Қоғам

НӘТИЖЕЛІ ІС АТҚАРЫЛДЫ

 Биыл облыста сыбайлас жемқорлыққа байланысты 165 қылмыс тіркелсе, олардың 80 пайыздан астамы пара алуға, өз қызметін асыра пайдалануға, бюджет қаражатын жымқыруға байланысты болған. Бұл туралы жылдың 9 айын қорытындылауға байланысты баспасөз мәслихатын ұйымдастырған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті хабарлады.

– Департаменттің өткен тоғыз айдағы жұмысы жаман емес, бірқатар оң нәтижелерге қол жеткіздік, – дейді  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Ерлан Жалмағамбет. – Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау шаралары күшейтілді. Бұған арнайы құрылған мониторингтік топтардың, ақпараттық-насихаттау штабтары мен «Адалдық алаңы» жобалық офисінің қосқан үлесі зор.

Оның айтуынша, департамент жанында құрамына белсенді жастар мен діни қызметкерлер енген аймақтық ақпараттық-түсіндіру штабы құрылған екен. Аталмыш штаб қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы түсіндірумен айналысады. Сондай-ақ арнайы құрылған мониторингтік топтар мен «Адалдық алаңы» жобалық офисі коронавирустық инфекциямен күресуге бөлінген гуманитарлық көмектің бөлінуін және дәрілік препараттардың бағасын зерделеумен айналысады.

– Мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен есеп беруін айшықты ету мақсатында департамент аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе отырып сервистік әкімдіктер ашты. Біздің бұл жобамызды республикалық деңгейде үлгі етуде. Қазіргі уақытта облыста тоғыз ірі ауылдық округте сервистік әкімдіктер ашылып, 232 ауылдық елді мекенде өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары ашылған, – деді Ерлан Жалмағамбет.

Ашық бюджеттік интерактивті картасы жобасы аясында өңірдегі барлық мемлекеттік органдарда 811 млрд. теңгені құрайтын бюджеті жарияланған. Бұдан бөлек, азаматтардың сауаттылығын көтеруге және де халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына өзекті мәселелер бойынша құқықтық көмек көрсететін «ADAL KÓMEK» жобасы сәтті іске асуда.

Жыл басынан бері облыста 11 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, 13 мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор ұйымының жұмысына сырттай талдау жүргізілді. Олардың қорытындысы бойынша бизнес үрдістерді жақсартуға, әкімшілік кедергілерді жоюға, заңнаманы жетілдіруге байланысты 218 ұсыныс енгізілді. Сонымен қатар жыл басынан бері мемлекеттік сатып алуға жүргізілген бақылаудың арқасында «Сатып алудың бірыңғай терезесінде» мемлекеттік органдардың бюджеті бір млрд. теңгеге үнемделді.

– Биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 165 қылмысты тіркесе, оның 86 пайызы сыбайлас жемқорлықпен тығыз байланысты болды. Осылайша, 87 тұлға жауапқа тартылды. Өткен жылға қарағанда ауыр және аса ауыр қылмысқа барғандар саны 108-ден 129-ға өскен. Қызметтің тағы бір мақсаты – жүйелі түрде жасалатын сыбайлас жемқорлыққа қатысты фактілерді анықтап, орындаушыдан ұйымдастырушыға дейінгі тізбектегі тұлғаларды құрықтау болып табылады. Биыл осындай сегіз факті анықталып, сегіз тұлға жауапқа тартылды. Бизнеске заңсыз араласу бойынша 11 факті тіркеліп, тоғыз адам жауапкершілікке тартылды. 13 кәсіпкердің құқы қорғалды, – деді департамент басшысы.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде келтірілген шығынның 1,3 млрд. теңге екендігі анықталып, өткен жылдардағы көрсеткіштен анағұрлым асып түскен.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button