Мыңнан астам тегін концерт қойды
Шемонайха ауданының Выдриха ауылындағы зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, Ауған соғысы, Чернобыль апат аймағының ардагерлеріне арналған «Уба» шипажайында ел есінде қалатындай елеулі шара өтті. Шипажай директоры Ержан Мұқатаев демалып, ем алып жатқандармен кездесу өткізіп, өздерінің атқарап жатқан жұмыстары жайында есеп берді.
– Басты мақсатымыз – сіздерге барынша сапалы, мәдениетті қызмет көрсету,-деп бастады сөзін шипажай директоры Ержан Карлұлы. – Соңғы бірер жылда шипажай корпустары жөндеуден өткізілді, екі корпустағы бөлмелердің деніне теледидар орнатылды, ол жалғаса береді. Балшықпен емдеуді көпшілік ұнатады. Фитобөшке, гидромассаж, гальваникалық камерада емдеу ежелден бар. Жақын арада тұзды камерамен ем беруді жүзеге асырамыз. Демалушылар таза ауада серуендейді, оларға мәдени қызмет түрлері көрсетіледі. Оның дәлелі, міне, бүгін сіздерге Өскемендегі «Ата мұра» ансамблінің әртістері өз өнерлерін көрсетпек,-деді шипажай директоры.
Сахна төріне ансамбльдің көркемдік жетекшісі Ерболат Сәдуақасов шығып, өнерпаздармен таныстырды. Дауысы Ермек Серкебаевтан кем емес Едіге Жұмаханов патриоттық әндерді шырқаған кезде жиналғандар демдерін ішіне алып, сүйсіне тыңдады. Жақында ғана 70-ке толған тынысы кең әнші бұдан кейін де бірнеше ән салды. Реті келгенде айта кету керек, «Ата мұра» ансамблінің белді мүшелерінің барлығы кезінде ел басқарған, халық құрметіне бөленген сыйлы жандар. Мәселен, күні кеше 70 жылдық мерейтойын атап өткен, кезінде Ұлан ауданын басқарған, елге сыйлы Жаңабай Әшімов облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы ретінде өзінің жан досы, бүгінде арамызда жоқ, өнер жанашыры Ержан Бейсембиновпен бірге ансамбль мүшелерінің Моңғолияға, Астанаға, өңірдің Зайсан, Жарма, басқа да аудандарынаа гастрольдік сапарға шығып, тұрғындарды әнге сусындатуына мұрындық болған. Сырнайдың құлағында ойнап, қазақша, орысша ән салған кезде құлақтың құрышын қандыратын 78 жастағы ағамыз Сағындық Төлежановтың талантына көпшілік дүркіретіп қол соқты. Ал күні кеше зейнеткерлікке шыққан дауысы ғажап, бірнеше тілде ән салған Төлеуғазы Қазизовтың өнеріне жиналғандар ризашылығын білдірді. Кеңшарда партком хатшысы болып қызмет атқарған Ерболат Сәдуақасов ағамыздың әзіл-қалжыңы қандай жарасымды, ол тыңдармандарымен тілдесіп, олардың сұраулары бойынша ән салды, концертті жүргізген кезде, өлеңмен өрнектеп әріптестерін қолпаштап отырды. Бір жарым сағатқа созылған концерттен соң шипажайда бұқаралық мәдени шараны ұйымдастырушы Серік Әділбекұлы келген қонақтарға алғысын айтып, шипажай директорының Алғыс хатын тапсырды.
-«Ата мұра» ансамблінің құрылғанына 7 жыл толды. Осы уақытта өнер десе, ішкен асын жерге қоятын ансамбль мүшелері бір мыңнан астам концертті тегін қойып, көпшілік қауымның алғысына бөленді. Тек өткен жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне алғыс арқалап жүрген әртіс ақсақалдар 25 концерт қойды. Алдағы уақытта Қытайдағы қандастарға, еліміздің көрші облысына гастрольдік сапарға шығуды армандаймыз. Әттең оған қол тар, демеушілер табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Жаңабай Түкеұлы.
Оңдасын Елубай.
Шемонайха ауданы.