Қоғам

Мыс өндіретін зауыт салынады

Мыс өндіретін зауыт салынады


2018 жыл үржарлықтар үшін табысты әрі берекелі жыл болды. Барлық саладағы межеленген жұмыстар өз деңгейінде орындалып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері арта түсті. Бірқатар маңызды нысандар бой көтеріп, тұрғындар жұмыспен қамтылды. Оның барлығы аудан әкімі Серік Зайнулдиннің халықпен есепті кездесуінде кеңінен әңгіме арқауына айналды.

Есепті жылы мал және егін шаруашылығындағы барлық негізгі көрсеткіштердің өсу тенденциясы сақталған. Айталық, былтыр ауыл шаруашылығы құрылымдарына 782 миллион теңге субсидия төленген. Мысалы, өңірде ара шаруашылығымен 130-дан астам шаруашылық шұғылданады. Олардағы 4500 ара ұясынан жылына 260 тонна бал өндірілуде. Ауданда 11 асыл тұқымды ара шаруашылығы тіркелген. Олардың жұмысын жандандыру мақсатында өткен жылы 21 миллион теңгенің субсидиясы төленіпті.

Аудандағы кәсіпкерлік нысандарының саны – 5333, оның ішінде 2385-і – шаруа қожалығы, 200-і – заңды тұлға, 2748-і – жеке кәсіпкер. Экономикалық белсенді халықтың 17,3%-ы немесе 6590 адам шағын кәсіпкерлікпен айналысады.

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында апта сайын Үржар, Мақаншы, Таскескен ауылдарында жәрмеңкелер өтеді. Жыл басынан 156 жәрмеңке өтіп, 110 миллион теңгенің өнімі базар бағасынан 10-15 пайызға арзан саудаланды.

Ауданы бойынша Индустрияландыру картасына екі жоба енгізілген. Бірі – «Ақ-Миниралс» ЖШС-нің құны 8 миллиард теңге болатын мыс өндіру зауыты. Ол бойынша жылына 5 мың тонна мыс өндіріп, 350 адамға жұмыс орнын ашу жоспарлаған. Екіншісі – «Eurotransit Terminal» ЖШС-нің «Бақты» кеденіндегі көлік-логистикалық орталығы. Құны – 10 миллиард теңге, іске асыру мерзімі – 2017-2022 жылдар. Ауданда жастар саны – 14304 адам. «Zhas Projest» жобасына қатысқан 12 әлеуметтік жоба грантқа ие болды.

Биыл атқарылар кейбір істер жөнінде айтар болсақ, Көктал, Бестерек, Бақты, Қабанбай, Шолпан ауылдарына су құбырын төсеуге, Үржар, Мақаншы, Қаратұма, Сегізбай ауылдарындағы су құбырларын жаңартуға республикалық бюджеттен 1751,4 миллион теңге, облыстық бюджеттен 134,9 миллион теңге бөлінді.

Сондай-ақ Таскескен – Бақты автожолының 0-20 шықырымдарын жаңартуға қаржы қарастырылды. Талдықорған – Қалбатау – Өскемен жолының 615-705 шақырымын жаңалау басталды.

Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен Үржар ауылындағы 30 пәтерлі үй құрылысына қаржы бөлінді. Аталған үйдің жанына жүзу бассейнін салу жоспарда бар. Сондай-ақ Алакөл жағалауындағы су құбыры құрылысының, Үржар әуежайы ұшып-қону алаңының жобалық құжаттарын дайындауға қаржы қарастырылды. Мұнымен қоса, облыстық бюджеттен 11 ауылдық округті абаттандыруға 110 миллион теңге бөлінді. Одан тыс, аудан орталығын абаттандыруға 110 миллион теңге қарастырылды.

Сонымен бірге, Алакөл жағалауында кәріз жүйесі, су құбыры құрылысының, 60 гектар телімді құрғатудың құжаттамаларын әзірлеуге, демалыс аймағының бас жоспарын түзетуге қаражат бөлініп, конкурстық рәсімдер жүргізілуде.

Аудан әкіміне тұрғындар сауалдарын қойды. Мәселен, ауыл тұрғыны Түсіпхан Есенбаев аудан орталығының іргесіндегі Қызылту, Бұрғон ауылдарына баратын жолға қашан асфальт төселетінін сұрады.

– Уақыты келгенде бұл жолдар да жөнделеді. Биыл Мақаншы – Келдімұрат жолын облыстық бюджеттен орташа жөндеу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта Мақаншы – Көктерек, Мақаншы – Қарабұта жолдары кезең-кезеңмен жөнделеді, – деді аудан әкімі.

Келесі бір азамат аудан орталығынан әуежайға баратын жолдағы көпірдің жиектерін қалпына келтіру, жол бойына шамдар орнату қажеттігін алға тартты. Әкім бұл мәселелер оң шешілетінін жеткізді.

Кәсіппен айналысам деген бір тұрғын мал жайылымы мен егістік үшін жер сұрап, осы мәселені бірер жылдан бері шеше алмай келе жатқанын жеткізді. Бұл сұраққа да оңды жауап берілді. Сондай-ақ мақаншылық Мәулітқазы Құлжатаевтың өңір экологиясына байланысты айтқан пікірі тыңдалып, баспанадан қиналып жүргенін оралман ағайынның сауалына да жауап берілді.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button