«Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асады

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси кеңесі бюросының отырысына қатысып, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Жиында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының жүзеге асу барысы, партия филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңесінің жұмысы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында халық арасындағы жұмыссыздықты азайту мәселелері талқыланды.
«Нұрлы жол» бағдарламасының облыста жүзеге асу жағдайы партия депутаттарының жіті назарында. Бұл туралы облыстық мәслихат депутаты Ержан Нұрбаев баяндады. Депутат бағдарламаға енген көлік-логистикалық жобалардың орындалу барысы жөнінде жергілікті әкімдіктерден мәлімет алып, сол арқылы жағдайды бақылауда ұстағандарын айтады. Ресми орындар берген ақпараттармен шектеліп қалмау мақсатында партия өкілдері жобаларды арнайы барып аралау жөнінде шешімге келіп, кесте түзіпті. Алдағы уақытта аталған жобаларды осы кесте бойынша аралап, мән-жайды өз көздерімен көретін болады.
Омбы-Майқапшағай, Қалбатау-Өскемен бағытындағы жолдар да аталған бағдарламаға енгені белгілі. Нұротандықтар аталған нысандарды бақылауда ұстап, миллиардтап бөлінген ақшаның игерілу барысына да қадағалау орнатқан. Мягкие окна в Алматы
Аймақ басшысы аталған жолдардағы жөндеу жұмыстарына алдағы уақытта қаржы бөлінетінін атады. Ал Өскемен-Рахман қайнары бағытында тек Осинов асуынан айналма жол салу жобасы ғана келер жылы қаржылай қолдау табады. Бұл 32 шақырымдық айналма жол Зырян және Катонқарағай аудандарына облыс орталығымен бұрынғыдан әлдеқайда жылдам қатынауға мүмкіндік туғызады деп күтілуде.
Бағдарлама аясында қолға алынған тұрғын үйлер құрылысы мен энергетика саласындағы ауқымды жобалардың жайы да сөз болды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаев Ұлттық қордан бөлінген қаржы есебінен бой көтеруі тиіс үйлердің құрылысы жөнінде мәлімет берді. «Қазақстан ипотека компаниясы» АҚ, «Ертіс» ӘКК арқылы Өскемен және Семей қалаларында, Ұлан ауданының Қ.Қайсенов кентінде жеті бірдей көппәтерлі үйдің құрылысы қолға алынып отыр. Олардың алғашқыларына халық қоныстандырылып үлгерген. Ұлттық қордан бөлінген қаржының бір бөлігіне қосымша жеті несиелік тұрғын үйдің құрылысы жобаланған болатын. Олардың бесеуі қолданысқа берілді. Бұл тұрғын үйлерге тартылатын инфрақұрылымның шығыны да «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылуда. Бағдарлама аясында 12 жылумен қамту нысанын жаңғырту мақсатында 2,1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінгені де айтылды.
Партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы Михаил Лабуков коррупциямен күресті партия филиалы әуелі өз ішіндегі тәртіптен бастағандарын айтады. Соның арқасында партияның әрбір мүшесінің өз қызметінің тиімділігіне деген жауапкершілігі артса керек.
Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының жыл ішінде қаншалықты тиімді жүзеге асқаны жөнінде партия өкілдеріне басқарма басшысы Айжан Садықова баяндады.
Партия филиалының төрағасы, аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ алдына жеке мәселелерін айта келген тұрғындар әртүрлі тұрмыстық мәселелерді көтерді. Мәселен, Әсия Ретбекова анасы сатып алған жер үйдің мәселесімен келіпті. Оның айтуынша, баспана сатып алынғанымен, оны мемлекеттік тіркеуден өткізбеген. Осының салдарынан үйдің нақты иелері табылып, сот солардың пайдасына шешім шығарған. Бұл мәселенің анық-қанығын таразылау облыс прокурорының орынбасары Василий Олейникке тапсырылды. Қабылдауға келген азаматтардың барлығына көтерген мәселелері заң аясында шешілетіні түсіндірілді.
Есімжан Нақтыбайұлы