Мықтыбеков мықты екен

Сәлемдесу «Hello!»-дан басталды. Иә, иә, өркениетке ұмтылған жастар ағылшын тілінен «кім мықты?»-ны анықтады. Бұл жарыс облыстық А.Пушкин кітапханасының мәжіліс залында өтті.
Шарты мынадай: жарыс тізгіншісі әлдебір ағылшын сөзін айтады, ал сайыскер сол сөзді америкалық емлеге сай дыбыстап қайталайды. 40-тан астам қатысушы ішінен үш жеңімпаз қалғанша сайыс осылай жалғаса бермек. Айтпақшы, қатысушылардың әлгі сөздің тегімен танысып, дәл сол сөйлемде қалай қолданылып тұрғанын сұрап білуге әбден құқығы бар. Бұған қарап оңай екен демеңіз, «жүйріктердің» сүрінуі тез болып жатты әйтеу…
Иә, қиын ғой ол… Жарыс жолынан шығып қалған соң, көз жасына ерік бергендер де кездесті.
Ал Камила мойымады. Сұрыпталып 40-тың ішінен төртеу ғана қалған еді: қос жүйрік – бірінші, қалған екеуі, яғни Камила мен Әлішер үшінші орынға таласты. Екеуінің арасында жарыс қызды-ай келіп! Амал нешік, ең ұзаққа созылған бәсеке төрт-бес айналымнан кейін ғана Камиланың жаңылыс басуымен тынды. Ол қыз да болса, жеңілістің батпанын ер мінезбен көтере білді. Осы орайда «Неткен дәті берік қазылар бұл! «Үштің» жүлдесін екі дүлдүлге қылдай бөліп беруге болмас па еді?!» деп келіп қалған ойымызды несін жасырайық?! Айтқан жөн, Камила Мұхамадиева – Қазақстан-Американдық еркін университетінің студенті.
Әлбетте, «алтын» үшін бақ сынасқан Ерсұлтан мен Альбинаны да мәреге алқынбай-ақ келді деп айта алмаймыз. Олардың да тартысы өзінше қызықты өтті. Еркебұлан Мықтыбеков (Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің студенті) мықтылығын танытты. Бірінші орынға иелік қылды. Ал Альбина Екимбаева (Қазақстан-Американдық еркін университетінің студенті) екінші, Астанадан ат шалдықтырып келген Әлішер Батманов (Назарбаев университетінің студенті) үшінші орынға жайғасты.
Жоғарыда «оңай екен деп ойламаңызды» бекер айтпаған екенбіз. Сайыс қатысушысы Жанель Қасенованың (М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің студенті) пікірінен соң осыған көз жеткіздік. Ол өзінің қателескен тұсын тарқата айтып берді.
– Өкініш бар, әрине. Неге болмасын? Маған ұсынылған сөздің сөйлем ішінде қандай қызмет атқарып тұрғанын сұрап білгенімде бәрі дұрыс болар еді. Себебі, мен «advice» деген зат есімді «advise» сөзімен, яғни етістікпен шатастырып алдым, – деді ол.
– Бұл өзі бастан-аяқ ағылшынша өткен шара болды. Қазақша, қазақша болмаса да ресми тілде түсіндірулер жүргізілер, білмегендер сұрар деп едік, олай болмады. Байқаймыз, барлығы да ағылшыншаға судай ағып тұр екен.
Ұйымдастырушылар жарыс жеңімпаздарын «Келер жылдың 17 ақпанында елордада өтетін байқауға жолдама алдыңыздар. Жол шығынын Қазақстандағы АҚШ елшілігі төлейді», – деп қуантты.
Тасқын Болатұлы