«Мықтың үйінен» алтын табылды
Бозай ауылының маңайына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, тарих факультеті, археология, этнология және музеология кафедрасының ғалымдары ежелгі сақ дәуіріне жататын алғашқы құнды жәдігерлерді тапты.
Археологтар адам сүйектері мен алтын әшекейлердің қалдығы табылған «Мықтың үйі» аталатын диаметрі 30, биіктігі 3 метр болатын қорғанда сақ қолбасшысы жерленуі мүмкін екендігін алға тартады.
– Аягөз, Бозай өңірі ежелгі бабаларымыздың бізге қалдырып кеткен құнды жәдігерлерге өте бай екендігін айтып келе жатқанымызға көп жыл болды. Шәкірттерімізді де осы бабалар аманатын ардақтауға тәрбиелеп, көздерін қанық етуге тырыстық, –дейді Бозай ауылының тұрғыны, тарихшы Әділбек Баймоллаев, – Міне, экспедицияның жиырма шақты күннен бері жүргізіп келе жатқан қазба жұмыстары өз нәтижесін бере бастады. Археологтар әзірше аң стилінде жасалған бұғы мен қабылан бейнелерін тапты. Қазақ ежелден «Алтын шыққан жерді белден қаз!» деген ғой. Зерттеу жұмыстары жалғасын таба бермек.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.