Мұзтауға елорданың туын тікпек

БҰҰ, Азия Даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, «Қазақ Туризм» ұлттық компаниясы сияқты ұйым өкілдерінен құралған халықаралық экспедиция Мұзтауға аттанды.
Экспедиция мүшелері сапар алдында БАҚ өкілдерімен брифинг өткізген болатын. 30 адамнан құралған команда 3 топқа бөлініп, Катонқарағай ауданының ең көрікті жерлері туралы танымдық деректер жинамақшы. Негізгі топ Мұзтау шыңына өрмелеп, тау басына биыл 20 жылдық мерейтойы тойланып жатқан Астана қаласының туын тігуді жоспарлап отыр. Оларды қазақстандық кәсіби альпинист Василий Певцов бастайды.
– Әлемде 8000 метр биіктікке оттегі пердесінсіз шыққан 12 альпинист қана бар. Соның бірі – сіздердің отандастарыңыз Василий Певцов. Шыңға бізді сол бастап жүреді, – деді Азия Даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джованни Капанелли.
Бұл экспедиция БҰҰ-ның өңірлерде экотуризмді дамыту бағдарламасы аясында ұйымдастырылмақ. Сапар барысында Мұзтау мен Катонқарағай ұлттық мемлекеттік табиғи паркі туралы бірнеше шағын фильм түсіру көзделген.
– Ең негізгі фильм Мұзтау туралы 20 минуттық қысқаметражды деректі фильм болмақ. Қалғандары Катонқарағай халқының тұрмыс салтын, өзге де көрікті орындарын қамтиды. Кейін ол фильмдерді National geographic сияқты әлемдік арналар арқылы таратуға күш саламыз, – деді БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілі Ирина Горюнова.
Экспедиция жоғарыда аталған ұйымдардың демеушілігімен, Катонқарағай ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің атсалысуымен жүзеге аспақ. Жолға шыққан экспедиция Мұзтау шыңына 5 күннің ішінде шығып үлгереміз деп отыр.
Есжан Ботақара