ТОПҰлттық рухани жаңғыру

«Мықтың үйіне» археологиялық экспедиция келді

Мамырсу ауылдық округіне қарасты Бозай ауылының Сергиополь орта мектебінің зейнеткер ұстазы Баймоллаев Әділбектің шақыруымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультеті, археология, этнология және музеология кафедрасының доценті Ғани Омаров, PhD доктор Бауыржан Бесетаев, аға оқытушы  Сымбат Сағындықова 11 студентімен келіп, Бозай жеріндегі Ақшоқы обасы «Мықтың үйіне» археологиялық қазба жұмысын бастады.

– Бозай – бір кездері Буденный атанған Мамырсу ауылдық  округінің елді мекені. Аягөз қаласынан батысқа қарай 25  шақырым  жерде, Аягөз  өзенінің  бойында  орналасқан. Жалпы, біздің ауылдың  тарихы  көне  қола  дәуірінен  басталады. Оған  дәлел  – Ақшоқы  жеріндегі  тасқа  басылған  таңбалар,  сонымен  бірге  «Мықтың  үйі».  Қола, темір  дәуірлерінде Қазақстан  аумағын мекендеген тайпалар елді мекендер, таспен  шегенделген қабірлер, кеніштер және жартас бетіне салынған  суреттер сияқты археологиялық ескеркіштер қалдырған. Өткен тарихи кезеңдердің көп қырлы мәдениетінің ішінде тегіс бетті жартастар мен үңгірлер қабырғаларына қашап сурет салу, жазу бейнелеу арқылы тас дәуірінде пайда болып, біздің заманымызға дейін жеткен монументальді өнердің алар орны ерекше. Ауылымыздың аумағындағы Ақшоқы жерінде күрең-қызыл бояумен салынған петроглиф жазулар мен тасқа қашалған суреттер ежелден зерттеуді қажет етіп жататын-ды. Жалпы, біздің облыс көлеміндегі жартастық  бейнелер  неолит – эниолиттен  бастап,  ертедегі  орта ғасырға дейінгі кезеңді  қамтиды. Олардан өзінің  тарихи  даму  кезеңдеріндегі  адамның  рухани  өмірі туралы ақпарат алуға болады. Оның  үстіне ондай  ақпараттар  жөнінде  өзге  тарихи  көздер  ештеңе  айтпаған. Сондықтан  ежелгі  графиттерді  іздеп  табу, зерттеу, олардың  мәнін  ашу ата-бабаларымыздың түпсіз шыңырау көздерін  неғұрлым  тереңдей  ашуға  мүмкіндік  берген  болар еді, – дейді өлкетанушы, тарихшы  Әділбек Баймоллаев.

Шынында да, «Мықтың үйіне» археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, көне заман қойнауынан жәдігерлер табу Әдекеңнің басты армандарының бірі еді. Бозай жеріндегі  «Мықтың үйі» мен Ақшоқыдағы тасқа салынған суреттер біздің өлкемізде қола дәуірі адамдарының болғандығының заңды дәлелі. Ақшоқыдағы таңбалы суреттер қола дәуірінің орта дәуірінде өмір сүрген алғашқы адамдардың мәдени мұралары деп болжанады. Жалпы, «Мықтың үйі» қола дәуіріндегі адамзат баласының тарихында ерекше орын алады. Қазақстан жеріндегі қола дәуірі б. з. д. 2 мыңыншы жылдық  б.з.д. 8 ғасыр аралығын қамтиды. Қола, темір дәуірлерінде  Қазақстан территориясын мекендеген тайпалар елді мекендер, таспен шегенделген қабірлер, кеніштер және жартас бетіне салынған суреттер сияқты археологиялық ескеркіштер қалдырған. Қола, темір дәуірлерінде тұрғындарын «мық» деп атаған. Бұл атау иран тілдес халықтарда да бар. «Мық» сөзі аласа бойлы, бірақ мығым дегенді білдіреді.

