Жасанды ұрықтандыру күрделі және қымбат медициналық қызметке жататыны белгілі, оның құны 2 млн теңгеден басталып, ары қарай емделушіге тағайындалған жеке хаттамаға байланысты әр жағдайда бөлек есептеледі.

Әрине, көп отбасының ЭКҰ процедурасына жүгіне алмауының негізгі себептерінің бірі – экономикалық фактор. Сондықтан «Аңсаған сәби» бағдарламасы – мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау, ата-ана болудың бірегей мүмкіндігі. ЭКҰ әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) шеңберінде қаржыландырылады.

Бағдарламаға қалай қатысуға болады?

Репродуктолог мамандардың айтуынша, егер жас жұбайлар отбасы құрғаннан кейін бір жыл ішінде әйел бала көтермесе және бұл кезде жүктіліктің алдын алатын препараттар қолданылмаса дабыл қағу керек. Алдымен тұрғылықты жері бойынша емханадағы отбасын жоспарлау кабинетіне барып тексеріліп, ертерек ем-домды бастаған дұрыс. Отбасын жоспарлау кабинеті қазір әрбір медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымында (емхана, МСАК) бар.  Тексеріліп, денсаулықты түзеу алты айдан 12 айға дейін созылады. Бірден айта кету керек, ЭКҰ  бағдарламасына медициналық көрсеткіштері бар, бедеулік диагнозы қойылған және ол тиісті сынақтармен расталған  жұптар ғана қатыса алады. Есепке тұрып, бір жыл бойы тексеру-емделуден өткен екі серіктес те репродуктологтың кеңесін алады. Бұл үдеріс жылына бір рет жүргізіледі, дегенмен бала көтергенше қайталана береді.

– Иә, тест тапсыру, әртүрлі тексерулерден өту – бұл ұзақ процесс, мұнда басты критерий – дұрыс диагноз қою үшін тиімді тәсілді мұқият таңдау маңызды. Гормоналды өзгерістерді, қабыну процестерін, ықтимал қауіптерді жою керек, егер барлық ем дұрыс жүргізілсе, ем аяқталғаннан кейін функция өздігінен басталады. Жоғары технологиялық зертханалық диагностикадан басқа барлық зерттеулер тегін. Бір ғана шарт: пациент МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуға тиіс, – деп түсіндірді Надира Слямханқызы.

Кезек күту жарты жылдан аспайды

Қазір бағдарламаға қатысу үшін ұзын-сонар кезек жоқ, ары кетсе үш айдан алты айға дейін күтеді. Жергілікті жердегі медицина мекемелері диспансерлік науқастардың, оның ішінде квота бойынша ЭКҰ жасауға мұқтаж адамдардың тізімін жасайды. Содан кейін пациенттердің құжаттары облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы комиссияға жолданады. Құжаттардың үзінді көшірмелері бойынша қатысушының іріктеу талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Комиссия ұсынылған құжаттар негізінде науқастарды экстракорпоральды ұрықтандыруға жіберу туралы шешім қабылдайды. Ерлі-зайыптылардың барлығы дерлік ЭКҰ-орталыққа жолдама алады. Пациенттердің бірінші қадамы сәтсіз болса, онда олар қайтадан тізімге енгізіледі.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша заңды некеде тұрғандарға, азаматтық некедегілер мен жалғызілікті адамдарға ЭКҰ-ны пайдалануға рұқсат етіледі. Әйелдің репродуктивті жасы 49 жасқа дейін. Бірақ клиниканың ішкі хаттамасы бар, 2022 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламалар бойынша шектеулер қойып келеді. Қазір 41 жас және 10 ай.

Қандай жағдайларда ЭКҰ жасалмайды?

Дәрігерлер әйелдердің репродуктивті денсаулығын зерттеу кезінде бірнеше жағдайларға назар аударады. Бұл жатырдың туабітті немесе жүре пайда болған ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісігі, жедел қабыну және кез келген локализацияның онкологиясы. Мұндай факторлар болған кезде экстракорпоральды ұрықтандыру жүргізілмейді.

