Руханият

Ән салды Әміредей әуелетіп

Ән салды Әміредей әуелетіп


Өскеменде төрт күн бойы дәстүрлі ән әуеледі. Қазақ өнерінің құдіретін Еуропаға танытқан хас талант Әміре Қашаубаевтың 130, Астана қаласының 20 жылдық торқалы тойына орайластырған бұл ән жәрмеңкесін Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігі ұйымдастырды.

Ән салды Әміредей әуелетіп

Дүбірлі доданың шымылдығы Өскемендегі аймақтық коммуникациялар қызметінде түрілді. Республикалық додаға баға беретін қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі Қажыбек Бекбосынов, әміретанушы Жарқын Шәкәрім, Әміре атындағы байқаудың 1980 жылғы тұңғыш жеңімпазы Бақыт Үдербаева, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің репертуарлық саясат басқармасының басшысы Сәбит Барлыбаев бастаған құрметті қонақтар өңірдегі БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.

Мәдениет министрлігі өкілінің айтуынша байқауға Астана, Алматы қалаларынан бөлек, Павлодар, Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан облыстарынан 40-қа жуық дәстүрлі әнші қатысқан. Бұл қырық жылға жуық өткен байқаудың тарихындағы ең көп үміткер қатысқан байқау болып отыр. Себебі де жоқ емес, бас жүлдеге бір миллион теңгеге ие болады. Бірінші орынға 700, екінші орынға 500, үшінші орынға 300 мың теңге жүлде тігілген.

Алтайға ат басын тіреген Қазақстанның халық әртісі Қажыбек Бекбосынов өзінің осы байқауға алғаш рет шақырылып отырғанын жасырмады.

– Елдің шетіндегі Түркістанда жүргендіктен бе, Әміренің тойынан ылғи шеткері қалатынмын. Өскеменде өткен биылғы байқауға шақырған екен, ұйымдастырушыларға рақмет.

Ән салды Әміредей әуелетіп

Жалпы, кешегі дәуір Әміренің атын айтқызбады ғой. Ұстазым Ғарифолла Құрманғалиев: «Шынын айту керек, біз Әміре өлген соң барып, осы өнердің нанын жедік. Халық бізді содан кейін барып көзге іле бастады» деп айтып отырушы еді, – деп ақпарат құралдарының алдында ағынан жарылды халық әртісі.
Ал «қазақтың ән өнеріндегі хас таланттарының көбі Әміренің жасында ақырғы сапарға аттанған» деп сөз бастаған өнертанушы Жарқын Шәкәрім сөзіне дәлел ретінде Иса Байзақов пен Күләш Байсейітованың қысқа ғұмырын келтірді. Қазақ өнерінің көшін бастаған осы тұлғалардың бәрі елуге жетпей елмен қоштасқан. Тылсым дүние… Әсіресе, Қашаубаев тағдыры тіптен тылсым. –Зиратына шейін жоғалып кетті. Алла қолдап, 1974 жылы Мәскеуден Әміренің дауысын тауып, Алматыға алып келдім. Ғарифолла, Жүсіпбек, Қанабек, сол кездегі барлық әншілер: «Ойбай, Әміренің дауысы табылды ма?» деп қатты таңғалды. Сол кездегі Мәдениет министрі Еркінбек Жексенбеков шақырып алды. Дауыстың табылғаны үлкен резонанс тудырды. 1980 жылы Әміре атындағы тұңғыш байқау өтті. Көрдіңіз бе, дауыстың табылғаны Әміренің құлпытасын орнатуға, байқау өткізуге жол ашты. Міне, бүгін Өр Алтайда Әміре атындағы фестиваль өтіп жатыр. Сіздерге көп рақмет. Бүгін Өскеменде 200-300 адамға Әміреге ас берілді. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына, облыс әкіміне, облыстық мәдениет басқармасының басшысына алғыс айтамын, – деді Жарқын Шәкәрім.

Бұдан кейін «Юбилейный» кинотеатрында өткен жылы көрерменге жол тартқан «Әміре» көркем фильмі көрсетілді. Бұл жерге басты рөлді сомдаған актерлер мен фильмнің шығуына атсалысқан шығармашылық топ өкілдері де келген болатын. Кешкісін «Ертіс концерт» залында Әміре Қашаубаев атындағы республикалық байқаудың салтанатты ашылуы болды. Қазылар қатарын жоғарыда айтқан конференция қонақтарынан бөлек дәстүрлі әннің дүлділдері Толғанбай Сембаев, Гүлмира Сарина, Амангелді Күзеубаев, Ербол Айтбаевтар толықтырды.

Ән салды Әміредей әуелетіп

Алтай аспанында аптаға жуық ән қалықтатқан жез таңдай, бұлбұл көмей әншілердің гала-концерті облыстық драма театрында өтті. Ән патшасының атындағы бұл байқаудың ақтық сынында ел мерейін өсіру үшін осы өнердің айбоздары арнайы келіп өнер көрсетті. Айталық, сахна төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Айтбек Нығызбаев үкілі Ыбырайдың «Шалқымасын» шалқытса, Әміре Қашаубаев атындағы VI дәстүрлі әншілер республикалық фестивалінің бас жүлдегері, жерлесіміз Перизат Тұрарова «Гәккуді» шалқытты. Ақан серінің «Балқадишасын» Медғат Манапов әуелетсе, «Маңмаңгерін» Ерлан Рысқали көсілдірді. Арнайы келген қонақтардың өнеріне қазылар қатары да қарап қалған жоқ, сахнаға көтеріліп, сап өнердің үлгісін танытты. Сонымен дәстүрлі әннің биылғы байқаудағы «дарабозы» кім болды, бір миллион кімге бұйырады екен деген сауал әр көрерменді асықтырды. Міне, арнайы сыйлықтың иелері атала бастады. Ғаббас Айтбаев атындағы арнайы жүлде Алматы қалалық «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртісі Қайратбек Бектұрсынға, Қали Байжанов атындағы арнайы жүлде Павлодар облысы, Баянауыл ауданының әншісі Бекзат Әбілдинге, Балабек Ержанов атындағы арнайы жүлде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық кКонсерваториясының студенті Диана Көшербаеваға бұйырды.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Елтоқ Сымбат, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Ермек Нұрлытаң мен Айгерім Жаңатілекова, жерлесіміз, Ақсуат ауылының әншісі Төлеген Шәкәрімов арнайы дипломмен марапатталды. Жүлделі үшінші орынды Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының студенті Диас Мұратхан мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үкілі үміті Біржан Айтахметов бөлісті. Екінші орын Батыс Қазақстан облысынан келген Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Ернар Өмірәлінің қанжығасында кетті. Бірінші орынды Берікбол Көпенұлының әні «Ағаш аяқты» орындған Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Бауыржан Нұрмыханов еншіледі. Бұл әйгілі Әміренің батыс елдерінде айтқан әнін бабасынан айнытпай орындаған Бауыржанға қазылар да, халық та дән риза болды. Ал ерекше екпінімен, өзіндік өрнегімен шынайы жүйріктігін дәлелдеген «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әншісі Асқар Мұқият байқаудың бас жүлдесін талассыз алды. Ол ақтық сында халық әні «Шәпибайауды» шырқаған еді.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button