Негізі, елімізге танымал болған этнограф, шежіреші, тарихшы марқұм Жағда Бабалық атамыз өзінің бір жазбаларында 1973 жылы Мәскеудегi орталық кiтапханада Мәшһүр Жүсiп Көпеевтiң араб әрпiмен жазған өз қолжазбасын тауып алғандығын, онда «Арқада мық деген халық болған», деген сөздi оқығанда қатты толқығандығын келтіреді: «…Бiрден көшiрiп алдым да, Әлкей Марғұланға алып келдiм. Мән-жайды түсiндiрдiм. Ол кiсi ойланып отырды да: «Иә, мықтың үйi дегендi бiлемiн, бiрқаншасын қазып та көрдiм, астында адамның сүйегi жатады екен, мола екен» дедi. Сондай-ақ Әлкей Марғұлан «Мықтың үйі» аталып кеткен қорымдарға ұқсас бейіттер Енисей өзенінен бастап Дунайға дейінгі аралықта көп екендігін айтады. «Мықтың үйі» моңғол мемлекетінің аумағында, Оңтүстiкте, Орта Азияда, яғни Тәшкен ойпатында кездесетіні жазылады. «Үй» деп шығыста бейіт, зиратты да айтатыны бар. Мәселен, «Әкемнің үйін тұрғыздым», «Анамызға үй соқтық» дегендері мәңгілік мекендерін тұрғыздым дегенді білдіреді. Демек, тарихшыларымыздың «мықтың үйін» олардың мәңгілік мекендері дейтіндері шындықтан ауытқымайтынын байқайсың.

– Әсілі, ескі замандарда ауылымыздың  тарихи  атауы  «Бұланты» болған екен. Ауылымыздың «Бозай» аталу  тарихына  қысқаша тоқталайық. Қазақ  елі  – көшпенді  халық,  қыс айларында қыстауда қыстап,  жаз жайлауды жайлаған.  Бозай атамыздың руы  Барлыбай болған көрінеді. Қазіргі  «Көксала»  деген  жерде  қыстап,  жазда  «Ақши»  ауылының  «Барлыбай» деген жазығында малын  баққан  жан  болған.  Сондай-ақ Қарақол, Шолпан ауылдарына қарасты  жайлауларды да жайлаған. Қарақол ауылында тоған  қаздырып, егін салған. Сол тоған әлі күнге дейін бар көрінеді,  халық оны «Барлыбай тоғаны» деп атайды. Бозай өте ақылды,  шешен, дінді берік  ұстанған, жұртына  қадірлі, батагөй адам  болған. Ел батырлары жорыққа  шығар алдында ат арытып,  арнайы келіп, Бозай бабадан тілек, бата алып  жүрген. Бозай  бабымыздың аты аталғанда батагөй екендігі қоса айтылған.  2007 жылы баспадан шыққан Төлеубай Сыдықұлының  шежіресінің 69-бетінде: «Бозайекең аса батагөй адам болған», деп  жазылған. Бүкіл  түркі  дүниесі  үшін  Күлтегін, Тоныкөк,  Білге  қаған  жазулары  қандай  құнды  болса,  тарихымыздың  куәсі,  елдігіміздің  тұмары, өркениетіміздің жәдігері бола  білетін  Ақшоқыдағы  қола  дәуір  ескерткіштері  де  сондай  құнды байлық болмақ. Ақшоқыдағы петроглифтерді, талайды  тамсандырған  тастағы  қашалған  суреттерді  халқымыздың  бай  мұрасы ретінде  алыс-жақыннан  келгендердің  назарына  ұсынып,  ауыз  толтырып  айтуға  болар еді  деп ойлаймын. Халқымыз «Өткенге көз жібермей, болашақты болжау жоқ», дейді. Бүгінгі өскелең ұрпақтың тарихи өмірімізді танып-білуі, соны зерделеп ұғынуы аса маңызды. Өзі тараған теректің тамырынан нәр алуы тиіс деп ойлаймын.

