«Мұз елінің» мұзбалақтары арыстанды алып ұрды
Сенсация! Аттың түгіндей көп ағылшындар ат төбеліндей ғана халқы бар Исландиядан жеңілді. Осыдан соң аяқдоптың отаны Англия деп айтып көріңіз.
Ағылшындармен қол ұстасып испандар да үйлеріне қайтты. 1/8 финалда «қызыл фурияның» жолына «скуадра адзурра» тосқауыл болды. Білікті бапкер Антонио Конте италиялықтардың Еуро-2012 финалында испандарда кеткен есесін қайтарды. Джорджо Кьеллини мен Грациано Пелле соққан қос голдың арқасында апенниндіктер ширек финалға шықты. Францияға қатарынан үш мәрте Кәріқұрлық чемпионы атануды көздеп келген испандардың жеңілісінен кейін құраманың бас бапкері қызметінен кетті. Кететін жөні де бар. Осы чемпионаттың алдында бірқатар сарапшы мамандар егде тарта бастаған Дель Боске бапкердің командаға берері таусылғанын, «қызыл фурияның» жаттанды тики-такасын (ойын тактикасы) кәсіби футболшылар былай тұрып, аяқдоптың әліппесін енді оқып жүрген жеткіншектер де жақсы білетінін, оны өзгертпесе алысқа бармайтынын айтқан. Айтқандары айдай келді. Шеберлігі мен функционалдық дайындығы қарсыласынан артық демесеңіз бір мысқал кем соқпайтын испандардың катеначчоға қауқар таныта алмауы ең алдымен бапкердің кінәсінен болса, екіншіден италиялықтардың жасыл алаңдағы жанкештілігінен. Алаңның бір шаршы метрі үшін таластан тартынбаған Италия құрамасы әйгілі Цезарьдің әскеріндей тегеурін көрсетті қарсыласқа. Енді Конте «жауынгерлері» 1/4 финалда немістерге қарсы «жорыққа» шығады.
Плей-оффтағы басты сенсация ол – Исландияның жеңісі! Бір Өскеменнің тұрғындарындай ғана халқы бар (310 мыңнан астам) Мұз елінің өкілдері «арыстанды» алып ұрды. Масқара жеңіліске төзе алмаған ағылшын бас бапкері Рой Ходжсон матч аяқталысымен Англия футбол қауымдастығына қызметінен өз еркімен кететіндігі туралы өтініш жазып жіберді. Басқаша болуы мүмкін де емес еді. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демекші, қанша жерден кілең «жұлдыздардан» құралған команданы баптап қосса да ірі доп додаларында ағылшындардың бағы жанбай келеді. Әйтпесе Уэйн Руни, Гарри Кейн, Дэниель Старридж, Адам Лаллана сияқты ағылшын премьер лигасының көрігін қыздырған мықтылармен Сигурдссон, Сигторссон, Арнасон секілді шылғи «сондардан» жасақталған аутсайдер команданың әлеуетін салыстыруға келмейді әрине. Дегенмен таудай талаптан, бармақтай бақ озды. Алақандай аралдан келген құраманың тілеуін тілеген көпшіліктің ниеті қабыл болды. Қырық жылғы қырсықтан құтыла алмай келе жатқан ағылшындар Еуропа чемпионатын тағы да орта жолда аяқтады. Бұл қырсық әлі қашанға дейін жалғасарын құдай білсін…
Мұз елінің «мұзбалақтарын» алда бұдан да қиын сынақ күтіп тұр. Ширек финалда олардан жарыс қожайындары француздар емтихан алады. Иә, дәл солай. Әлем және Еуропа біріншіліктерін ұтқан үш жолақты елдің командасы қалпақпен қағып алатын оңай қарсылас емес. Бұл кездесуде басты фаворит Дидье Дешам шәкірттері екені даусыз.
Қызықты деректер
Исландия құрамасын жаттықтыратын екі бапкердің біреуі Хеймар Хадльгримссон тіс дәрігері болып жұмыс істеген.
Исландия құрамасының көзі тірі аңыз футболшысы Эйдур Гудьонсен Еуро-2016 доп додасына 37 жасында қатысып отыр. Жай көрермен ретінде емес, кәдімгідей команда сапындағы ойыншы ретінде.
Исландия құрамасының қақпашысы Ханнес Хадльдоурссон негізінен атшабарда жаттыққан. Өйткені мұз елінде жаз қысқа, жердің бетін жеті-сегіз ай қар басып жатады. Ал жабық футбол алаңын салу исландықтарға тым қымбатқа түседі.
Серік Әбілхан