ТОП

Мылтықсыз майданның батырлары

Бірнеше сағат бойы резеңке кәстөмдерін шешпейді. Бет-жүзін тұмшалап, қолғапты қоса киіп жұмыс істеу оңай емес қой. Өйтпесе қауіпті індетті жұқтырып алуы ықтимал. Кейбір әріптестері аты жаман аурудың кесірінен мына жарық дүниені тастап кеткен жоқ па? Дәрігерлердікі нағыз ерлік екен.

Иә, коронавируспен бетпе-бет келгендер күн санап көбейіп жатыр қазір. Әркімнің жақындары мен таныстарының арасында қатерлі дерттің шеңгеліне ілінбегендер кемде-кем. Қоғам қорқып отыр. Халықтың жүрегі күпті, көңілі алаң. Мың күдік пен бір үміт арпалысады. Осы ретте өңірдегі қазіргі ахуал қандай, ауырған елдің дертіне қандай шипа бар, орынсыз үрейленбеу үшін не істеу керек? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік. Сөйттік те медицина қызметкерлерінің еңбегі қаншалықты ауыр әрі маңызды екеніне көз жеткіздік. Бұқара жұрт та олардың қадірін түсіне бастағандай.

Үйдің бетін көрмегелі көп болды

Өскемендегі облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың негізінде ашылған 175 орындық инфекциялық бөлімшеде бүгінгі таңда 14 дәрігер, 37 медбике мен 37 санитар арнайы қорғаныс киімін киіп, бетперде мен көзілдіріктерін тағып, үйдің бетін көрмей, демалыссыз, үш апта бойы жанқиярлықпен қызмет етіп жатыр. Орталықтың ішкі аудит басшысы Жандос Уәптің айтуынша, бүгінгі таңда бөлімшеде жатқан 96 науқастың жағдайы орташа ауыр, 18 адам ауыр халде. Жиырмадан астам пациентке оттегімен дем берілген, бір адам өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстауда.

– Науқастардың 90%-ы вирусты пневмония болып түседі. Жағдайды олардың қант диабеті, ишемиялық жүрек ауруы сияқты басқа да созылмалы аурулары қиындатып жібереді. Пациенттердің барлығы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен хаттамаларға сәйкес ем-домын қабылдап жатыр. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде аздаған қиындықтар бар. Бірақ бұл уақытша деп үміттенеміз. Құрал-жабдықтар жеткілікті. «Казцинк» компаниясы демеушілік жасап, 30 оттегі концентратын алып берді. Қызметкерлерімізге де оңай емес. Бірнеше сағат бойы резеңке қорғаныс киімдерін шешпей жұмыс істейді. Моральдік әрі физикалық тұрғыдан да жұмыстары өте ауыр. Соған қарамастан отбасыларын, бала-шағасын көрмей, жанталасып жүр, – дейді Жандос Талғатұлы.

Инфекция бөлімшесінің жұмысына тартылғандардың 90%-ы осы орталықтың мамандары. Медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі әлі де білінеді. Сол себепті мамандар ешқандай демалыссыз жұмыс істеуге мәжбүр. Тіпті жұмысқа интерндер мен резиденттер, студенттер де жұмылдырылыпты.

Сәуір, мамыр және маусым айларында дәрігерлердің жанкешті еңбегінің арқасында 124 пациент дертінен айығып, отбасымен қауышқан. Күн сайын жиырмадан астам науқас түссе, оншақты адам стационардан сауығып шығып жатыр.

Семейдегі 250 орындық  инфекциялық стационардың бокс бөлімшесінің басшысы Сәуле Қаржаубаеваның сөзіне қарағанда, пациенттердің бестен бір бөлігі ауыр халде түседі. Бұл жерде 21 дәрігер мен 34 медбике екі апта бойы демалыссыз жұмыс істеуде.

– Жалпы айтар болсақ, дәрі-дәрмек те, өкпені жасанды желдету аппараты да әзірге жеткілікті. Қосымша оксигенераторлар болса, артық болмас еді, – деді Сәуле Раушанқызы.

Сонымен қатар дәрігер жерлестеріне қауіпті індетпен күресте сақтық шараларына мұқият болу керектігін ескертті.

