Ұмытыла бастаған ұлттық тағамдарды ұсынып жүр

Ұлыстың ұлы күні – жақындаған сайын Өскеменде халқымыздың ұлттық тағамдарына сұраныстың арта түсетінін көзіміз көріп жүр. Әсіресе, ет, қазы-қарта жеп, наурызкөже ішкісі келген қаракөздердің қарасы көбейеді. Өкінішке орай, мереке күндері орталық алаңдардағы киіз үйлерде ұйымдастырылып, таратылатын наурызкөжелерден басқа, былайғы күндері еркін отырып ет жеп, қымыз ішіп, наурыз көжеге тойып қайтатын орындар саусақпен санарлық.
Солардың бірі – облыс орталығындағы Өскемен теміржол теміржол вокзалының дәл жанында орналасқан «Арасан» дәмханасы. Оның қаладағы қаптаған өзге дәмханалардан басты ерекшелігі – мұнда арақ-шарап мүлде сатылмайды. Ас мәзіріндегі тағамдардың бәрі де қазақтың ұлттық тағамдарынан құралған. Ішіндегі үстел, орындықтарының бәрі қазақ оюларымен көмкерілген. Дәмхана тағамдарының сапалы әрі дәмді әзірленетіні соншалықты, қазірдің өзінде тұрақты келушілердің қатары айтарлықтай көбейген.
Реті келгенде, жоғарыда айтылған олқылықтың орнын толтыруға қадам жасап, игілікті іске бастамашы бола білген дәмхананың иесі Мәншүк Ерлиханды сөзге тартқан едік.
– Бұл халал кәсіпті қолға алғаныма жарты жылдай уақыт болды, былтыр тамыз айында бастадық. Өздеріңіз білесіздер, қазір қалада түріктердің, ұйғырлардың, грузиндердің, тағы басқалардың дәмханалары жетерлік. Олар да өз өнімдерін, тағамдарын жарнамалауға барынша тырысады. Содан ойлана келе, «неліктен қалада қазақтың ұлттық тағамдарын мәзіріне толтырған халал дәмхана ашып көрмеске» деген ой туындады. Қазақтың бапталған қызыл күрең шайын, қуырдағын, кәдімгі қолмен жасалған кеспе көжесін, басқа да ұмытылып бара жатқан тағамдарын дәмді етіп даярлап, келушілерге ұсынып көруді жөн санадық. Мысалы, шайдың өзінің бірнеше түрін, кеспенің екі-үш түрін ұсына аламыз. Денсаулыққа шипалы болуына мән береміз. Мәселен, шайларымыз қан қысымын түсіруге көмектеседі. Оның сыртында міне, қазір көктем шықты, мал төлдеп, елдің аузы аққа тиді. Енді сүт өнімдерінен жасалған тағамдарды, сүттен жасалатын шөл басатын сусындарды да мәзірге қоспақшымыз, – деді кәсіпкерліктің ауылына бет бұрған қаршадай қыз.
– Бұрын бұл жерде басқа дәмхана болған еді. Түннің бір уақытына дейін істеп, арақ, сыра сатып, музыкасын даңғырлатып маңайдағы елдің мазасын алатын. Қазір қандай тамаша, тыныш, кешке дейін ғана жұмыс істейді. Тамақтары ұнайды. Бағасы да қалтаны көп қақпайды, ашылғаннан бері бір бағада тұр. Қыздары да сондай сыпайы. Тамақ ішкеннен бөлек, жақсы бір демалып, отырып қайтасың. Жұмыс кезінде ұжыммен келіп ауқаттануды әдетке айналдырып жүрміз. Қаламызда осындай халал бағытындағы ұлттық тағамдарымен қарсы алатын орындар көп болса екен, – дейді дәмханаға келіп тапсырыс беріп тұрған қала тұрғыны Сәуле Батырханова.
Мәншүктің кәсібінің ойдағыдай жүріп кетуіне ауылда тұратын ағалары қолдау көрсетуде. Мәселен, дәмханаға қажетті еттің бәрін қала іргесіндегі Ұлан ауданына қарасты Айыртау ауылындағы малынан солар жеткізіп, мүшелеп дайындап береді. Өздері де Моңғолиядан атамекенге оралған, 1992 жылдан бері сол ауылда тұрақтап келеді.
Өзі де иман жолын мықтап ұстанған Мәншүк мұнымен де тоқталып қалмақ емес. Жер кеуіп, күн жылынғасын, дәмхананың сыртындағы жаздық алаңқайды жөндеп, сол жерден таза ауада отырып шұбат, қымыз, айран секілді ұлттық сусындар ішіп, ет, сірне жеуге болатын жаздық шайхананы ашуды да жоспарлап отыр.
– Мақсатымыз тек халал бағыттағы дәмхана ісі болғандықтан, банкке барып, несие алып, оның пайызын төлеуден де бас тартып, таза өз күшімізбен істеп көруді ұйғардық. Өзіммен қосқанда төрт адам тұрақты жұмыс тауып отырмыз. Қыздардың табыстарына көңілдері толады. Әзірге бастама жаман емес, күнделікті келіп тұратын адамдарымыз бар. Баршаларыңызды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаймын, – дейді сөзден гөрі іске бейім жас кәсіпкер қыз.
Айтпақшы, бұл дәмхананың «Арасан» деп аталуы да бекер емес. Биік таулардың басынан тасты жарып ағатын емдік шипалы судың белгісін таңдауға қазіргі уақытта тез дайындалатын фасфуд өнімдеріне қарағанда емдік, шипалық, құнарлылық қасиеттері мол ұлттық тағамдарды ұсынсақ деген ой түрткі болған.
Кәсіпкер қыз Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне дайындығын ертерек бастап кеткен. Мереке күндері ұлттық киім киген даяшы қыздар халқымыздың ұлттық тағамдарын молынан ұсынумен бірге, мұнда келген әр адамға наурызкөжеден тегін дәм таттырмақ. Мәселен, былтырғы Құрбан айт мейрамында да келушілерге тегін тағамдар, мал еті таратылған екен.
Халқының ұлттық тағамдарын жаңғыртып, дәмді етіп әзірлеп, қайтадан өзіне ұсынып жүрген жас кәсіпкерге бастаған ісің алға бассын деген тілек айттық.
Дәурен Аллабергенұлы