«Мың балаға» 484 оқушы қатысты
Жақында ауыл мектептерінің 5-6 сынып оқушыларына арналған Ұлттық зияткерлік «Мың бала» олимпиадасының екінші кезеңі өтті. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасын іске асыру аясында өткен байқаудың екінші кезеңіне 484 оқушы қатысты.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – ауылдық жердегі мектеп оқушыларының қабілеттерін дамыту және қолдау. Бірнеше кезеңнен тұратын олимпиада ақпанның 24-інде басталған болатын. Облыс бойынша олимпиадаға қатысуға ауылдық жердегі мектептердің 5-6 сыныбында оқитын 13 319 оқушы өтініш берген. Іс-шараның алғашқы кезеңінде тіркелген оқушылар компьютерлік тестілеуден өтіп, білімдерін сынаған болатын. Сол бірінші кезеңнен сүрінбей өткен 484 оқушы байқаудың екінші кезеңіне жолдама алды.
Олимпиаданың екінші кезеңі 5 мамырда бірыңғай уақытта Өскемен, Семей, Аягөздегі және Үлкен Нарын мен Ақсуат ауылындағы U-Study тестілеу орталықтарының базасында өтті. Қатысушылардың барлығы бетперделік режимін және санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың күшейтілген шараларын қатаң сақтады. Олимпиаданың екінші кезеңі де компьютерлік тестілеу форматында өтті. Оқушылар академиялық қабілеттерді анықтауға бағытталған математикалық сауаттылық, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі және жаратылыстану секілді негізгі пәндерден тест тапсырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиаданың екінші кезеңінің барлық қатысушылары шығармашылық және зияткерлік дамуы үшін Елбасы академиясының Birge oqu онлайн мектебіне тегін қатыса алады. Ал олимпиадада үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанған оқушылар облыстық және республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқуға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар олимпиаданың барлық қатысушыларына сертификаттар табыс етілмек.
Мейрам Екпін