Осы Сергиополь орта мектебінде шәкірттерге тәлім-тәрбие беруде 45 жылын сарп еткен Әділбек ағамыздың ойларымен келіспеу мүмкін емес. Үнемі ізденісте, үнемі шәкірттерімен бірге жүретін, солардың саналарына білім құйсам, үйретсем деп туған өлкесінің тарихын қаттап, шәкірт жадына сіңіріп келе жатқан  ұстаз Әділбек Баймоллаевқа өңір жұртшылығы разы. Аягөз қаласының маңында туып, өңірдің өткеніне көз жіберіп, шәкірт тәрбиелеп келген тарихшы Әділбек Құрманғалиұлының да негізгі мақсатының өзі  осыған келіп саятындай. Мыңжылдықтар тасасында қалған бабалар үйлері мен қорғандарын зерттеп келе жатқан оның еңбегі ұшан- теңіз. Осы өңірде туып, аз ғұмырында толағай іс бітіріп кеткен жерлес жазушымыз, марқұм Таласбек Әсемқұлов  осындай зираттардың жаугершілік заманынан қалғандығын бір еңбегінде былай деп тілге тиек етеді: «Қазақ соғыста өлген азаматтарды қолдан келгенше жерлеп кетуге тырысады. Көнекөз қариялардан естiгенiмiз. Адамдардың мәйiтiн, мысалы, бiрнеше мың мәйiттi әуелi бiр-бiрiне сүйеп отырғызады. Содан кейiн екiншi қабат тағы бiрнеше мың адам алдыңғылардың үстiне отырғызылады. Содан кейiн тағы бiрнеше мың. Тiрi қалғандар шейiт болғандардың аруағына дұға оқып, қайғыра жүрiп, даланың төсiнде осындай бiрнеше, кейде он-жиырма, кейде отыз-қырық сұмдық төбелер тұрғызады. Бұл  жерде бiз әскер жүз мыңдап қырылатын ұлы соғыстарды айтып отырмыз. Ал кейде адам шығыны аз болып, өлген жауынгерлердi елге алып қайтудың мүмкiндiгi болса, алып қайтады. Елге келгеннен кейiн арулап көмедi. Далада қалған, шала-шарпы көмiлген сүйек уақыт өте шаң-топырақ үйiрiлiп, ақырындап төбеге айналады».

Әдекең жайлы, оның тыным таппайтын мінезі туралы бір эпизод айта кетсем деймін. Ұмытпасам, 2018 жылы ғой деймін. Ол кісінің айтуы бойынша, Бозай жеріне бөгдеғаламшарлықтар келді деген жорамалмен сапар шектік. Шынында да, бір түннің ішінде ауылдан 12  шақырым жерде жат ғаламшарлықтар өз өрнегін салыпты. Ромб тәрізді етіп қалыңдығы 40 сантиметрдей әлдекімдер (мүмкін, әлденелер) жерді ойып алып, бір метрдей жанына жылжытыпты. Ойып алынған осындай үлкен жер телімін «шақырылмаған қонақтар» басқа жаққа алып кетіп, қайта орнына тастай салған. Ромб тәрізді жылжытылған жерді өлшедік: ұзындығы 12, ені 4,5 метр болса, қақпақ секілді ойылып, 1метр 20 сантиметрге көтеріп, жылжытып қайта қойған кім екені белгісіз. Әдекеңді де осы сауалдар мазалағасын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына айтқан. Бұл сұрақтарға  енді уфологтар жауап берер. Бірден аудандық, облыстық баспасөздерге жазып, телевидениелерге хабар бердік. Әрине, әдеттегідей «жабулы қазан жабулы күйінде» қалды.

Алматы мен Астанадан археологиялық экспедиция шақырып, ұйымдастырып отырған Әділбек Баймоллаевтың бастаған ісі баянды болсын дейік.

Берікхан Тайжігіт

  Аягөз ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button