 

Клиника таңдау ерлі-зайыптылардың еркінде

Емделушілер клиниканы қордың fms.kz ресми сайтына кіру арқылы таңдай алады. Бірінші қадам – «Науқас үшін» бөліміне өту керек. Екінші қадам – «Клиниканы таңдау» бөліміне өтіп, «ЭКҰ қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдардың тізімін» таңдау керек. Жүктелген файлда сіз клиникалардың тізімін, олардың мекенжайы мен телефонын таба аласыз.

Қазір елімізде ЭҚҰ жасайтын 26 клиника бар, оның 21-і – жекеменшік. Бүгінгі таңда біздің өңірде көп жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан екі клиника бар. Бұл – Қазақстандағы алғашқы клиникалардың бірі «Экомед» және «Персона» клиникасы.

Бағдарлама 2030 жылға дейін ұзартылды

Биыл Алматыда «Бедеулікті емдеудің заманауи жолдары. Бүгінгі және болашақ қосалқы репродуктивтік технологиялар» тақырыбында Қазақстан репродуктологиялық медицина қауымдастығының XV халықаралық конгресі өтті.

Ресми статистика бойынша, қазақстандық әр алтыншы отбасы бедеуліктен зардап шегеді. Оған экологияның нашарлығы, әйел мен еркек денсаулығындағы кінәраттар себеп болып отыр. Сондықтан да қазір экстракорпоральды ұрықтану әдісіне сүйенетіндердің саны арта түскен.

– 2021-2023 жылдар аралығында 21 мың отбасына экстракорпоральды ұрықтану әдісі қолданылып, 10 мыңнан астам бала дүниеге келді. Бұл – үлкен көрсеткіш. Енді «Аңсаған сәби» бағдарламасы 2030 жылға дейін ұзартылатын болды. Біз жыл сайын міндетті медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен жасанды ұрықтану жасауды әрі қарай жалғастырамыз. Яғни алдағы жеті жылда 49 мың отбасы аталған бағдарламаға қатысып, ата-ана атану мүмкіндігіне ие болады, – дейді Қазақстан репродуктологиялық медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин.

Аталған Конгресс Қазақстан репродуктологиялық медицина қауымдастығының құрылғанына 15 жыл толуына орай өткізілді. Жиында соңғы 15 жылда елімізде репродуктивті медицина деңгейінің қарқынды дамығаны, елімізге әлемдік жаңа технологиялардың әкелінгені сөз болды. Осыдан он жыл бұрын қолданылған әдістер бүгінде түрленіп, жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.

Ауыз толтырып айтарлық жетістік – жасанды интеллект. Яғни эмбриоскоп таймлапс режимінде сау эмбрионды таңдап, оның даму жағдайын бақылап отырады. Әр 5-10 минут сайын эмбрионды суретке түсіріп, дәрігерге оның әр өзгерісі туралы ақпарат беріп тұрады.

Генетик Марат Отарбаевтың айтуынша, мұндай жасанды интеллект эмбриолог, генетик мамандарға үлкен көмегін тигізіп отыр.

– Жасанды интеллект эмбрионды жатыр қуысына енгізбес бұрын бес күн ғана толған эмбрионға диагностика жасап, тұқым қуалайтын аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Осындай жаңа технологияларды енгізу, басқа елдің тәжірибесіне сүйену және оларды біздің елде қолдануда халықаралық конгрестің пайдасы зор, – дейді генетик Марат Отарбаев.

Өңірде ЭКҰ бағдарламасы арқылы туу көрсеткіші 42%-ды құрайды. Былтыр облыста аталған бағдарлама аясында бала көтерген 94 жүкті әйел есепке алынған. Ал биыл облысқа 252 квота бөлініп отыр.

Осы айдарда

Back to top button