Мыңғыртып мал өсіріп отыр
Жері шұрайлы Аягөз өңірінде төрт түлік мал өсіріп, оның санын арттырып келе жатқан қожалықтар баршылық. Солардың бірі де, бірегейі де «Бексұлтан» шаруа қожалығының басшысы Бақытбек Тұрысбеков деуге болады.
– Жалпы, мал шаруашылығы біздің ауданымызда жыл сайын өркендеп, алға басып келеді. Бұған өңірдің шұрайлы жайылымы мен мал өсіруге қолайлы салқын климаты да әсер ететіні шындық. Шынын айтқанда, мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз субсидиялардың да пайдасы ұшан-теңіз. Шаруа құрылымдарына беріліп келе жатқан мұндай жеңілдіктер бір жағынан оларды қаржылай қолдаса, екінші жағынан мал шаруашылығын жылдам өркендетудің алғы шарттары болып табылады. Негізі, Бәкеңнің мал өсіруде айтарлықтай жетістіктерге жетуінің сыры бар, – дейді Аягөз аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Оразбек Кеңшіліков. – Біріншіден, Бақытбекке көзін тырнап ашқаннан мал бағу таңсық емес еді. Өйткені әкесі Тұрысбек Мүкеев ақсақал Жарма ауданының озат малшысы еді. Бақытбек те бала кезінен малдың бір жағына шығып қайырысқан, оны бағып-қағуда айтарлықтай тәжірибе жинақтаған жан болды. Екіншіден, ол қоластындағы малының бір бөлігін арнайы жабдықталған алаңдарда бордақылап бағады. Арнайы рационмен азықтанатын оның малы күн сайын салмақ қосып келе жатқаны шындық. Мәселен, бүгінгі күні арнайы жасалған алаңдарда оның 300 бас ірі қарасы, 300 бас қойы мен 100 бас жылқысы бордақылануда. Олардың бәрі де қоңды. Арнайы алаңқайда бордақыланып отырғандықтан, етке де алдымен өткізіледі.
Бақытбек Тұрысбеков 1980-1982 жылдары Кеңес әскері қатарында Украина жерінде, Бердишев қаласында азаматтық борышын өтеді. Сонан кейін Жарма ауданы, Қалбатау ауылында 1983 жылы автобус паркінде слесарь болып еңбек етті. Сол жылы Аягөз ауданына отбасылық жағдайымен қоныс аударып, шаруашылықта слесарь, бақылаушы-механик, слесарь-оператор секілді жұмыстар істеді. 1990-2002 жылдар аралығында «Көксу» ұжымының құрамында еңбек ете жүріп, заман ағысына сай бөлек кетуді ұйғарады. Сөйтіп, 2002 жылдан бастап жеке қожалығын ашты. Жалпы, 2002 жылы құрылған «Бексұлтан» шаруа қожалығының бүгінгі күні жоғарыда айтқанымыздай, мал басы артқан. Мәселен, ірі қараның саны бір мыңға таяса, қойы 3000-нан асты. Қамбар Ата түлігінің өзі 400 басқа жетті. Әрине, мұның бәрі өздігінен келген жоқ. Бастаған ісін соңына дейін жеткізу, ерінбеу, тынымсыз тірлік, ұйқысыз түндер Бақытбек Тұрысбекұлын биік белестерге бастағаны рас.
Қожалық 2002 жылы құрылғанымен, 2008 жылдан бастап, заманауи алты база, үш қыстақ, үш үй салынды. Айта кетерлігі, бой көтерген ғимараттардың бәрі де соңғы үлгіде, бүгінгі күнге лайықтап салынды.
Бәкең әкесі Тұрысбек ақсақалдың «Малдың сүті тілінде», «Мал өсірсең, қой өсір – табысы оның көл-көсір», деп отыратыны жадында. Сондықтан да береке бастауы ақтылы қой өргізді. Негізі, Жарма ауданымен шектесіп жатқан Аягөз өңірі – «түгін тартсаң майы шыққан» құнарлы өлке. Бұл жер төрт түлік мал өсіруге өте қолайлы алқап, қырдың шөбі малға жұғымды болып келеді.
Мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктердің арқасында «Бексұлтан» шаруа қожалығы заманауи құрал-жабдықтармен, соңғы үлгіде шыққан техникамен өзін-өзі толығымен қамтамасыз етіп алған.
– Әсілі, малдың жазғы жайылымынан бөлек қысқы жемшөбін дайындауға зор көңіл бөлген абзал, – дейді Бақытбек Тұрысбеков. –Сондықтан да ең алдымен, біз осы жағына да баса назар аударуға тырыстық. Мәселен, бізде төрт шөп шабатын КДП маркалы машина, алты тіркеме, екі пішен рулондайтын машина, екі КУН, бір соқа, екі тырмаға қоса бірнеше ауыр техника бар. Таяуда ғана 9,5 миллион теңгеден екі дана Түркияның жем ұнтақтайтын құрылғыларын сатып алдық. Енді шапқан шөбіміздің, орған арпа, бидайымыздың шып-шырғасын шығармай ұнтақтап, қамбамызға құйып алар мүмкіндігіміз бар.
Дәл қазір барлық жердегідей бізде де шөп шабу науқаны басталып кетті. Осыншама малға біз 1 мың тонна пішен дайындауымыз керек. Бұдан бөлек 200 тонна жем сатып аламыз. Әрине, жаздың жайдары күндері созыла түссе, біз шөп шабу науқанын еш тоқтатпаймыз. Баяғыдан ел арасында «Жаздың күні – жылға азық», деген қанатты сөз бар екенін білесіз. Сондықтан біз үшін жаздың әр күні қымбат. Айтпақшы, биыл 3 миллион теңгеге картоп қазып салатын, оны жинайтын құрылғы да сатып алғанбыз. Жайылымы бар, шабындығы бар 10 мың гектар жерімізден алған өнім мал мен басқа жетеді. Тек, бір «әттеген-айы» электр қуаты аз болып отыр. Қосымша электр қуатын өндіретін КТП қажет. Әрине, аудан басшылығы бұл туралы біледі. Қара күзге дейін бұл мәселе өз шешімін тауып қалуы тиіс.
Өзінің адал жары Гүлнұр Кәрімқызы мен екі ұлы Серік пен Берік, келіндері сенімді серіктері болып келе жатқан Бәкеңнің қазір алға қойған арман-мақсаттары жетерлік.
Мәселен, «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде ауданымызға былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 3 млрд. 825 млн. теңгенің қаржысы тартылды. Жоспар – тапсырманың орындалуы 166,3 пайыз болды. Бұған Аягөз ауданы Майлин ауылдық округіндегі «Бексұлтан» шаруа қожалығының да қосқан үлесі аз емес.
Мұны «Бексұлтан» шаруа қожалығының басшысы, танымал азамат Бақытбек Тұрысбековтің кеудесіндегі «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» медальдары айғақтай түскендей.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.