Руханият

ӘН ӘЛЕМІНДЕГІ ӨРНЕК

     Абай әндерінің мелодиясы, ырғағы, формасы, өзіне дейінгі қазақ әндеріне ұқсамады. Біріншіден – әр әннің өзіне ғана меншікті өлеңі болды. Қазақтың халықтық дәстүрдегі он бір буынды өлеңі секілді әннің сөзін білмейтін не ұмытқан адамның: «Қарағым айналайын келдің қайдан» деп айта беретіндей «еркіндік» мұнда жоқ. Мысалы, «Сегіз аяқты» «Көзімнің қарасы» сөзімен айта алмайсың. Бұл – музыка мен сөздің кәсіпқойлық дәрежеде қосылуы. Осының өзі музыка әлеміне кірген үлкен жаңалық. Осылайша, Абай музыка шығаруға сөз арқылы келді.

Абай бүкіл шығыстың, орыстың, қазақтың халықтық, кәсіпқойлық әдебиетін терең зерттеп, музыкада да ең алдымен қазақтың халық әндерін, күйлерін жақсы білді. Ол Біржанның, Ақанның, Жаяу Мұсаның әндерін жоғары бағалады. Сонымен қатар қазақтың аспапты музыкасын жете білді. Осылардың нәтижесінде Абай қазақтың халықтық музыкалық интонациясы шеңберінде үлкен, терең тамырланған ортада болды. Поэзиясы халықтық демде суарылған болса, музыка дүниесінде де Абай қазақтың халық музыкасының мұхитында тәрбиеленді. Абайдың ән шығарудағы қадамдарының кейбіреулері осы бағытта. Алғашқы форма жағынан да халықтық негізде басталды. Мысалы, «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деген әнінде, сөзсіз, арқаның ән дәстүрі көрінеді. Ол әннің формасында да, интервалдық секірулерінен де, сөздің буындарына сай келетін белгілі созатын, көтеретін жерлерінен де көрінеді. Сол сияқты, «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әнінде де халықтық ән формасы басым. Әрине, бұл әннің мелодиялық дамуында бірқатар жаңалықтар бар. Әсіресе Абай музыка сөйлемінің ортасында бір дыбысты созып, шырқатып тұрмайды. Ол сөзге көбірек мән беруден, бірінші жоспарға кейбір әндерінде сөзін қоюдан болуы да мүмкін. Ал сөзді бөлу-речитативті түйін қазақ музыкасында тағы бар қасиет. Ондай әндер де аз емес. Айтарым – Абай ән шығаруға қазақтың халықтық бай музыка интонациясын жақсы біліп, сол бір ән мұхитын аралап, жүзіп келеді.

Абайдың басқа әншілерден айырмасы, ол қазақ әндерімен қатар орыстың халық музыкасын, қаланың демократиялық әндерін және романстарды есітті.

Абай әндерінің нота үлгілері төңкерістен бұрынғы баспаларда некен-саяқ кездеседі. Жиырмасыншы жылдардың басында А.Затаевич, А.Бимбоэстің жазған әндерінен кейін, Қазақстан композиторлары Б.Ерзакович, Л.Хамиди Абайдың көптеген әндерін нотаға түсірді.

1939 жылы ол кездегі Қазақстанды зерттеу қоғамы Абай әндерін сақтап қалу, дамыту мақсатында бұл мәселеге қайта оралды. Сөйтіп, Абайдың ұрпағы, Абай әндерін орындаудағы беделді әншілердің бірі Мәкен Мұхаметжанованы Алматыға шақыртып, одан Абайдың 16 әнін нотаға жаздырды.

Музыка білімпаздарының бағалауына қарағанда Мәкеннің орындауындағы Абай әндерінің түрлері түпнұсқасына жақын дейді. Абайдың: «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң», «Сен мені не етесің?», «Қор болды жаным», «Біреуден біреу артылса», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем қаламқас», «Ата-анаға көз қуаныш», «Сүйсіне алмадым, сүймедім», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Сұрғылт тұман, дым бүркіп», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Татьянаның әні», «Онегиннің өлердегі сөзі», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Ішім өлген сыртым сау», «Қарашада өмір тұр», «Желсіз түнде жарық ай», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Онегиннің хаты» тағы басқа әндері бар. Бұл аталғандардың әрқайсысының бірнешеуден түрлері бар.

