Мұзтау туристік брендке қашан айналады?
Мұзтау жайында аңыз көп, ал ақиқат біреу. Мәңгі тоң құрсап жатқан шыңды тибеттіктер екінші әлемге жол ашар қақпа деп білсе, заманауи зерттеушілердің кейбірі Шыңғыс ханның сүйегі етегінде көмілген деген долбар айтып жүр. Петр патшаның заманында тау түбіндегі алтынды қорымдарды тып-типыл еткеніне де сенетіндер бар. Айта берсе, аңыз бітпейді. Ал ақиқаты қандай?
Жалғыз ақиқат сол, Мұзтауды біз туризм Меккесіне айналдыра алмай отырмыз. Әйтпесе, теңіз деңгейінен 4506 метр биікте тұрған мәңгі мұздықтың қойнауы толған сыр. Ұлы Гималайды мекендесе де тибеттіктердің Мұзтауға бас ұруында не сыр бар? Олардың түсінігінде жердің кіндігі Мұзтау шыңында жасырынған.
Бұл аңыздарды неге тізіп отырмыз? Өйткені, туризмнің негізі – жарнама. Ал Мұзтаудың жарнамасын ол жайында аңыздардай ешкім бере алмайды. Мойындау керек, «баурайында жүрген соң, биіктігін байқамай», өзіміз танымай жүргеніміз болмаса, әлем зерттеушілерінің назары баяғыдан ауған бұл тауға. Орыс суретшісі Николай Рерих негізін қалаған «Жанды этика» ілімі бүгінде түрлі діни ұйымдар мен мәдени бірлестіктер ретінде АҚШ, Батыс және Шығыс Еуропа, Үндістан және Қытай елдеріне тараған. Ал солардың барлығының қасиет тұтар қағбасы – осы Мұзтау. Үндінің көне жырлары бойынша әлемдегі барлық су атаулының қайнары үндіше Меруде, яғни, осы Мұзтауда. Бұл аңызға таудың Үнді, Тынық және Солтүстік Мұзды мұхиттардан бірдей қашықтықта жатуы себеп болса керек. Ал Николай Рерих Мұзтауды жер шарының ғарыштан қуат алатын нүктесі деп санаған. Алтайлық жұрт болса бұл тауды Жетіқарақшының қазығы деп тәмсілдейді. Үндінің «Махабхарата» дастаны Будданың Тибет пен Аграға Мұзтаудан барғанын айтады. Осы дастанға сүйеніп, оны буддизмнің ошағына балайтындар көп. Жарнамасын жақсылап жүргізсе, аталмыш дінді ұстанатын халықтар бізден алыста да емес. Алайда, осыған қарап, Мұзтауды буддалықтардың діни ұйығы ғана болған деуден аулақпыз.
Бұл жерде көк түріктің ізі қалған
Ақ Бұрхан жайындағы ежелгі Алтай аңызы түріктердің «Ергеноқон» әпсанасымен сарындас. Қанды шайқаста ойсырай жеңіліс тапқан Алтай Ойрот билеушісі халқын Мұзтауға паналатып, өзі бір топ әскерімен ұзақ сапарға аттанады. Халқымен қоштасып тұрып, Ақ Бұрхан міндетті түрде қайтып келіп, алтайлықтардың мемлекетін қалпына келтіретінін, ол келгенде Мұзтаудың үшбасты шыңы белгі беретінін ескертеді. Жер сілкінісінен Мұзтаудың бір басы құлағанда ежелгі аңыз жадында қалған алтайлықтар біраз дүрлігіп басылған екен.
Мұзтау аңыздан басқа несімен тартымды? Бұл шыңның маңайында алтынтамыр мен маралтамыр сынды 200 түрлі дәрілік шөптер өседі. Дәстүрлі медицинасы дамыған тибеттіктердің көнеден бұл тауды құдірет тұтуының бір ұшығы осында жатуы да мүмкін. Мұзтау қойнауында тереңдігі 500 метрге, ұзындығы 3,8 шақырымға дейін жететін Қамышлы сынды алып үңгірлер бар. Кезінде осы үңгірлер Тибетке дейін апаратын жерасты дәлізі болған деседі. Ең қызығы, табылған үңгірлердің барлығында адам тіршілігінің іздері қалған. Сол үңгірлердің бірінен табылған түрлі пішіндегі текше тастар мұнда ежелгі обсерватория болғанын меңзейді. Мұзтауды бөгдепланеталықтардың жердегі айлағы деу де осы тастарға байланысты шықса керек. Осы айтылған деректің бәрі Мұзтау төңірегінде ежелгі Майя тәрізді озық өркениет болуы мүмкін деген ойға жетелейді. Табиғаттан тылсым, тарихтан сенсация іздеген туристер үшін Мұзтау осы қырларымен құнды.
