Қоғам

Музейде құнды мұра мол

Аудандық музей жұрттың жиі бас сұғып, алуан түрлі мағлұматтар алатын, қол боста әдейілеп кіріп, тамашалайтын орны. Мұндағы жәдігерлер қатары уақыт өткен сайын жаңа заттармен толығып, молая түсуде. Сонымен бірге бұл мекемеде соңғы кездері тақырыптық кештер, тарихи мәндегі кездесулер өткізіліп, тұрғындардың оларға деген қызығушылығы да артып келе жатыр.

Барақ батыр ауылының 56 жастағы тұрғыны Марат Тәткенов музейге көне сырмақты табыс етті. Бұл көненің көзіндей қолөнер бұйымын Мараттың әжесі (әкесінің шешесі) тұрмысқа шыққанда ата-анасы жасау ретінде берген көрінеді. Сырмақтың өте сапалы жасалғандығы бірден көзге ұрып тұр. Сырылғанына бір ғасыр болған сырмақ кей жерін  қаракүйе жеп, аздап бүлінгені болмаса, әлі күнге дейін пайдалануға болатындай жарамды күйде екен.

Ал өнерімен алты алашқа әйгілі болған күршімдік композитор Оралхан Көшеровтің кезінде жұрттың бәріне танымал болып, бертінірек жоғалып кеткен баянын белгілі өнерпаз азамат Аслан Каконовтың жалықпай іздеп жүріп тауып, музейге табыс еткені жайлы кеңінен жазған болатынбыз. Бұл бағалы жәдігердің табылуы тілектес қауымның үлкен қуанышын туғызып, музейдегі кездесудің айтулы кешке айналғаны туралы да баян еткенбіз. Бұдан басқа да бірқатар заттардың музей төрінен лайықты орын алғанына куә болғанбыз.

–  Ел арасында түрлі жәдігерлер баршылық, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің Күршім ауылындағы филиалының меңгерушісі Б.Назарбаев. – Бірақ бұл заттардың иелері әлгі бұйымдарды қомақты қаржыға сатқысы келеді. Оларды да түсінуге болады, бірақ бізге қазіргі уақытта  осындай қажеттіліктер үшін арнайы қаражат бөлінбей отыр. Мен алғаш Күршімге келген 2019 жылы 600 мың теңге ақша бөлініп, бірталай мүліктер сатып алған болатынбыз. Одан бұрын да біршама қаржы бөлініп, осы мақсатта жұмыс істеуге жақсы мүмкіндік туғызылып тұрған екен. Коронавирус пандемиясы   қатаң қыспаққа алған уақытта осының барлығы сап тыйылып, басымызбен қайғы болып кеттік қой.

Өлкетану музейінде көп жылдар бойы меңгеруші болып еңбек етіп, осындағы барша жұмысты жолға қойып кеткен Нұрзия Қалитованың жарқын жолын жалғастырып, келушілердің ықыласына бөленіп жүрген жас та болса алғыр басшы Бақытбек Бауыржанұлының еңбегіне көпшілік разы. Кім келсе де ортақ тіл табысып, үлкенмен де, кішімен де тең сыйласа білетін көпшіл әрі мәдениетті азамат осы қызметте  жүрген үш жылдың ішінде кәдімгідей абырой-беделге ие болды. Барды ұқсата біліп, жоқты түгендеуге барын салып келе жатқан Бақытбектің көненің көзі, тарихтың өзі болып тұрған жәдігерлерге қамқор көзқарасы оған деген жұрт сенімінің нығая түсуіне шынымен себепкер болып отыр.

– Тағы бір айта кететін жай, – дейді Бақытбек бізге осындағы сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енген аңдар мен құстардың тұлыптары орналастырылған бұрышты нұсқап. – Бізде аң мен құстардың түрлері жеткілікті. Бірақ өтініш айтсақ, аңшылар әкеліп сыйға тартатын осынау жануарлардың тұлыбын жасайтын таксидермист маман ауданды қойып, облыста жоқ. Ал мұндай аң, құстарды көздерімен көрмеген балалар үшін осы тұлыптардың маңызы аса зор емес пе? Жақсылап жасалған тұлыптар келушілердің көңілінде аңның өзін тірідей көргендей шынайы әсер қалдырады. Мәселен, мына тұрған қасқыр мен борсықтың тұлыбын өзім барып, Алматыдан алып келдім. Жәдігердің құны, тасымалы  бар, бәрін қосқанда осы екеуінің өзі 400 мың теңгеге түсті. Бірақ өкініш жоқ, өте сапалы жасалған бұл мүліктер енді ұзақ уақыт осы музейге қызмет ететін болады.

Жас басшының жұмысқа деген ынтасын, өзі басқарып отырған мекемеге деген жауапкершілігі мен қамқор пейілін айқын аңғарған біз Бақытбектің еңбегіне табыс тіледік.

Хасен ЗӘКӘРИЯ, Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button