Мұзтауға шығып, Астананың туын тігіпті

БҰҰ, Еуропа даму және қайта құру банкі, Азия даму банкі, «Қазақ туризм» сияқты мүйізі қарағайдай ұйымдардың өкілдерінен құралған топ Мұзтауға шығып қайтты.
Жаз келсе Өр Алтайға мейман қаптайтын әдеті. Бірі табиғаттың тамашасына тамсану үшін келсе, бірі денсаулығын түзеп, дертіне ем табу үшін ағылады. Тағы бір топ тіпті қаланың қарбаласынан құтылып, алаңсыз ән салу үшін аяқ басады мұнда. Ал біз Өскемен әуежайынан қарсы алған топтың мақсаты өзгелерден сәл ерекшелеу болатын. Тәкаппар Мұзтау игі ниетпен барған экспедицияны жақсы қарсы алған сияқты. Жүздерінде жымиыс, көздерінде ұшқын бар. Екі апта бұрынғы келбеттері адам танымастай өзгерген. Беттері жел мен күнге тотығып, қошқыл тартыпты. Иә, осыдан екі апта бұрын 30 адамнан құралған экспедиция Катонқарағайды бетке алған болатын. Мақсаттары аталмыш ауданның ең көрікті жерлерін аралап, фильм түсіру, Мұзтаудың басына Астана қаласының туын тігу екенін өткен мақаламызда жазғанбыз.

– Мұзтау бізді құшағына енгізді. Әсер ерекше. Мен де енді автоматты түрде сіздердің жерлестеріңізге айналдым, – деп бастады әңгімесін Асқар Намазбаев. Еуропа даму және қайта құру банкі директорының орынбасары тауға шығамыз деп іріктелген 16 адамның 11-і мақсатына жеткенін айтады. Өмірінде бірінші рет шыңға өрмелеп тұрған адамдар үшін бұл үлкен жетістік. Экспедицияны Мұзтауға бастап шыққан кәсіпқой альпинистер осылай деді.
Шыңға өрмелеу барысында шырғалаң да аз болмапты. Ол туралы экспедиция мүшелері әуежайдың асханасында ұйымдастырылған шағын мәслихатта кезек-кезек айтты.
Өскеменнен жұдырықтай жұмылып шыққан 30 адам Катонқарағайға жеткен соң үш топқа бөлінген екен. Бір топ Катонқарағай ұлттық паркі түзген туристік маршруттардың әлеуетін саралауды көздесе, тағы бір топ ауыл туризмінің даму деңгейіне диагноз қоюы керек болған. Ал негізгі топтағы 16 адам Мұзтаудың басына бірге шығуы керек еді. Дегенмен, теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікке көтерілгенде үш адам өз шамаларын бағамдап, кері қайтқан. Тағы бір адамның кеудесіне мұздықтан құлаған тас тиіп, орта жолда қалған. Кенеттен тиген тастың салмағы екі келіге таяу болса да, денсаулығына айтарлықтай зиян келмепті.
Шыңға шыққан шымыр жандар Мұзтаудан алған әсерін Астанаға ұшар уақыт келгенше баяндауға бар еді. Әсіресе, Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джовани Капанеллидің әсері ерекше көрінді. Бірақ бізді экспедиция сапарынан Катонқарағай ұлттық мемлекеттік табиғи паркіне, саны күн сайын азайып келе жатқан аудан халқына қандай пайдасы болады деген сауал көбірек мазалады. Ол сауалымызға БҰҰ даму бағдарламасының биоалуандылық бойынша жоба менеджері Талғат Кертешев жауап берді.

«Үш топ та өз мақсатына жетті. Мұзтау туралы әлемнің жетекші арналарынан деректі фильм ұсынбақшымыз. Оған қажет материалды молынан жинадық. Әлемнің туристері сол фильм арқылы әйгілі Мұзтауға Қазақстан аумағы арқылы да шығуға болатынын және ол сапар өзге маршруттардан әлдеқайда мазмұнды екенін білетін болады. Катонқарағай ауданында туризм жергілікті халықтың қатысуымен дамуы керек. БҰҰ-ның бұл жобаны қолға алғандағы мақсаты сол. Туристерден түсетін пайданы компаниялармен бірге жергілікті халық көруі керек. Экологиялық туризмнің артықшылығы осында. Сапар барысында туристерге өз үйінен бөлме ұсынып, қызмет көрсететін жанұялармен сөйлестік. Қолданыстағы туристік маршруттар қаншалықты тартымды деген сұраққа жауап іздедік. Инфрақұрылым жағынан жөндемей болмайтын кемшіліктер бар. Өзеннен өтетін көпірлердің көбі тозып тұр. Бұл, біріншіден, адамның қауіпсіздігі үшін қажет. Осы сияқты дүниелердің бәрін өзімізге түртіп алдық. Сол түртіп алған дүниелер бойынша Катонқарағай ұлттық мемлекеттік табиғи паркімен бірлесе отырып, бес жылдық стратегия дайындаймыз. Оның аясында туристерге қызмет көрсеткісі келетін отбасыларға гранттар мен несие беруіміз мүмкін. Халыққа осы жағынан пайдалы бұл сапар», – деді ол.
БҰҰ өкілі Катонқарағайдың адамдары табиғатына тартқанын айтады.
– Бұл өлкенің табиғаты қандай әсем болса, тұрғындарының мінезі де сондай көркем екен. Енді бірнеше жылдан соң аудандарыңызға ағылған туристе есеп болмайды деген сөзімізге олар аса қуана қоймады. Олар мұнда табиғаттың қадірін білетін адамдардың ғана келгенін қалайды екен. Олар табыс табу үшін әр туристің айтқанын бұлжытпай орындаудан аулақ. Бұл жағын да ескеру керек. Алтайдың аңнан басқа тіршілік иесі аяқ баспаған жерлеріне тәулігіне неше адамның табаны тию керектігін есептеу қажет. Әйтпесе, мұндағы тұмса табиғат бүлінеді, өзгеріске ұшырайды, – деді Талғат Кертешев.

Бұл ойды қонақжай баспаналардың әлеуетін зерттеген топтың басшысы Ирина Горюнова да қостады.
– Қаладағы жайлы өмірін тастап, туған өлкесіне оралған кәсіпкер әйелмен таныстық. Оның демалыс базасына бір маусымда ондаған адам ғана келеді екен. Мүмкіндігі болса да, сан қуып жүрген ол жоқ. Алтайдың қасиетін білмеген адамға бұл жаққа келіп қажеті жоқ екенін айтады. Ара бағып, бие байлаған, бұғы асырап, бұлау қайнатқан катонқарағайлықтардың тұрмыс-тіршілігі-ақ бір фильмге жүк болады» – дейді ол.
Алты түн, бес күн жүріп Мұзтауға шыққан экспедиция шыңға Астананың туын тігіпті. Сол бір жарқын сәттің суретін олар елорда әкіміне салтанатты түрде табыстамақшы. Бір жарым күн атпен, бірнеше күн арқанмен Мұзтауға өрмелеген тауқұмар топ мұнда қайта айналып соғатындарын айтады. Ол кезде өздерімен бірге танымал шетелдік журналистер мен блогерлерді ала келмекші.
Есжан Ботақара