Облысымыздың 1055 тұрғыны қаржылық сауаттылықтың қысқа мерзімді курсын тәмамдап, арнайы сертификатқа ие болды. Биыл бекітілген жоспарға сәйкес тағы 6500-ге жуық адамды оқыту жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Осы жылдың ақпан айынан бастап Amanat партиясы облыстық филиалының бастамасымен өңірдің қалалары мен аудандары тұрғындары арасында қаржы және кредит саласындағы білімді арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асуда.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қаржылық сауаттылық деңгейін арттырудың маңызын атап өтіп, Amanat партиясына Үкіметпен бірлесіп «Қарызымыз қоғам» жобасын қолға алуды тапсырған болатын.
Облыс әкімдігінің қолдауымен осы жылдың қаңтар айында «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру бойынша өңірлік жобалау командасы құрылды және қиын қаржылық жағдайдағы азаматтарды оқыту, оларға көмек көрсету процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша облыстық жол картасы бекітілді.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Светлана Большакованың айтуынша, қазір облыстың бірнеше қалалары мен аудандарында алғашқы қысқа мерзімді курстар өткізіліп, 1055 тыңдаушы сәйкестік сертификаттарын алды. Өскемен қаласында курсты 201 адам аяқтады, Шемонаиха (347) және Глубокое (290) аудандарында, 19 ақпаннан бастап Зайсан (217) ауданында сабақ жүріп жатыр, жуықта Ұлан ауданында да оқытулар басталды. Бірінші сәуірден бастап Тарбағатай ауданында оқытуды бастау жоспарланған. Тыңдаушылар қаржылық сауаттылық мәселелері бойынша авторлық курсқа қатысады.
– Біздің сарапшылар жеке қаржыны басқару, отбасылық бюджетті басқару, қаржы пирамидаларының жұмыс принциптері сияқты мәселелерді көтереді, қаржы және несие саласындағы алаяқтық әрекеттердің схемаларын ашады, отбасы үшін «қаржылық жастықты» қалыптастырудың артықшылықтары туралы айтады, сондай-ақ кәсіпкерлік қызмет саласында өз жобасын іске асыру үшін бизнес-жоспарды әзірлеудің негізгі принциптері туралы әңгімелейді, – деп атап өтті облыс бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының тәлімгері Ермек Жұмағұлов.
Оның айтуынша, 18 жастан асқан кез келген адам оқу курсынан өте алады. Курстарға Amanat партиясының аудандық немесе қалалық филиалында, жергілікті әкімдікте немесе онлайн жазылуға болады.
Жоба жыл соңына дейін жалғасады. Алайда Amanat партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов атап өткендей, әсіресе ауыл тұрғындары арасында қаржылық сауаттылық мәселелерінің өзектілігі соншалық, «Қарызсыз қоғам» жобасы алдағы үш жылда да өзекті болуы әбден мүмкін.
15-30 сәуір аралығында облысымызда ауыл тұрғындары арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдаудың мемлекеттік шараларын түсіндіру, жұмыс орындарын құру және ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке барынша тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қаржы сарапшылары, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, қоғамдық даму басқармалары, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, Amanat партиясының облыстық филиалы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттарынан тұратын мобильді топ жүргізетін болады.