Қоғам

Мың орындық қазақ мектебі бой көтереді

Мың орындық қазақ мектебі бой көтереді

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемен қаласының 19-ықшамауданындағы бірқатар құрылыс нысандарында болып, ондағы жұмыс қарқынымен танысты. Сондай-ақ, аймақ басшысы жақында ашылған «Айзере» дүкенінде де болды.
Наурыз мейрамы қарсаңында ашылған «Айзере» дүкені жергілікті халық үшін тосыннан келген үлкен сый болғаны рас. Себебі, мұнда тұрақтандыру қорының өнімін ұсынатын тағы бір әлеуметтік бөлім жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күнге дейін 60 мыңға жуық тұрғыны бар ықшамауданның халқы арасында тұрақтандыру қорының өніміне деген сұраныс ерекше жоғары екендігі байқалған. Енді ғана ашылған сауда нүктесінде ұзын-сонар кезектің қалыптасуы – соның бір айғағындай.
Аталған сауда нүктесіне күнделікті бір тоннаға жуық көкөніс пен бакалея өнімдері жеткізілмек. Мәселен, дүкенде бір келі қант 160, ал макарон өнімдері 125 теңге болса, қарақұмықтың келісі 170 теңгеден саудалануда. Өсімдік майының 5 литрлік құтысы 700 теңгеден ұсынылса, сүттің 1,5 литрі 120 теңгеге бағалануда.
– Дүкенімізде негізінен сиыр еті сатылады. Мұнда етті ешбір делдалсыз өзіміз жеткіземіз, сондықтан бағасы да көңілге қонымды. Бір келі еттің құны 800-850 теңгеден аспайды. Ауылда өзіміздің сою цехымыз да бар. Болашақта қазақы дәстүр бойынша құда табақ, келін табақ дегендей, етті мүшелеп сатуға ерекше ден қоймақпыз. Қажет десеңіз, сүрленген ет те бар бізде, – дейді Ұлан ауданына қарасты Сағыр ауылындағы «Адай» шаруа қожалығының басшысы Жаңылқан Мұхамадиева.
Сауда нүктесінің жұмысымен таныса келе облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ дәл осындай азық-түлікті қолжетімді бағамен саудалайтын дүкендерді жарнамалау жағын күшейту керектігін жеткізді.
Бұдан кейін аймақ басшысы осы маңдағы «Рахат» тұрғын үй кешеніне аялдап, бұл жердегі құрылысы ойдағыдай жүргізіліп жатқан 72 пәтерлік үйдің қазіргі жай-жапсарымен танысты.
Құрылыс жұмыстарын өз мойнына алған мердігер компания «ЖБК» ЖШС бас директорының орынбасары Виктор Сидоровтың айтуынша, қазір құрылыс материалдарынан тапшылық жоқ. Тек Семей мен Павлодардан тасымалданатын кірпіш қана болмаса, қалғанының барлығын өздері жасайды екен. Ол сондай-ақ, аймақ басшысын Қ.Сәтпаев пен К.Маркс көшелерінің қиылысында болашақта бой көтеретін жаңа тұрғын үйдің жобасымен таныстырды.
– Көпқабатты тұрғын үйлер салуды бәсеңдетпеуге тиіспіз. Бүгінгі көргенім көңілден шығарлықтай, дегенмен, болашақта бұдан да жоғары талаптарға сай баспаналар салуға қол жеткізуіміз керек. Қаламызда онсыз да жетіп артылатын бес қабатты үйлердің орнына тоғыз не он екі қабатты үйлер салу жағына ойластыру қажет. Жаңа ғимараттардың бірінші қабаттарын пәтер ретінде пайдалануды қойғанымыз жөн. Оның орнына бұл жерлерде жергілікті халыққа аса қажет болатын дүкен, шаштараз не болмаса, мектепке дейінгі шағын орталықтар ашсақ, әлдеқайда тиімді болар еді, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Бұдан соң аймақ басшысы ықшамаудандағы тағы екі құрылыс нысанының басында болып қайтты. Оның бірі – қабырғалары бірсыпыра биіктікке бой созып қалған мың орындық қазақ мектебі. Оның құрылысымен «Ақмола құрылыс материалдары» ЖШС айналысуда екен. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, 2012 жылдың жазында басталған құрылыс жұмыстары биылғы жылдың үшінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Ал аймақ басшысы ат басын тіреген келесі нысан – осы ықшамаудандағы қан орталығының жағдайы әзірше сол қалпы, сағызша созылған құрылыс жұмыстарының әлі де бітер түрі жоқ. Өңіріміздегі ең «сақалды» да даулы құрылыс нысандарының біріне айналған қан орталығына мердігер тоқтамауының салдарынан жұмыс қарқыны баяулап тұр. Қазір мұнда 25 адам жұмыс істеп жүр екен.
– Бұл іске нүкте қояр уақыт жетті ғой. Құрылыс жұмыстарын қашанғы созуға болады? Қан орталығын тездетіп пайдалануға берулеріңіз керек. Өз тарапымыздан қажет деген көмектің барлығын көрсететін боламыз. Бұл құрылысты биылдан қалдырмай, салып бітіріңіздер, – деген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құзырлы органдарға бұл жөнінде тиісті тапсырмалар жүктеді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button