Мыс кенін өндіреді

Елбасы Жолдауын және бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды жергілікті жерде іске асыру жұмыстарының нәтижесінде аудан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден, мал басының артуынан тұрақты түрде алға жылжып келеді.
Экономикаға инвестиция тартуда тұрақты даму бар. 2018 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша облыстық аудан-қалалардың әлеуметтік-экономикалық рейтинг көрсеткіштері бойынша 2-орыннан көрінді.
Ауданда өнеркәсіп саласы да дамып келеді. 2017 жылы жаңа қуаттағы тау-кен байыту комбинаты іске қосылды. Тау-кен өнеркәсібі саласында «БАСТ» акционерлік қоғамының іске қосылуы ауданның өнеркәсіп өндірісінің өсуіне әсер етуде. 2017 жылы 160 адам жұмыспен қамтылды. Онда жылына 400 мың тонна мыс концентратын флотациялық әдіспен өндіретін кен байыту цехы жұмыс істеп тұр.
Былтыр желтоқсан айында Абай ауданы әкімдігі және «БАСТ» АҚ өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Меморандумның негізгі шарттарында аудандағы кәсіптік-техникалық «Абай колледжінің» кәсіпорынға қажетті мамандарды даярлап, жұмысқа орналастыруы және кәсіпорынның жергілікті салық басқармасына тіркеліп, аудандық бюджетке салықтық төлемдер түсіруі жөнінде міндеттемелер көрсетілді.
2018 жылдың алты айында өндіріс орындары 696,8 млн. теңгенің тауарлық өнімдерін өндірген, өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 32,7 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексінің кем болу себебі, өндірілген мыс кендерінен алынатын мыс қорытпалары пайызының төмен болуынан. Мысалы, 2017 жылы 61,1 мың тонна мыс алынған, оның ішінде мыс қорытпалары 12,6 мың тоннаны құраса, 2018 жылы өндірілген 86,9 мың тонна мыс кендерінен алынған мыс қорытпасы 1,9 мың тоннаны ғана құрады. Салық үсімдері де жыл сайын көбейіп келеді.
Анар Сәрсенбина,
Абай ауданы.