Мыңдаған сәбидің көз ақауы тегін емделді
Айна Ескенқызы
Жыл басынан бері өңірдегі мыңдаған сәбидің көз қитарлығы тегін емделді. Балалардағы көз ақауларын емдеуді ертерек бастамаса, ол асқынып кеткенде көз жанарын қалпына келтіру мүмкін емес.
Медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының баспасөз қызметі мәліметі бойынша, он айдың ішінде 2599 шығысқазақстандық балаға 107 миллион теңгеден астам соманың 97 273 аппараттық көз емдеу қызметі көрсетілген. Медициналық қызметтің бұл түрлері Өскемен қаласында екі емдеу ұйымында – облыстық ана мен бала орталығында және көз микрохирургиясы орталығында қолжетімді.
«Мен, Инна Федоровна Ким, төрт жастағы немеремнің көзін аман алып қалған алтын қолды хирургтердің қолдарын өмір бойы сүйіп өтуге дайынмын. Мамандардың қолдары, шын мәнінде, алтын! Хирург Әсел Жұмахановаға өмір бойы қарыздармын…». Бұл – төрт жасар Доминиканың әжесінің дәрігерлерге жазған алғысынан үзінді.
Үстіміздегі жылдың екінші наурызында 2018 жылы туған Доминика Ким үйде сол көзін жарақаттап алады. Алайда алғашында бүлдіршінде ешқандай шағым болмайды. Тек келесі күні ауырсынып, көзін аша алмай, жасаурағанда баланы Зайсанның аудандық ауруханасына апарады. Әжесі дәрігерге немересінің көзін сынған әйнектің жарқыншағы жаралауы мүмкін екенін айтады. Балақай стационарға жатқызылу үшін сол жерден дереу облыстық ана мен бала орталығына жеткізіледі. Бесінші наурызда ауруханаға түскен қызды орталықтың мамандары мұқият тексеріп, көз алмасының, көзінің қабыршағы мен шыны тәріздес дененің тілініп жарақаттанғанын, бірақ көзінде бөгде заттың жоқтығын анықтайды. Бұл күрделі диагноз болатын. Алайда хирург Әсел Жұмаханованың шипалы қолына түскен Доминика бір аптада сауығып, үйіне шығыпты. Инна Федоровна орталықта мейірімді де білікті мамандардың істейтінін, кішкентай пациенттері үшін жан жылуларын аямайтынын айтады.
– Бұл жерде шынымен де періштелер істейді, жақсылықтарына өмір бойы алғыс айтумен боламын, – деп тебіренді әжесі.
Тағы бір кішкентай пациент Оразқанов Сұлтанға көзінің қитарлығына екі кезеңмен ота жасалыпты.
– Ана мен бала орталығының офтальмология орталығына алғаш рет 2017 жылы келдік. Дәрігер Әсел Ертұрғановамен таныстығымыз сәтті басталды. Ол кісі баламмен бірден тіл табысып кетті. Сұлтанда орта дәрежелі миопия, дәрігердің жоғары біліктілігінің арқасында ұлымның көру қабілеті жақсарып келеді, осы бөлімшеде үнемі ем алып келеміз. Бөлімшенің барлық мамандарына кәсіби біліктіліктері мен бізге жасаған емдері мен күтімдері үшін алғысымды білдіремін, – деп ағынан жарылды Сұлтанның анасы Айжан.
Көз қитарлығы өздігінен түзеліп кетпейді
Мамандардың айтуынша, көз қитарлығы – балаларда жиі кездесетін көз ақауы. Баланың келбетіндегі ақау – бұл бар болғаны косметикалық ақау, айсбергтің ұшы ғана. Аурудың негізгі қаупі – көру қабілетінің біртіндеп төмендеуі, уақыт өткізіп алса, оны ересек жаста емдеу мүмкін емес.
Кішкене бөбектерде жиі кездесетін осы аурудың пайда болуы және оны емдеу туралы көз микрохирургиясы орталығының офтальмолог-дәрігері Жаңыл Базарова айтып берді. Дәрігер түсіндіргендей, екі көздің бір мезгілде және үйлесімді жұмысы әлемді ауқымды көруге мүмкіндік береді. Адамның көздері бір-бірінен белгілі бір қашықтықта орналасқан. Біз бір затты әр көзбен әртүрлі қырынан көреміз, ал ми бұл деректерді жинастырып, бізге бір сурет ретінде көрсетеді екен. Сонымен қатар екі көз барлық бағытта бірдей қозғалуы керек. Ал көз қитарлығы кезінде бұл механизм бұзылғандықтан бала әлемді ауқымды емес, бір ғана тегістікте көреді.
– Көз қитарлығының түрі көп. Туа біткен қитарлық бірден байқалады. Жаңа туған нәрестенің көзқарасы екі айға дейін бір нүктеге тұрақтамай тұруы қалыпты жағдай деп саналады. Алайда екі айдан кейін де тоқтамаса, онда дәрігерге қаралу керек. Ең жиі кездесетін түрі – екі-үш жастағы екі көздің де қитарлығы. Бұл – туа біткен емес, ерте пайда болған ақау. Оның себептері көп, – дейді дәрігер.
