Мыңнан астам отбасыға жәрдемақы төленеді
Елімізде жәрдемақының жаңа түрі енгізілді. Осыдан бастап кәмелеттік жастан асқан бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасап отырған қамқоршыларға жәрдемақы төленеді. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы Райхан Барлықова мәлім етті.
Биыл мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай көмекті 1200-ге жуық шығысқазақстандық отбасы алады деп жоспарлануда.
– Бұл заң ағымдағы жылдың бірінші шілдесінен бастап өз күшіне енді. Жәрдемақы мөлшері шамамен – 29699 мың теңгені құрайды. Айта кетейік, бұған дейін қаржылай қолдау тек 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасына не қамқоршысына ғана беріліп келген. Ал жаңа жәрдемақыны алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тиісті құжаттарды өткізу керек. Ол үшін мүмкіндігі шектеулі жанның және қамқоршысының жеке куәліктері, банктегі есепшот нөмірі, І топ мүгедектігін дәлелдейтін анықтама сияқты бірқатар құжатты жинау қажет, – дейді Райхан Барлықова.
Брифинг барысында атаулы әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ жәрдемақы тағайындау рәсімі туралы кеңінен түсіндірілді. Райхан Барлықованың айтуынша, жаңа форматтағы бұл жүйенің тиімді тұстары көп.
– Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жүйке ауруы мен наркологиялық диспансерде тіркеуде тұрған адамдар қамқоршы бола алмайды. Мұны есте сақтаған жөн. Жалпы қамқоршыларды жылына екі рет ауыстыруға болады. Сондай-ақ олар мүмкіндігі шектеулі адаммен бірге немесе жақын маңда тұруға міндетті деп саналады. Осы орайда мүгедек адамға күтім жасаған жылдардың зейнетке шыққанда еңбек өтіліне қосылатынын айта кеткен орынды. Оған республикалық бюджеттен қаражат қарастырылған, – дейді ол.
Ажар Мұратқызы