– Бұл – жаңа вирусты инфекция. Бізге онымен өмір сүріп үйрену керек. Халықтың 80%-ы ауырып шықпай және иммунитет қалыптаспай, дертпен күресу қиынға түседі. Жұқтырғандардың 70-80 пайызы жеңіл түрімен ауырады. Көбінде қан қысымы жоғары, қант диабеті, артық салмағы бар адамдарда дерт ауыр өтеді. Сол себепті созылмалы ауруларды дер кезінде емдеп отыру маңызды. Дерттің алдын алу үшін әлеуметтік арақашықтықты сақтау, бір-бірімізге жанашыр болу қажет. Егер біз бірге болсақ, кез келген қиындықты жеңеміз, – деді ол.

Ауруханадан емделіп шыққан адамдар өздерінің учаскелік дәрігерлері мен пульмонологтардың бақылауында болады. Мамандар өкпе ауруынан оңалуда, әсіресе тыныс жаттығулары жақсы көмектесетінін айтты. Алайда аурудың жеңіл түрі болса да, өз бетімен антибиотиктер қолдануға, дәрігердің бақылауынсыз  басқа ем-дом жасауға болмайды. Осындай жүйесіз ем-домның салдарынан жағдайды қиындатып, артынша ауруханаға түсіп жататындар да бар.

Облыстың бас пульмонологы Зағрипа Әбдиеваның айтуынша, вирусты пневмонияның ауыр түрінде адамның тыныс алуы қиындап, жиілеп кетеді. Аса ауыр түрінде пациенттерге оттегі беріліп, кейде тіпті өкпені жасанды жолмен желдету қажет болуы да мүмкін. Зағрипа Төкенқызы пациенттердің өз бетімен антибиотиктер қабылдап, вирусқа қарсы препараттармен емделуі оларға диагноз қойғанда және емдегенде қиындық туғызатынын айтады. Осыған орай қазір пульмонологтар, радиологтар мен  инфекционистер коронавирус инфекциясының диагностикасы мен емдеу тактикасын, науқастарды ары қарай оңалтуды қайта қарау қажеттігін көтеруде. Қазіргі уақытта сарапшылар пневмония диагнозын алып тастау қажет деп санайды. Өйткені дәрігерлер шын мәнінде өкпе тіндерінің зақымдануымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл жұқпаның ерекшелігі, вирус адам ағзасына жабысқақ болып келеді және емдеуде тиімді медикаменттер жоқ.

Соған қарамастан мамандар адамдардың дені бұл дерттің жеңіл түрімен ауыратынын ескертеді. Жұқтырғандардың бес пайызында ғана дем жетіспеушілігі сияқты ауыр жағдай болады. Жоғарыда жазғанымыздай, коронавирус жұқпасына ең алдымен, иммунитеті төмен жандар қауқарсыз. Сол себепті жауыр болса да айтайық, салауатты өмір салты, таза ауа мен күн сәулесі, денені шынықтыру денсаулықты шыңдауға, иммунитетті нығайтуға көмектеседі.

Ауруханаларда орын жеткілікті

Бас пульмонологтың мәліметтеріне сүйенсек, жағдай әсіресе Өскемен, Семей қалалары мен Тарбағатай, Жарма аудандарында күрделі.  Алайда облыс басшылығы мен жергілікті атқарушы билік тарапынан дерттің таралмауы және науқастарға дер кезінде көмек көрсету бойынша барлық амалдар қарастырылып жатыр. Мысалы, пневмониямен сырқаттанған науқастар үшін қазір Өскемен мен Семейде сәйкесінше, 50 және 30 төсек-орын ашылған. Жағдайы ауыр науқастар үшін облыс орталығындағы №4 қалалық аурухананың провизорлық бөлімшесінде 60 және Семейдегі жедел жәрдем ауруханасындағы провизорлық бөлімшеде 50 орын қосымша қарастырылған.

– Облыс тұрғындарына стационарда орын жетпей қалады деп қобалжудың қажеті жоқ. Дайын орындардың 70 пайызы толған күннің өзінде дереу жаңа орындар дайындалады, – дейді бас пульмонолог.

Бұған қоса, облыс әкімінің тапсырмасымен бір тәулік ішінде оңалту орталығының базасында қосымша 130 орын ашылады. Сонымен қатар өңірде 269 мобильді бригада жұмыс істейді. Олардың 35-і Өскеменде, 56-сі Семейде жән 178 бригада аудандарда жасақталған. Осы шаралардың барлығы тұрғындар дәрігердің көмегінсіз қалмауы үшін жасалып жатыр.

Айна Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button