Мықтылармен тең ойнады
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданында футболдан Н.Қанабековті еске алуға арналған облыстық ашық біріншілік өтіп, оған тоғыз команда қатысты.
Атап айтқанда, бұл бәсекеде Жаңа Бұқтырма және Серебрянкадан келген командалармен қатар, Зайсан, Өскемен, Талдықорған, Риддер және Аягөз балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің, сондай-ақ «Алтай» футбол академиясының жас аяқдопшылары бақ сынады. Осы ретте, бұл бәсекеде жерлестеріміз тамаша өнер көрсеткенін айта кеткен орынды болар. Тартысты өткен жарыстың алғашқы кездесуінде аягөздіктер Серебрянкадан келген қарсыластарын 4:0 есебімен ұтқан.
– Топтағы екінші кездесуінде біздің команда Өскемен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қосалқы құрамын 2:0 есебімен тізе бүктіріп, күні бұрын келесі айналымға шығып қойды. Жарыстың жартылай финалында «Алтай» футбол академиясының командасымен 1:1 есебімен тең түсіп, пенальти сериясында 12:11 есебімен жеңіске жетті. Ал шешуші ойында жерлестеріміз жарыстың басты фавориті саналған Өскемен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бірінші командасымен шеберлік байқасып, қарсыласына 0:2 есебімен жол беруге мәжбүр болды. Дегенмен, жерлестеріміздің жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Кіл мықтылар қатысқан доп додасында командамыз екінші орыннан көріне білді. Бұл ретте, Аягөз балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі командасының ойыншысы Абылай Сандыбаев жарыстың «Үздік қорғаушысы» атағына ие болғанын айту керек. Жарыс соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, грамоталармен және кубоктармен марапатталды, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Сәкен Қыржыбаев.
Ол сондай-ақ аталмыш жарыс ұйымдастырушыларына автобус беріп көмектескен қаладағы №5 орта мектеп директоры Л.Молдашеваға және автобус жүргізушісі Қ.Жаппелбаевқа алғыс білдіретінін де жеткізді.