Музей – музалар мекені
Өнердің өлшемі – халық болса, өмірдің өлшемі – өнер. Халық бар жерде қашанда өнердің өлмейтіні рас. Оны өлтірмейтін – музасы. Әншінің музасы – ән, ақынның музасы – өлең, суретшінің музасы – сурет, күйшінің музасы – күй. Ал музейдің музасы не? Оны біз Шығыс Қазақстан Өнер музейінің 30 жылдық торқалы тойы қарсаңында көріп қайттық.
«Сырлы музыкаға құлақ түрген суретші қылқаламын қолына алып сахнаның қақ ортасында тұр. Жапырақтай тапталып, жоғалатын жалған дүниенің бір сәтін суретке бейнелеп үлгеруге тырысып бағуда. Дүниенің дүбірінен құлағын ала қашқан әнші домбырасын баяу қағып, үніне тербеледі. Осы бір тербелісті өлеңінің өрнегіне түсірген ақын баяу ғана үн қатты. «Менің музам – өлеңім». Сол сәтте оған қарсы «Менің музам не?» – деді музей».
Иә, музейдің музасы – өткен өмірдің өрнегі, тарихтың таңбасы, жылдардан қалған жәдігер екен. Әр өнер иесі қолында барын музейге тапсырды. Ол – домбыра, қобыз. сыбызғы, кітап, сурет… Осындай жәдігерлермен жалғасын таба беретін музей қорындағы дүниені қызметкерлері жылдар бойы көзінің қарашығындай сақтайды. Өйткені ол өткен өмірдің өрнегі, мәдениеттің мәйегі іспетті. Бабалар жетістігін болашақ ұрпаққа аманаттап, өткеннен өнеге алу – өмір заңдылығы. Осындай қағидамен қызмет етіп келе жатқан музейлердің бірі – Шығыс Қазақстан Өнер музейі. Өнер ошағының құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Бұл музей – Шығыс Қазақстанда ғана емес, бүкіл республикадағы маңызды мәдени орталықтардың бірі. Қазақстанның көркемөнер музейлерінің ішінде Шығыс Қазақстан Өнер музейі өзінің бейнелеу, әдеби және музыкалық бағытымен ерекшеленеді. Оның жетекшілік бағыты – бейнелеу өнері. Қазіргі таңда музейдің коллекциясында он мыңға жуық экспонат бар. Олардың басым бөлігі – графика, кескіндеме, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер.
Ордалы отыз жылдығын тойлаған музей қызметкерлерін өлкеміздегі өнер иелері ән-жырымен құттықтады. Кеш шымылдығын «Шабыт» студенттер театры ашып, «Музейдің музасы не?» деген сұрақтың жауабын қойылым арқылы көрсетті. Ал музейдің өткені мен бүгіні экранда көрсетілген бейнефильмде қамтылыпты. Бейнефильмде музейде өткен айтулы оқиғалар, ұжымның жетістіктері, музей қызметінің ретроспективасы сипатталды. Экраннан еліміздің түкпір-түкпіріндегі музейлердің, қазақстандық және шетелдік суретшілердің, музейдің бұрынғы қызметкерлерінің құттықтау лебіздері оқылды.
– Бүгінгі өнер өрісін біліп, кешегіге көз салу үшін өнер музейіне келеміз. Осы музейдің негізін қалау үшін қаншама адам тер төкті. Қажырлы еңбектің арқасында отыз жылда осындай жетістікке жетті. Өнер ошағы отыз жылда орда бұзыпты, қырықта қамал алуына тілектеспін, – деді музыкалық шашуын ала келген әнші, композитор Арыстанбек Кәкиев.
Ал «Қазақстандық салалық мəдениет, спорт, туризм жəне ақпарат қызметкерлерінің кəсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстағы филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбекұлы музей ұжымын мерекесімен құттықтап, бірқатар қызметкерге құттықтау хатын тапсырды.
Мерекелі кеш соңында музей директоры Бекайым Ұябаева жиналған жұртқа алғыс айтып, әріптестерін марапаттады. Сонымен қатар «Уақыт талабымен» атты көрмені көпшіліктің назарына ұсынды.
Қызырбек Дүргінбайұлы