Музыка колледжі көшірілетін болды
Семей қаласына арнайы жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мен облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжде болып, ондағы жағдаймен жақын танысты.
Қазіргі таңда осы музыка колледжінде облыстың әр түкпірінен келген талантты балалар білім алып жатыр. Ұстаздардың айтуынша, музыкалық колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін көптеген шаруалар атқарылды. Жеке сабақтарға арналған бөлмелер мен би сыныптары, арнайы температура, осының бәрі музыкалық құрал-жабдықтар мен әншілердің дауысы үшін арнайы жарақтандырылған. Бұл колледжде Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, «Астана операның» әншісі Жұпар Ғабдуллина, танымал опера әншісі Медет Чотабаев білім алған. Бастапқыда бұл ұжымды бизнес колледждің ғимаратына көшіру керек деген ұсыныс айтылған болатын. Бірақ ұстаздар қауымы бұл жайсыздау орын деп қарсылық танытты. Колледж директоры Серік Малаев оның себебін:
-Біріншіден, колледжді көшіру мұндағы музыкалық аспаптар үшін өте қауіпті. Бұндағы үлкен рояль мен фортепианолардың бір орыннан қозғалмай тұрғанына жиырма жыл. Әрі оларды орнынан қозғау үшін ғимараттың үстіңгі қабатындағы қабырғаны бұзып, кранды пайдалану қажет. Оның өзінде де бұл жабдықтарды тасымалдау оңай емес. Сынып кетуі әбден мүмкін. Өте бағалы құнды аспаптар қирайтын болса, қалпына келтіру де мүмкін емес. Ал колледждегі ең арзан рояльдің құны үш жарым миллион теңге тұрады. Көптеген музыкалық құрылғы тұрақты температураны қажет етеді. Ал бизнес колледж қыста тым салқын, – деп түсіндірді.
Сонымен, ұстаздар мен студенттер көмек сұрап, «Нұр Отан» партиясының Семейдегі қалалық филиалына, Елбасына, облыс әкіміне хат жазған екен. Жағдай оңынан шешіліпті. Облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықованың айтуынша, арнайы құрылған жұмыс тобы бұл мәселені толық зерттеп, нәтижесінде М.Төлебаев атындағы музыкалық колледж ұжымы бизнес емес, орталықта орналасқан сервис колледжінің ғимаратына көшірілетін болды. Сервис колледжінде алдағы уақытта барлық жағдай жасалынып, ішкі-сыртқы сылақ жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары әбден аяқталғанша ұстаздар қауымы екі маусымда жұмыс істейтін болмақ. Айжан Садықова қымбат, құнды музыкалық аспаптардың арнайы көлікпен тасымалданатынын да жеткізді. Ал босап қалған музыка колледжінің ғимараты 450-дей студентке жатақхана есебінде берілмек.
– Иә, өткен жолы екі жақ келісімге келе алмадық. Енді міне, жұмыс тобы құрылған соң, жағдай оңынан шешілді,-деді контрабасс класы бойынша мұғалім Зината Рахимбай. – Ал мына жаңадан көшетін Сервис колледж орталықта тұр. Жанымызда Қалалық мәдениет сарайы. Тіпті, концерт залын салып береміз деп те уәде беріп отыр. Онда тіпті жақсы болады.
-Мен бұл жағдаймен толық таныстым, мәселені зерттеп көрдім,-деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар. – Бүгінде жаңа мамандықтарға жол ашуымыз керек. Біз неге қобызшылар мен домбырашыларды ғана дайындаумен шектелуіміз керек? Жетіген, үш шекті домбыра, шаңқобыз сияқты аспаптарда ойнайтындарды қашан дайындаймыз? Қашан бұқаралық шараларды дайындайтын режиссерлер мен оранжировщик (өңдеушілер), дизайнерлер мен продюссерлерді дайындаймыз? Бұл үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Бірақ әлі де болса кешеуілдеп, ұлттық құндылықтар мен жаңашыл дүниелерге мән берілмей келеді. Біздің еліміздегі жаңғыз сыбызғышы – А.Мұқышев Шығыс Қазақстанның азаматы. Бірақ оның ізбасарлары жоқ. Өйткені, біз сыбызғышыларды дайындамаймыз. Ол үшін облыстағы ең талантты балаларды жинап алып, кастинг өткізгіміз келеді. Ауыл балалары келіп, өнерден сусындау үшін колледжді кеңейтіп, жатақхана жасау керек. Біз Семей еліміздің рухани-мәдени астанасы дедік емес пе? Колледждегі ешбір ұстаз жұмыссыз қалмайды. Ал студенттер өздері таңдаған мамандықтарын үзбей оқи береді.
Нәтижесінде, ұстаздар облыс әкімі орынбасарының ұсынысымен толық келісті. Енді колледж студенттері жаңа оқу жылын сервис колледжінің ғимаратында бастайтын болды.
Раушан Нұғманбекова
Семей.