Офтальмологтың айтуынша, аурудың себептерінің бірі –аметропия, көздің жарық сәулесінің сынуын қабылдау қабілетінің өзгеруі. Көбінесе көз қитарлығы рефракцияның ауытқуларымен байланысты болады.
– Екі-үш жасында бүлдіршін сыртқы әлемнен көп ақпарат алады, ол суреттерді қарай бастайды, жақыннан көбірек қарағандықтан көзге түсетін жүктеме артады. Сәбидің көздері көбінесе мұрнының ұшына түйісе береді (көздердің түйісіп қитарлануы 93,5% жағдайда кездеседі, бұл түрі екі жаққа қарап тұрған қитарлықтан басым). Алдымен көз қитарлығы құбылмалы сипатқа ие, содан кейін көздің тоқтамай, зырылдауы жиілеп кетеді. Балаңыздан осындай жағдайды көрсеңіз, оны бірден офтальмологқа көрсетіңіз, – деген кеңес берді Жаңыл Базарова.
Маман түсіндіргендей, көз қитарлығы – ұзақ, бірнеше кезеңмен емделетін ауру (төрт-бес) және баланың қасында міндетті түрде ата-анасы болуы керек. Хирургиялық жолмен емдеу ақаудың түріне байланысты бірінші кезеңде немесе соңғы кезеңде жүргізілуі мүмкін. Алдымен оптикалық түзету тағайындалады, мысалы, көзілдірік тағу ұсынылуы мүмкін. Әрі қарай қитар көзден миға өтетін, ұйықтап жатқан жүйке жолдарын оятуы керек. Ол үшін жақсырақ көретін көзге жапсырмалар жапсырады немесе қарашықты ұлғайтатын көз тамшылары қолданылады, бұл қитар көздің жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Содан кейін офтальмолог арнайы құрал – синоптофордың көмегімен баланың миын екі көздегі суреттерді бір суретке «біріктіруге» мәжбүрлейді екен. Миы біртіндеп машықтануы керек.
Емдік курс аяқталғаннан кейін нәтижені бекіту үшін және көз қитарлығы қайталанбас үшін арнайы компьютерлік бағдарламалар қолданылады. Дәрігер мұндай сабақтарды үйде де орындауға болатынын немесе емдеу мекемесінде емдеу курстарынан өтуге болатынын айтты. Бағдарламаларды интернет-дүкендерден сатып алуға болады.
– Ата-аналар арасында көз қитарлығы өздігінен түзеліп кетеді деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Олай емес. Егер сіз көзі қыли ересектерді көрген болсаңыз, бұлар – бала кезінде толық емделмеген жандар. Екі көздегі де қитарлықты дер кезінде емдеу жақсы нәтиже береді, баланың көздерінің қызметі қалпына келеді және ол әлемді ауқымды көреді. Баланың ағзасы әлі толық қалыптасып үлгермегендіктен, икемді, емдеуге көнеді, бір жыл ішінде көз жанарының өткірлігін барынша арттыруға болады. Дегенмен емнің сәтті болуында ата-аналардың рөлі үлкен маңызға ие. Оларға оңай болмайды, баламен жанжал туындауы мүмкін, бірақ ұрпағының денсаулығы үшін төзуге тура келеді, уақыт өткізбей, барлық мүмкіндікті пайдаланып қалу керек, – дейді Жаңыл Оралханқызы.
Офтальмолог-дәрігер ата-аналарға кеңесімен де бөлісті. Жаңа туған нәрестелердің ойыншықтары жасына сәйкес болуы керек. Кішкене бөбектер үшін үлкен жарқын ойыншықтарды көзінен 40 сантиметр қашықтықта орналастырса жеткілікті. Алты айға дейін баланың көзінің «жүгіріп тұруы» тоқтауға тиіс. Егер сегіз айға дейін тоқтамаса, онда баланы дәрігерге көрсеткен дұрыс.
Екі-үш жасында бүлдіршін ұсақ бөлшектерге қызығушылық таныта бастайды. Алайда оған осы кезде суреттері үлкен, айқын көрінетін, сапалы баспадан шыққан кітаптарды берген жөн.
– Қазір жас аналар бала өзімен-өзі болса екен деп планшет не смартфон бере салуға әуес. Балақай әдетте ойыншыққа жарты сағат бойы қарамайды, ал телефондағы мультфильмді ұзақ көре беруі мүмкін. Сондықтан бұл гаджеттермен таныстықты мүмкіндігінше кейінге қалдырған дұрыс. Егер тіпті өзіңізге бос уақыт аса қажет болып тұрса, онда баланың гаджетпен ойнауын 10 минуттан асырмауға тырысыңыз, – дейді маман.
Айтпақшы, көз микрохирургиясы орталығында осындай патологиясы бар балалар өздері тіркелген емханадан берілген жолдамамен МӘМС шеңберінде тегін аппараттық ем ала алатынын ескерткіміз келеді.
– Аппараттық емге синоптофор құралымен емдеу, компьютерлік бағдарламалар және жарықпен емдеу кіреді. Он айдың ішінде біздің көз микрохирургиясы орталығы жолдама бойынша 2246 баланы қабылдады. Оның ішінде 489 балаға медициналық сақтандыру пакеті аясында тегін аппараттық ем көрсетілді, – деп түйіндеді Жаңыл Оралханқызы.