Қоғам

НӘЗІК ЖАНДАР 9 ПАЙЫЗҒА КӨП

Әлемнің жарығы – Ана. Бойымызға қуат, өмірімізге мазмұн беріп отырған да – аяулы аналар. Елдіктің, тыныштықтың, береке мен бірліктің, әр шаңырақтың ұйытқысы болып отырған да – осы аяулы жандар. 2020 жылдың басына Шығыс Қазақстан облысында тұратын нәзік жандардың саны 716 мыңға жуық адамды құраған, бұл ерлерге қарағанда 9%-ға көп.

Статистикалық деректер ұлдарға қарағанда қыздар дүниеге аз келіп, 0-4 жас шамасындағы ұлдардың саны                       (2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша) 1000  ұлға 938 қыздан келгенін көрсетіп отыр. Қыздар мен ұлдардың санындағы кері айырмашылық 37-41 жас аралығында байқалады. Осы жастан бастап келесі жас шамаларына қарай әйелдер саны басым бола бастайды:  1000 еркекке 1007 әйелден келеді. 40-44 жас шамасындағы 1000 еркекке 1070 әйелден, 45-49 жастағыларға 1105 әйелден келеді. Ал 70 жастағы әйелдер саны еркектерден 2,1 есе көп. Шығыс Қазақстанда әйелдердің өмір сүру ұзақтығы ерлерге қарағанда 9,8 жылға жоғары болып, 76,8 жасты құрап отыр.

Ерлер мен нәзік жандардың білім алу деңгейінде де гендерлік айырмашылықтар бар екені рас. 2009 жылғы халық санағының деректері бойынша әйелдердің білім деңгейі ерлерге қарағанда жоғары. Нәзік жанды өкілдердің әрбір сегізіншісі жоғары немесе аяқталмаған жоғары білімді, әрбір төртіншісі арнаулы орта білімді. Еркектердің әрбір тоғызыншысының жоғары және әрбір бесіншісінің арнаулы орта білімдері бар. Бүгінгі күні докторанттардың жалпы санындағы әйелдер үлесі 65%, магистранттар – 61%, резидентура тыңдаушылары – 65%, ЖОО студенттері – 55%, колледж студенттері 48%-ды құрайды.

Еңбек нарығында әйелдердің бәсекеге қабілеттілігі төмен, өздерінің кәсіби, шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру әйелдер үшін анағұрлым қиынырақ дейді әлеуметтанушылар. 2019 жылғы төртінші тоқсанда жүргізілген халықтың жұмыспен қамтылуын іріктемелі зерттеу деректері бойынша жұмыс күшінің жалпы санында әйелдер 348,3 мың адамды немесе облыстың барлық жұмыс күші санының 48,9%-ын құраған. Еңбек нарығында әйелдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі олардың декреттік демалысқа шығуымен, сәбилерінің ауруына байланысты жұмыс орындарында болмауымен түсіндіріледі. Негізгі жұмысынан басқа, әйелдердің иығындағы жүкке үйдің ошағын ұстау мен жайлы жағдай жасау сияқты күнделікті қамқорлық та қосылады. 2019 жылғы алдын ала деректер бойынша облыста 9 мың 300 неке жұбы құрылып, 4 мың 700 отбасы ажырасқан. Некелік-отбасылық қатынастар туу деңгейіне тікелей әсер етуде. Өткен жылы облыста 21 мың 900 сәбидің дүниеге келгені тіркелсе, солардың  48 пайызы қыз бала.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button