Көргені, білгені көп, рухани аса бай Абай тек ән шығарып қойған жоқ. Ол сол мезгілге қарай үлкен сыншы, біліп баға беретін адал төреші болды. Ол тек өз әндері туралы емес, жалпы музыка жайлы, ән-күй айналасында орындаушылық мәселесінде де терең, философиялық пікірлер айтты.

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең»,  деп өмір шымылдығының музыкамен ашылып, музыкамен жабылатынын, дүниеде музыкасыз ешбір кезең жоғын айтып, бесіктен көрге шейін музыканың жолдас болып жүретінін дәл көрсетті.

«Ата-анаға көз қуаныш» әнінде ақын жастарды қайғы-қамсыз, алаңсыз өмір сүрмеуге, оқу-білімге ұмтылып, өз болашақтары туралы ойлауға, ата-ананың үміті мен сенімін ақтауға шақырады. Әннің байсалды, бір қалыпты әуені жастарды халқының жарқын болашағы санап, әрқашан олардың тағдырын ойлайтын ұстаздың даналық өсиетін бейнелі түрде жеткізеді.

Махаббат лирикасы тақырыбындағы айшықты әндерінің бірі – «Желсіз түнде жарық ай». Бұл әнде композитор махаббат мұңын табиғат үнімен, табиғат бояуымен астастырып, тұтас бір бедерлі сурет тудырған.

«Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп.

Ауылдың маңы терең сай,

Тасыған өзен күрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы,

Сыбдырласып өзді-өзі.

Көрінбей жердің топырағы,

Құлпырған жасыл жер жүзі».

Өлең мен әуеннің мінсіз жымдасуынан туған біртұтас көркем дүние айлы түнде бозғылт тұманға бөккен өзеннің сылдырын, тау жаңғырығы мен сыбырласқан ғашықтар үнін көз алдыңызға әкеледі. Әннің қоңыржай әуені кешкі қоңыр самалдың үп еткен лебінен туғандай әсер қалдырады. Ән сазы байсалды, бір қалыпты, мәнерлі.

«Сұрғылт тұман дым бүркіп» әнінде Абай жігіттерді өмірде кездесетін қиындықтарды жеңе білуге, жігерсіз, рухсыз, дәрменсіз болмауға үндейді. Ән әуені қаһарлы, қайратты. Бірде квинта, бірде лад тоникасында аяқталатын күрделі метроритмикалық құрылымның ішкі қуатты, серпінді фразасынан құралған. Жоғары өрлей дамитын минорлық әуен арқылы әннің музыкалық көркемдік қасиеті өлеңнің терең поэтикалық мазмұнымен нәзік үйлесім тапқан.

Абай әндерінің табиғатын аша отырып, Ахмет Жұбанов былай деп жазды: «Өзінің табиғаты, рухы жағынан Абай әндері ұлттық сипатта, қазақ халық музыкасының дәстүрінде шығарылған. Орыс әндерінің және демократиялық, тұрмыстық романстардың кейбір белгілері мен элементтерін қолдану арқылы Абай қазақтың музыкалық «сөздігін» кеңейтіп, байытты.

А.Жұбанов Абайдың поэтикалық және музыкалық творчествосына әйелі Әйгерім, балалары Әбдірахман мен Ақылбай, әнші Әлмағамбет, скрипкашы Мұқаның зор әсер еткенін айтады. Абай әндерінің алғашқы орындаушылары болған олар өзіндік творчестволық лаборатория іспеттес еді. Абай әндері көпке таралмас бұрын үй іші, достарының, ауылдастарының арасында шырқалды. Абай әндері үзінді ретінде және негізінен түрлендірілген сипатта көптеген камералық, симфониялық хор және опера музыкаларына арқау болды. Олар халық әншілерінің домбырамен дәстүрлі орындауында, профессионалды композиторлардың фортепиано мен дауысқа, хорға, аспапты ансамбльдерге лайықтаған, өндеген түрінде концерттерде, радио мен теледидардан жиі шырқалды.

Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі олардың халық жүрегінде сақталуында. Композитор болғанымен, нота білмеген Абайдың әндері ауызша таралды. Абай әндерінің халыққа кең таралуына, біріншіден, ән табиғатының халыққа жақындығы, тыңдаушысын баурап алар тосын әуен мен терең мазмұн болса, екіншіден, сол әндерді үлкен сахна-сахарада нағыз күміс көмей әншілердің хас шеберлікпен орындауында.

 Бұлбұлназ Мұратқызы,

Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік қорық музейінің ғылыми қызметкері

Осы айдарда

Back to top button