Жаз түсе тибеттік тақуалар Ресей арқылы Мұзтауға ағылады. Тек діни рәсімдерге ғана көршіміз арқылы 2500 турист келеді екен. Мұзтау ортақ болғанымен, туристерден түсетін табыстың көбі Ресейге кетіп жатуы заңды да. Өйткені, біздегі шекаралық аймаққа өту ережелері туристерге көп кедергі келтіреді. Әйтпесе, Катонқарағай ұлттық табиғи паркі Мұзтаудың етегіне апаратын «Ақ Берел» экологиялық соқпағын түзген. Бұдан бөлек Жазаба және Көккөл сарқырамаларын жалғап жатқан туристік маршрут арқылы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде вольфрам өндірген Көккөл кенішіне баруға болады. Бір қызығы, кеніш орналасқан бөктерде шілде айында да жасыл шөптің бетіне қар түсе береді. Бір жағынан тұмса табиғатты сақтау үшін, бір жағынан көлік бармайтын жерлерді қамту үшін бұл бағыттарда жаяу және атты маршруттар ұйымдастырылған. Соқпақ аяқ суытатын арнайы күркелермен, туристпаналармен, қоқыс салатын жәшіктермен жабдықталған. Бұл өз кезегінде демалушылардың бейберекет шашырап, айналаны қоқыспен ластауына, кез келген жерге от көсеуіне жол бермеудің бірден-бір тәсілі болып отыр.
Пәк табиғаттың ортасында тұрғанымен Мұзтауда төрт бірдей мемлекеттің шекарасы түйісетіндіктен, оған шығуды былай қойып, маңайына жолаудың өзі күрделі шаруа. Шетелден ат арытып келген турист Мұзтауды маңайынан көру үшін әуелі ішкі істер департаментінен шекаралық аймаққа өткізетін рұқсат қағазын рәсімдейді. Оған өтініш аптаның үш күнінде ғана қабылданатынымен қоймай, жауабы жеті жұмыс күні өткеннен кейін беріледі. Қолына рұқсат қағазы тиісімен Катонқарағай ұлттық паркіне шекаралық аумақта инспектордың жол сілтеу қызметіне 400 теңге, жабдықталған соқпақты пайдаланатыны үшін күніне 350 теңге төлейді. Өрелдегі шекаралық комендатурадан Мұзтауға қарай өту үшін тағы рұқсат алу қажет. Ол үшін туристік топтың тізімі Күршімдегі заставадаға жетіп, сонда бекітілуі тиіс. Бұл да туристердің бірнеше күнін ұрлайтын процестер. Тәкаппар тауға осының бәрінен өтіп қана жетесің. Жалпы Мұзтауға Ресей шекарасына кірмей-ақ өтетін жол алты жылдан бері белсенді пайдаланыла бастаған. Алайда, екі жыл бұрын шығарылған ережелер бұл процесті бүгінгідей тым созылмалы етіп жіберді.
Аталған мәселелер ұлттық парк тарапынан көтеріліп келеді. Жуықта ғана «Үлкен Алтай» туристік жобасы аясында ресейлік тараппен бірлескен мәжіліс өтті. Сол мәжіліс барысында Қазақстан туристік қауымдастығына трансшекаралық аумаққа уақытша өткізу бекетін құру бойынша қолдау көрсету жөнінде өтініш жіберілді. Бұл өтініш рет бойынша құзырлы орындарға дейін жететін болады.
-Аталмыш бекет тек маусым қызған шақта туристерді жедел өткізіп қана қоймай, төтенше жағдайлар кезінде парк қызметкерлерінің кедергісіз өтуіне де жол ашар еді, – дейді ұлттық парк директорының орынбасары Раушан Қырықбаева.
PS: Кезінде осы өлкеде болыстық билік жүргізген Әбдікерім Қытай жеріне асып бара жатып, артына қайырылып: «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», – деп көзіне жас алған екен. Қан-қасап заманда Алтайдың көркі мен биіктігі үркінді елге медет бола алмағаны шындық. Ал бүгінгі бейбіт заманда оның осы қасиеттері баурындағы халыққа үлкен мүмкіндіктер ұсынып отыр. Ол үшін Мұзтау туристік брендке айналуы тиіс. Ал Мұзтау брендке айналуы үшін әуелі туристерді қабылдау тетіктерін мейлінше жетілдірмей болмайды.
Есімжан Нақтыбайұлы,
Катонқарағай ауданы.